Basty bet
Мерзім таянды, мердігер үлгере ала ма?
Көкбастау ауылдық округі Теріс ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында таза ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс нысанның атауы – Теріс ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жүйесі.
Ауызсу құбыры жүйесінің ұзындығы 13,350 шақырымды, ал сметалық құны 189 млн теңгені құрайды. Тапсырыс беруші аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Мердігер мекеме – «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал, техникалық қадағалаушы «Жамбылэкспертиза» ЖШС болса, жобалаушы «ПУС-Шымкент» жауапкершілігі серіктестігі.
Нысанның құрылыс жұмыстары 15 қазанда аяқталуы керек. Алайда, мердігердің бүгінгі қарқынынан біз ондай нәтижені байқай алмадық.
Құрылыс жұмыстары мамыр айының 15-сінде басталып, Теріс ауылында қазылған шұқырлар, жол шетінде үйілген топырақтар жатты. Әлі де ауыл ішінде шұңқырлардың беті жабылмай, шаң-тозаң болып жатыр. Ал, жұмысты аяқтаудың уақыты жақындап қалды. Мұны ескеріп, жақында құрылыс басына барып, жауапты мердігер «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңірлік директоры Мақсат Маметовпен тілдескен болатынбыз.
Оның айтуынша, барлық материалдар мен техникалар жеткілікті. Материалдар Ақмола облысында орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің зауытынан әкелінеді. Яғни, 95 пайыз қазақстандық өнім.
Құрылыс басында төрт техника жұмыс істеуде. Сонымен қатар, серіктестік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 33 адамды жұмыспен қамтыған. Жұмысшыларға 85 мың теңге көлемінде айлық жалақы төленуде. Одан бөлек, серіктестіктің өзге де жұмысшылары құрылыс жұмыстарын атқаруда.
Қазіргі таңда ауыл шетіндегі көшенің бойында су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. 155 аулаға 88 дана су құдықтарын орналастырған. Көшедегі шұңқырлар 1,80 метрден қазылған. Ұңғыма да қазылып, су 80 метрден шыққан. Су тарту мұнарасы алдағы уақытта әкелініп, орнатылады. Серіктестіктің жұмысшылары ауылға кіреберістегі базда тұрып жатыр. Яғни, базды жалға алып, осында құрылыс материалдары мен техникаларын қойған.
Мердігермен сөйлескеннен кейін ауыл ішіндегі құрылыс жұмыстарын көрдік. Жұмысшылар қазу жұмыстарымен және өзге де тірліктерді атқаруда. Техникаларды тізгіндеген азаматтар да құрылыс басында тиісті жұмыстарды жасауда. Көшелерде шұңқырлары жабылып, су құдықтарының беті жабылған. Бірақ, әлі бітпеген істер көп.
Теріс ауылының тұрғыны Базарбековтер отбасы ауылға таза ауызсу келетініне дән риза. Тек осы жұмыс уақтылы, әрі сапалы орындалса екен деген тілегі бар.
Ал, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Аташбек Әмірқұл жүргізіліп жатқан жұмыста шикілік бар екендігін айтады.
– Ауылдағы кез келген жұмыстың басы-қасында жүреміз. Ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан жақсылық болғандықтан оның сапасына мән беруіміз керек. Бір жасалған жұмысты қайта жасамас үшін де оны қадағалау тиіс. Әрине, қадағалаушы органдар бар. Дегенмен де ауылдың үлкендері болып, ақылымызды айтуымыз қажет. Жұмыстың сапасын біз де қадағалауға тиіспіз. Осы ретте, Теріс ауылындағы таза ауызсу жүйесінің құрылысында бірқатар кемшіліктер бар. Оны біз негізге ала отырып, тиісті орындарға өтініш те жазған болатынбыз. Өтініште ауылдағы құрылыс жұмыстарында технологиялық талаптар орындалмай жатқандығы туралы айтылды. Яғни, трактормен қазылған шұңқыр орларға салынған пластик құбырлардың табанытегістелмей, майда құм төселмей салынды. Кейбір жерлерде қисық құбырлар жатыр. Техникалық құжатта көрсетілген майда құмды біз көрген жоқпыз. Жұмыс асығыс, техникалық қауіпсіздігі сақталмай орындалуда. Шұңқырларды да жылдамдатып көме салған. Мұндай талаптарды сақтамаған жұмыстың нәтижесі көпке бармайтынын дүйім жұрт біледі.
