Basty bet
Қар көшкінінен САҚ БОЛЫҢЫЗ!
Қар көшкіні – тау шыңдары мен құлама беткейлеріндегі қозғалысқа түскен және төмен қарай құлаған қар массасы. Қар көшкінінің құлау себебі беткейдегі қар жамылғысы биіктеуінен, беткейде жатқан қар алаңының температуралық қысылуынан және қар қайтадан кристалданғанда, қар қабатының ішінде қиыршық горизонттың пайда болуынан туады.
Қар көшкінінің сипаты:
- Қар және мұз көшкіні қозғалысының орташа жылдамдығы 20-30 м/с.
- Қар көшкіні көлемі бірнеше млн.м³-ге, соққы күші 1м²-ге 60— 100 тоннағажетіп, жойқын апаттарға әкеліп соқтырады.
- Құрғақ (қыстағы) қар және мұз көшкінінің жылдамдығы 80-100 м/с.
- Ылғал (көктемде) қар және мұз көшкінінің 10-20 м/с.
Көшкін түсуінің басты себептеріне жатқызуға болады:
- баурайлардағы қар массасының көлемін арттыратын мол қар жаууы
- ауа ылғалдылығы деңгейінің жоғарылауы,
- антропогендік факторлар( механикалық әсер , қатты дыбыс, атыс және т .б.)
- жер сілкінісі (таулар әдетте көшкіннің сейсмикалық қауіпті аймақтарында орналасқан)
Қар көшкінінің алдын алу мақсатында орындалатын қауіпсіздік шаралары:
- Тұрғындарға желді және қарлы ауа-райында, 20-45 градусқа дейінгі қар жамылғысы қалың еңістігі бар тау баурайларына шығуға жол бермеу немесе шектеу қою;
- Сондай-ақ, күн күрт жылығанда немесе қардың қатты еруі кезінде қарлы беткейлерге шығу ұсынылмайды;
- Тауда саяхаттаған кезде қар көшкініне жол бермеу үшін қатты дыбыс шығармау;
- Адамдар арасында 10-20 м аралықпен еңістік бойымен қозғалу қажет;
- Саяхатағы барлық қатысушыларға бірдей аралықта белбеу немесе арқан байлау.
Қыс мезгілінде қолымыз қалт ете қалса, шаңғы теуіп, шанамен сырғанау үшін тау жаққа бет аламыз. Бұл мезгіл сонысымен де қызық. Дегенмен, қыс қызығын тауда сезінгісі келетін жандар қар көшкіні туралы толық ақпаратты біліп жүргені абзал. Статистикалық мәліметтер сүйенсек, қар көшкінінің астында қалған әрбір үшінші адам өз бетінше аман қалады екен. Қар көшкіні кезінде мына қауіпсіздік ережелерін жадыңызда сақтаңыз:
- Қарлы аймаққа шығарда, бұқаралық ақпарат құралдарынан көшкін, ауа-райы туралы ақпаратқа көңіл бөліңіз. Міндетті түрде тобыңызбен хабарлағыш құрылғыларды жадыңызға алып алыңыз. Оған қоса, барлық хабарлағыш құрылғы қосулы тұрғаны абзал. Құрылғыны киіміңіздің ішіне салып қойғаныңыз жөн. Себебі, егер сөмкеңізге салсаңыз, қар көшкіні кезінде сөмкеңізден айырылып қалуыңыз мүмкін;
- Жаныңыздағы серігіңіз көшкін астында қалса, құрылғыны іздеу режиміне қойыңыз. Құрылғы қызметінің радиусы 50 метрге дейін жетеді. Осы аралықта жоғалған серігіңіздің хабарлағышын тапқан уақытта, сіздің құрылғыңыз қатты дыбыс беруі мүмкін. Яғни, сіздің досыңыз құрылғы бағыттаған маңда;
- Егер құрылғы болмаған жағдайда, қауіпті аймақтан жоғалған адамды бір ғана адамның іздегені дұрыс. Ал қалған топ мүшелері оның қимылын бақылап тұрғаны жөн. Себебі, тағы да көшкін пайда болса, оны қар басқан маңды жаттап қалу керек;
- Білектеріңізге қызыл түсті жіп немесе бау тағыңыздар, көшкін кезінде бір-біріңізді табуға септігін тигізеді. Егер киіміңіз қызыл түсті болса, тіптен жақсы;
- Көшкін кезінде биік жерге, мысалы, мүмкіндігіңізше, терекке өрмелеп шығып кетуге тырысыңыз;
- Егер аяғыңыздың астынан қозғалған қабатты сезсеңіз, бар күшіңізді жинап, көшкіннің шетіне қарай ұмтылыңыз;
- Сөмкеңіз бен шаңғыңызды тастаңыз. Себебі, мұндай жағдайда артық жүктің пайдасы болмайды;
- Көзіңізге түскен қандай зат болмасын, тас немесе ағаш болсын, ұстап тұрыңыз. Ол сіздің өміріңізді құтқарып қалуы мүмкін;
- Көшкін астында қалсаңыз, ең бастысы, тыныс алу мүшелеріңізді қар тозаңынан сақтаңыз. Көшкін астында аяқ пен қолдың көмегімен кеңістікке шығуыңыз керек;
- Айқайлауға болмайды, себебі бұл күш жұмсауды керек етеді, және де жоғарғы дыбыс әлсіреткіш қасиетінен сізді ешкім естімейді;
- Құтқарушыларға белгі беру үшін және сақ болу үшін қалғымау қажет.
Бұл мақала таудағы қар көшкіні жағдайын дұрыс бағалауға көмектеседі деген үміттеміз. Қар көшкіні өте қауіпті!
Жуалы аудандық ТЖ бөлімі
Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі