Basty bet
БАЛА ӨМІРІНІҢ ҚАУІПСІЗ ОРТАСЫН ҚҰРУ
Мирзалиева Эльмира Бексултановна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ
Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі, PhD философия докторы
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында айтып кеткендей құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беру, жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек екендігін атап көрсеткен болатын.
Бала дамуы – қоғамдағы негізгі мәселелердің бірі. Баланы дұрыс тәрбиелеу, бағыт беру, қолдау көрсету әлеуметтік ортасымен тікелей байланысты. Ал әлеуметтік ортасы – ол ата-ана, педагог, психолог мамандары. Баланың тәрбиесіне үлес қосушылар өз міндеттері мен функцияларын дұрыс әрі жүйелі түрде ұйымдастырып, қадағалау қажет. Сонымен қатар, қоғамның қарқынды түрде дамуын, қалыптасуын ақпараттық техникалық құралдар мен технологиялардың көптеп енуімен байланыстыратын болсақ, дүние жүзінде болып жатқан келеңсіз жағдайлар, халықаралық пен аймақаралық конфликтілер, психологиялық, денелік, зорлық зомбылықтың өсуі өз-өзіне қол жұмсау мәселесіне ұшыраушылар санын ұлғайтып отыр. Қазіргі кезде адамзаттың өз өміріне балта шабуы-қоғам дертіне айналып барады. Жыл сайын 10-20 миллион адам суицид жасауға бекінеді. Олардың бір миллионға жақыны жарық дүниемен қош айтысады. Алдыңғы қатарлы суицид жасаушылардың отаны ретінде, басқасын айтпағанда, көрші алпауыт мемлекеттер – Ресей мен Қытай, Қазақстанды атауға болады.
Қазіргі таңда, Қазақстанды алаңдатып отырған жәйт бұл, жеткіншек балалардың суицид ауруына көптеп душар болуы. Суицид – қатты қажыған, шарасыздықтан, шаршағанда, немесе бір жағдайда шешімін таба алмай тығырыққа тірелген адамдарда және санасы әлі дамып, жетіліп болмаған жеткіншектік ұл-қыздардың арасында кездеседі. Жеткіншек кезеңде суициалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жеткіншектер арасында ересектерге қарағанда өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ олардың аз ғана бөлігі өздерінің қойған мақсатына жетеді. Суициалдық мінез-құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік сипат, сонымен бірге байбаламдық сипат алады. Психолог-ғалым А.Е.Личконың көрсеткеніндей, тек қана жеткіншектердің 10 пайызы шынайы өлгісі келетін ниет білдірсе, ал 90 пайызы көмекке шақырған жан-айқайы болып есептелінеді. Міне, осы жағдайлардың барлығында педагог-психолог пен отбасының көмегі қажет.
Абай Құнанбайұлының бір сөзінде: «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озбақ. Одан басқа нəрселермен оздым ғой демектің бəрі де – ақымақтық» дегенде айтпағы, озық ойлы адамның басқалардан жоғары тұратындығы екендігінде. Тек мұндай ойшыл адам өздігінен қалыптаса алмайды. Оның танымдық кажеттілігін сусындататын орта болғанда ғана адамның ізденісінде мəн бола бастайды.
«Өрлеу» БАҰО АҚ Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ қызметкерлері мен психологтары балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік әрекет жағдайларының алдын алуға байланысты жұмыс тиімділігін қарастыра отырып, жағымды нәтижелермен қатар жұмыс барысында бетпе-бет кездескен қиыншылықтарды семинар, дөңгелек үстел, конференциялар ұйымдастырып тұрады.
«Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген сөзді Платонның өзі де бекер айтпаған болар. Өйткені ұрпақ тағдыры дегеніміз – ұлт тағдыры. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешіліп отыр. Қазіргі таңдағы ағымда оңай болып отырған жоқ. Біз қайда бара жатырмыз, қандай ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз, алдымызда не күтіп тұр деген сұрақ әрбір ата-ананың, әрбір педагогтың көкейінде болғаны дұрыс.