Осы аттас өтінішке келген жауапты Мақсат деген өңірлік директор міндетін атқарушы азамат мойындамады. Себебі, «Біздің кеңсеміз Тараз қаласында, мына жауап Атырау облысынан келген. Бұл күмәнді жауап» деді. Ал, өзі бұл өтінішке «Бұдан былай қадағалаймыз» деп жауап берді. Ол кезде шұңқырлар жабылып қойған. Ал, осы серіктестікте жұмыс істеп жатқан жергілікті азаматтармен тілдескенде «Шұңқырдағы қойылған құбырлардың астына 15-30 см майда құм төселуі керек. Бірақ бізге «оны төсемей жасай беріңдер» деген нұсқау берген. 7 ауылда жұмыс істеп жатырмыз. Бар-жоғы үш-төрт техника, соны ауылдарға бөліп, екі-үш күннен жұмыс істейміз» дегенді айтты. «Егер майда құм төселмейтін болса, оны неге төлқұжатта көрсеткен?» деген сұрақ туындайды. Олар бірнеше күн ашық жатты, соның салдарынан оған бала да, мал да түсіп кетіп жатты.
Одан кейін аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаевпен де сөйлестік. Ол «шұңқырды дайындап, құбырды ішіне түсіргеннен кейін ауа қысымы арқылы тексеріп көруі керек еді. Егер ақау болған жағдайда оны ретке келтіріп, көму керек. Сонда тесік құбырлар белгілі болып, екі әуреге түспес еді» деді. Яғни, құрылыс жұмыстарында кемшілік барына әбден көзім жетіп отыр. Себебі, су айыратын ұңғыманың бетін жапқан қақпақтар әлсіз, сынып жатыр. Сонымен қатар, су құбырларын жүргізу кезінде Замбаев көшесіндегі асфальт жарамсыз болып қалды, – дейді ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Аташбек Әмірқұлдың қолындағы Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаевқа келген «Байсын-А» ЖШС-ның директоры Ж.Қалмағамбетованың жауабымен біз де танысып көрдік. Олар шілде айының 2 жұлдызында жазылған №20-8-341 хатының қосымшасындағы сын-ескертпелерді қаперлеріне ала отырып, жауап жазған. Жауапта су құбыры құрылысы кезінде ұңғымалардың астында сараптамадан өткізіліп, тапсырыс берушімен бекітілген жобалық-сметалық құжаттамада құм қарастырылмаған. Оның орнына жергілікті жұмсақ топырақ қарастырылған. Құм салуға ешқандай негіз жоқ. Қисық пластик құбырлар салынуы мүмкін емес, себебі пластмасс құбыр қабыспайды, майыспайды, ауытқулар болуы мүмкін. Құрылыс жұмыстары тапсырыс берумен шарт жасасқан, лицензиясы бар тәжірибелі техникалық қадағалау инженерлерінің бақылауында. Құрылыс саласындағы жұмыстарға мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша су жүйесінің құрылысы пайдалануға берілгеннен кейін де кеткен ақауларды өз есебінен қалпына келтіруге бес жыл мерзімге кепілдік берген. Сондықтан мердігердің өзі құрылыс жұмыстарының ақаусыз жұмыс істеуіне мүдделі деп жазылған.
Кез келген істің сапалы болуы орындаушының жауапкершілігі мен кәсібилігіне байланысты. Барлығы да ел игілі үшін жасалуда. Бұл құрылыс жұмыстарында мұндай кемшіліктің болуы өкінішті. Бір істі уақытында екінші қайтара келместей жасаған абзал. Бұл уақытқа дейін өзге ауылдардағы ауызсу жүйесі құрылысының жүргізілу барысымен таныстым. Онда құбырларды орнатпас бұрын асты тегістеліп жатқандығын байқадым. Сонымен қатар, ең бірінші көше бойындағы шұңқырларды жаппас бұрын су мұнарасынан суды шығарып, қоршау жүргізіп жатқан жұмыстарды көрдім.
Теріс ауылында бәрі керісінше. Бірінші шұңқырды бітеп, сосын су жібереді. Ертеңгі күні сапасыз орындалған жұмыс бәрібірде өз нәтижесін беретін болады. Ауыл ақсақалдары да осының алдын алу үшін шырылдайды. Бұл орынды да. Көптен күткен қуаныштарының бір сәтте су сепкендей басылғанын емес, ауылдың тұрғындары таза ауызсумен сапалы қамтамасыз етілгенін қалайды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»