Basty bet

Бірлік – біздің қасиетті туымыз!

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза ардагерлер үйінде түрлі ұлт өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев, өзбек, әзірбайжан, славян және неміс этномәдени орталықтарының төрағалары мен белсенді мүшелері қатысты.

Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы алдымен жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
-Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-сессиясында «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз» деген болатын, Яғни, татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажеттігін және бұл жалаң ұран емес, әрбір азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керектігін айтты.
Мемлекетіміздің басты жетістігі – халықтар арасындағы ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өзара түсіністік пен сыйластық болып табылады. Қазақстанда достық пен бірлікті нығайту сөз жүзінде қалмай, күнделікті іс-әрекетімізде басшылыққа алынған. Оның бір дәлелі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы.
Елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасын бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналдыруға барынша үлес қосуда.
Бүгінде біздің қасиетті Жуалы жерінде 11 этнос, 5 этномәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүруде.
Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осындағы барлық ұлттардың татулық пен келісімде өмір сүруінің арқасында баршамыз алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етудеміз. Бұл айтулы мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға толық негіз бар. Елдің өркендеуімен бірге аудан экономикасы да ілгерілеу үстінде. Бейбітшілік пен татулықтың арқасында бізді болашақта бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп тұрғанына сендіргім келеді.
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, әрбір отбасына құт-береке, бақыт тілеймін!
Бір шаңырақтың астындағы халықтар достығы одан әрі жалғасып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!- деді аудан әкімі.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев және қоғамдық кеңестің төрағасы Ә.Уркумбаев та игі тілегін білдіріп, әрі қарайда ауданның, елдің дамуы үшін бір мақсатта жұмылып, ынтымақпен еңбек етуге шақырды.
Өзбек ұлтының өкілі, еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджанов ауданның жылдан-жылға дамып, елдің ырыс-берекесі артып келе жатқанын қуанышпен жеткізіп, туып-өскен өңірі қасиетті Жуалыны әрдайым мақтан ететінін білдірді.
“Әзірбайжан” этномәдени орталығының жетекшісі, денсаулық сақтау саласының ардагері Эсмира Мамедова әзірбайжан халқының Қазақ еліне жер аударылып келгенін, жергілікті халықтың оларға кең пейілділік танытқанын, бүгінде қазақ халқымен дос-бауыр, құда-жекжат болып тату өмір сүріп жатқанына, өзінің осында білім алып, өсіп-өнгенін тебіреніспен жеткізіп, туған ел мен туған жерге алғыс айтты.
Жиналған көпшілікті “Славян” этномәдени орталығының мүшесі Галина Гарифуллина да құттықтады.
Іс-шара аудандық мәдениет үйінің кіші залында марапаттау рәсімімен жалғасты.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы бірлігі жарасқан көпұлтты Тәуелсіз еліміздегі ұлтаралық бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосып аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шараларға белсене қатысып, өнегелі еңбек сіңірген бір топ азаматты Алғысхатпен марапаттады.

Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close