Basty bet
Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасы
Тамырын тереңнен тартқан көне көшпенділер жасаған өзгеше өркениеттің мұрагері, көшпенділік өмір салтын өзгертсе де оның рухын сақтап қалған қазақ ұлтының әлемдік мәдениетке қосқан үлкен үлесі сан-салалы, терең толғамды, көп жанрлы дәстүрлі музыкасы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта жаңа тыныс алуға тиіс»,- деп атап өтті.
Ұлы ақын, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, композитор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Шыңғыс тауының бөктерінде дүниеге келген. Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау етіп, қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерді. Ол ұлттық музыкаға да үлкен із қалдырды.
Академик Ахмет Жұбанов: «Абай қазақ музыкасынан ерекше орын алады. Абай әндерінің мелодикасы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі келген қазақ әндеріне ұқсамайды. Абай әндерінің әрқайсының өзіне меншікті өлеңі болды. Бұл жай музыка мен сөздің кәсіпқойлық дәрежеде қосылуы болды. Осының өзі айта қаларлық жаңалық. Абай музыка шығаруға сөз арқылы келді»,- деп баға берді.
Ақын «Көзімнің қарасы», «Не іздейсің, көңілім?», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның хаты», «Сегізаяқ» сияқты бірнеше әні арқылы халықтық музыкаға жаңалық әкелді. Сонымен қатар, ұлы ақынның домбыраға арналған бірнеше күйі бар. Олар «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» атты күйлері мен әндерінен өзара үндестік байқалады.
Абай Құнанбайұлы өзіне арнап бірнеше саз аспабын жасатқан. Өзінің төл ұрпақтары мен айналасындағы әнші-күйші, ақындарға арнап бірнеше домбыра жасатып сыйға берген. Ақынның жеке домбырасы үш ішекті, сегіз пернелі, қалақша пішінді музыкалық аспап. Дыбыс ойығының саны он, қоңыр түсті. Домбыраны Абай мен ақынның ұлы Ақылбай қолданған. Кейінірек жәдігер мұра ретінде Ақылбайдың ұлы Исраилға қалған.
Ұлы ақынның немересі Исраил бұл домбырамен облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып жүрген. 1959 жылы Исраил Ақылбайұлы дүние салып, кейіннен оның қыздары жәдігерді Семейдегі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тапсырған. Ал, 1981 жылы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорына алынды. Қазіргі таңда ол музыкалық аспап аталған музейде сақтаулы тұр. Абай Құнанбайұлының домбырасының осы түпнұсқасынан басқа төрт көшірмесі жасалған.
Қазақтың рухани бойтұмарындай болған Ұлы Абай Құнанбайұлының ән-жырлары, күйлері желісі үзілмей ұлтымыздың ұлағатты музыкалық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа толассыз жалғай береді.
Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
«Үздік өлкетанушы»
төсбелгісінің иегері