Basty bet

Біздің Саша атанған

кәріқорғандық орыс жігіті Александр Уразовский қайырымдылыққа жаны жақын азамат

Александр Анатолийұлы 1983 жылы бұрынғы Казанка (қазіргі Кәріқорған) ауылында дүниеге келген. Ол – екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосқан, ауылды гүлдендіру жолында аянбай тер төккен Анатолий Уразовский мен Светлана Колагинаның тұла бойы тұңғыш ұлы. Еңбекпен көркейген берекелі шаңырақта Александрдан басқа екі қыз бен бір ұл бүгінде өмірден өз орнын тапқан.

Александр жастайынан жақсы өмірдің тек еңбекпен келетінін, маңдайы терлеп еңбек етпегеннің табысқа жете алмайтынын әке салған соны сүрлеуден көріп өсті. Әкесі Анатолий Бірлік ауылындағы №57 орта кәсіптік-техникалық училищені бітіргеннен кейін М.Горький атындағы ұжымшарда ұзақ жылдар механизатор болып еңбек етті. Шаруашылықтағы барлық науқандық жұмыстардың бел ортасынан табылып, алдыңғы қатарлы механизатор атанды. Қатарынан 15 жыл комбайн, трактор жүргізген. Ауылды көркейтуге қосқан еселі еңбегі ескеріліп, жыл сайын грамоталарға, сыйлықақыларға ие болатын. Анасы Светлана жергілікті МТС-да телефоншы болып еңбек еткен.
Александр 2001 жылы ауылдағы М.Горький (қазіргі Тұрсын Әкімов) атындағы орта мектепті бітіріп, Шымкент қаласындағы автомобиль-жол құрылысы техникумына оқуға түседі. Алайда, екі жылдан кейін оқуын жалғастыруға қаражаты болмай, туған ауылға қайта оралады.
Бұл кезде ауыл шаруашылығы саласында түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан еді. Аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі болып есептелетін М.Горький атындағы ұжымшар тарап, заман ағымымен орнына шаруа қожалықтары құрылып жатты. Отағасы Анатолий де қабырғасымен кеңесе келе, ұжымшардан жер үлесін бөліп алып, «Рассвет» шаруа қожалығын құрды.
Александр отбасылық қожалық құрамында жұмыс істеп, шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне қолғабысын тигізді. Әкелі-балалы Уразовскийлер қолда бар мал басын көбейтіп, дәнді дақылдар мен мал азығын өсірумен айналыса бастады. Біртін келе, аяққа тұрып алғаннан кейін, ауылда игерілмей бос жатқан жерлерді жалға алып, егіс алқаптарын кеңейтіп алды. 15 ұсақ шаруа қожалығының басын біріктіріп, іргелі шаруашылыққа айналды.
2014 жылы Александр отбасылық шаруашылықтан бөлініп шығып, өз алдына бөлек «Алина» шаруа қожалығын құрды. Бүгінде иелігіндегі 250 га алқаптың 50 га көпжылдық екпе шөп болса, 80 га арпалық, 60 га бидай, қалғаны – мақсары. Егіс алқаптарынан алатын өнім де жаман емес. Соның арқасында тұрмысы түзеліп келеді.
Шаруашылықтың машина-трактор паркі өткен жылы лизингке алған екі «МТЗ-952» маркілі екі трактормен жаңарып, төртеуге жетіп отыр.
Шаруа қожалығы өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуды жолға қойып келеді. 140 бас қой, 40 бас ірі қара өсіріп отыр. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуде. Шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылуда. Ауыл тұрғындары Василий Частнов, Ерлан Сапаев, Нұраділ Нұрқасым қожалық қарамағында механизатор болып еңбек етуде.
Малдың қысқы жем-шөбі жеткілікті. Былтыр малдың жеміне арналған екі қамба тұрғызса, биыл 50 бас бордақыға арналған жабық бастырма салды.
Аулада мұнтаздай тазалық көзге ұрып тұр. Қойлар, сиырлар тұратын қоражайлары жинақы, тап-тұйнақтай таза. Малдар әзірге ауыл сыртында тауда бағылуда. Күн салқын түскенде ауылға әкелінеді.
Жастайынан қазақы ортада өскен, қазақшаға судай ағып тұрған Саша көршілес Қоңыртөбе ауылынан қазақ қызы Эльвира Наушабаевамен көңіл жарастырып, 2008 жылы күзде шаңырақ көтерді. Ынтымағы жарасып, берекелі, тату-тәтті тұрмыс кешіп отырған отбасында қазір бес ұл-қыз желкілдеп өсіп келеді. Бәрі де қазақша таза сөйлейді. Тұңғыш ұлы Максим 5 сыныпта, қызы Алина 3 сыныпта, ұлы Даниил 2 сыныпта, қызы Светлана даярлық сыныбында оқыса, Таисия балабақшада тәрбиеленуде. Отанасы, аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істейтін Эльвира бүгінде бала күтімімен демалыста. Ол ұл-қыздарына өнегелі тәрбие берумен қатар, отағасының барлық жоспар-жобаларына қолдау көрсетіп, шаруашылық істеріне жәрдемдеседі. Егін орағы кезінде жұмысшылардың ыстық тамағын дайындайды.
Александр аузын ашса ақ жүрегі көрінетін, қиналғанға қол ұшын беріп, демеу көрсетуге дайын тұратын қайырымды жан. Демеушілік көмек көрсетуден ешқашан шет қалып көрмеген жаны жайсаң азамат жылда дәстүрлі түрде аз қамтылған отбасының бір оқушысына мектеп киімін әпереді, ауылдағы Жаңа жылдық шыршаны безендіруге демеушілік көмек көрсетеді.
Екі жыл бұрын, 2018 жылы Саша құрдастары Арихов Бекжанмен, Қораласбаев Ерланмен бірігіп, жергілікті Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің жанынан артезиан құдығын қаздырып, мектепке ауызсу кіргізіп берді. Бүгінде жігіттер қаздырған артезиан құдығының пайдасын ел-жұрт көріп, алғысын айтуда.
Одан бөлек, Саша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асар» бағдарламасымен Қоңыртөбе ауылының тұрғыны Асан Әбдірәсіловтің тозығы жетіп тұрған үйін күрделі жөндеуге 100 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Көптің күш біріктіруінің арқасында қазір үйдің шатыры шифермен жабылып, жаңа есік-терезе орнатылып, бөлмелердің қабырғалары сылануда.
– Біз қазақы дәстүрмен үйлендік. Александрдың ата-анасы біздің үйге келіп, сырға салып, құда түсіп кетті. Сөйтіп, әке-шешем мені қолдан ұзатты. Ата-енемді қатты құрметтеймін. «Келін ененің топырағынан жаралған» деген мәтелдің жаны бар. Менің мінезім мен тірлігім енеме ұқсайды. Енемнен көп нәрсе үйрендім. Біз отбасында екі ұлттың дәстүрін де қатар ұстанамыз. Мәселен, айт күндері үйде дастархан жайып, мешіттен молда шақырып, құран оқытамыз, өзіміз де үйме-үй аралап жүріп, айттаймыз. Сонымен бірге пасха кезінде орыстың дәстүрлі тағамдарын пісіріп, үйде қонақ күтіп, ата-анамызға қонаққа барамыз. Ата-ана күні деп аталатын рәсімде бейіт басына барып, басын тазартамыз, – дейді Эльвира.
Ауыл тұрмысы жылдан-жылға жақсарып келеді. Былтыр бұлар тұратын көшенің жолы мен жарығы жөнделсе, биыл газ кіргізіліп жатыр. Көшелерге газ құбырлары тартылып, қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауылдық округтегі Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат ауылдарына ауызсу кіргізілсе, келесі жылы округ орталығы – Кәріқорған ауылына ауызсу құбырын тарту жоспарда бар. Өңірде атқарылып жатқан игі істердің барлығын Уразовскийлер отбасы аудан айнасы – «Jańa ómir-Новая жизнь» газетінен қадағалап отырады. Олар ауданның бас басылымын үзбей жаздырып алады.
Осылайша, отбасында сыйлы жар, аяулы әке болып отырған Александр өзінің адал еңбегінің арқасында ауыл тұрғындары мен туған-туыстарының арасында абыройы артып, сый-құрметке бөлене береді. Біз де оған осы жолда сәттілік пен табыс тілейміз!

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close