Basty bet
Шалғай ауылдағы шаштараз
Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылының тұрғыны Айгүл Бүгенбаева өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жанның бірі. Айгүлдің негізгі кәсібі шаштаразшы. Кәсіпкердің тұрғындарға қызмет еткеніне бес жыл. Ол бұл уақытқа дейін облыс орталығы Тараз қаласындағы сұлулық салондарында жұмыс істеген. Отбасы ауылда болғандықтан қалаға барып-келу оған қиындық туғызып жүрген. Себебі, тапқан табысының жартысын екі ортадағы жолға төлейді. Сол себепті көптен бері ауылдан өзінің кәсібін ашуды көздеп жүреді. Алайда ауылда шаштараз ашуға қолайлы орын болмағандықтан жұмысын шаһарда жалғастыруға тура келеді. Осындай мәселелермен жүрген Айгүл ауыл әкімдігіне өзінің өтінішімен қайырылады. Мұндай кәсіп иесі елді мекенге қажет болғандықтан ауыл әкімдігі Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің бос тұрған бөлмесін пайдалануға береді. Қазіргі таңда Айгүл берілген бөлмені тап-таза мұнтаздай етіп жинап, өзінің керекті құрал-жабдықтарын орналастырған. Ауыл тұрғындары да шаштараз ашылғанына дән риза. Әсіресе, әйелдер қауымы. Себебі, бір салтанатты кешке дайындалу үшін сонау шалғайдағы ауылдан аудан орталығына сабылады екен.
Бүгінгі күні Айгүлдің қызметіне ауылдың үлкенді-кішілі тұрғындары жүгінеді. Бағасы да қолжетімді.
Шаштаразшы алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, тұрғындарға қызмет көрсетудің аясын кеңейтуді көздейді.
-Бұл ауылға келін болып түскеніме 18 жыл. Жолдасым Асхан Мансұров Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылындағы газ шаруашылығында жұмыс істейді. Екеуміздің төрт ұлымыз бар. Алды студент, яғни үлкен ұлымыз Рамазан Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде білім алады. Кіші ұлымыз Әліби 4 жаста. Рауан, Аслан мектепте оқиды. Отбасы құрған жылдың алғашқы жылдары бала тәрбиесінде отырдым. Кейіннен осы мамандықты таңдап, кәсіпкерлікке ден қойған жайым бар.
Көптен бері өз ісімді ашуды армандаған едім. Тараз қаласында сұлулық салондарында жұмыс істедім. Тәжірибе жинақтадым. Алайда отбасыма жақын болғым келді. Екі ортада жүру қиындық туғызады. Әсіресе, қыстың күндері. Осы мәселерді ауыл әкімшілігіне айтып, маған бір кәсібімді ашуға лайықты орын сұрадым. Ауыл әкімшілігіне, тұрғындарға рақмет өтінішімді жерге тастамады. Міне, қазір шағын болса да өз кәсібімді ашып, жұмыс істеп жатырмын.
Ауыл адамдары қарапайым әрі жанашыр. Олармен тіл табысу үшін жақсы қарым-қатынас орнату керек. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету керек. Қызметің көңілдерінен шығу үшін өз ісіңді сүйе білуің керек. Сонымен қатар, өнеріңмен, қолыңның ебі болуы тиіс. Ол болмаса, сапалы қызмет көрсете алмайсың, – дейді Айгүл Тұмарқызы.
Қоғамдағы өз-өзін жұмыспен қамтып отырған іскер әйелдердің еңбекқорлығы қуантады. Кәсібінің нәсібін көріп, ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін толықтырып отырған мұндай жандардың баршылығы құптарлық дүние. Ендеше, «Астыңда дөненің болғанша, қолыңда өнерің болсын» демекші, шаштаразшыға бастаған ісінің берекетін көріңіз демекпіз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»