Basty bet
Базар барсаң, бағаны өзің бағамдарсың…
«Елу жылда ел жаңа» деген. Бастан өткен қасірет қанша ғасыр өтсе де ұмытылмақ емес. Біз қазір де халықтың көрген мұң-қайғысын, қуанышын замана лебімен сезінгендейміз. Биыл адамзат өмірінде болмаған жағдайлар орын алуда. Әлемде аты жаман ауру тарап, бүкіл адамзатты әбігерге салып отырғаны бәрімізге белгілі. «Жұт жеті ағайынды» демекші, коронавирус індетімен қатар әлемнің бірқатар елдерінде саяси ахуал да барынша ушығып тұрғаны да жанымызға батады. Берекеміз кетсе, басқа неміз қалмақ? Береке-бірлігін ойлаған ел ешқашан лаң шығармайды. Осыны түсінетін кез жеткен сияқты.
«Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» немесе «Ауру кірді, әлек кірді» деп тектен-текке айтылмаса керек. Аты жаман ауру деп айтып жүргеніміздей, коронавирустық инфекция таралғалы бері әлем елдерінен маза қаша бастады. Шыны керек, әлем қазір дүрбелең. Ешкімге, ештеңеге де сеніп болмайсың. Қазіргі таңда адамзат ақпарат тасқынының астында қалып отыр. Бұл өз кезегінде алаңдаушылыққа, күмәнді ойларға алып келеді.
Пандемия деп танылған коронавирустық инфекцияның таралуы салдарынан елде карантин талаптары енгізіліп, біршама уақыт бойы ел-жұрт карантин жағдайында өмір сүрді. Біз бұл жерде азық-түліктің қымбатшылығын сөз еткелі отырмыз.
Атап айтар болсақ, онда біз «Жуалы жер жаннаты» базарында тұрғындар күнделікті көп тұтынатын картоп пен сәбіз 100-150, пияздың бір қабы 1800-2000, жүзім 400-500 теңгенің аралығында, болгар бұрышы мен баклажан 200, қырыққабаттың келісі 80, сондай-ақ, лимон мен сарымсақтың әр келісі 1000 мен 1500 теңгенің аралығында саудаланып жатқанына көз жеткізген болатынбыз. Мұнда сауда жасаушы кәсіпкерлер сауданың жоқтығын айтады. Қызанақ жабу науқанында ғана сауда қызу жүрген. Қазір сауда жоқ дейді олар. Саудагерлердің бізге айтқан тағы бір базынасы, азық-түлік жәрмеңкесін ауылдың төменгі бөлігіндегі «Мадина» сауда орталығында емес, базар маңында өткізуге мүмкіндік жасау керектігін айтады олар.
Келесі кезекте «Алтын ұн» ұн және жем сататын дүкенге бас сұқтық. Дүкеннің әкімшісі Серік Әлімбеков Тараз және Шымкент қалаларындағы диірмендерден жеткізілетін жоғары сұрыпты ұнның 50 келі тартатын бір қабы 7500 және 8500 теңгенің аралығында сатылып жатқанын айтады. Бұл дүкенде ұн және жем өнімдерімен қатар өсімдік сұйық майы мен құмшекер де сатылады. Дүкен әкімшісі соңғы бір аптаның ішінде бес литрлік сұйық майдың бағасына мың теңгеге жуық үстемақы қосылып отырғанын, мысалы, Өскемен қаласындағы май зауыттарының бірінде өндірілетін «Маслозавод №1» маркалы майы 1900 теңгеден сатылса, ал ендігі кезекте 2800 теңгеден сатылып жатқанын айтады. Тосап қайнататын жаз бен күз мезгілінде көтерілетін құмшекердің бағасы да 5000-нан 7000 теңгенің үстіне бір-ақ шыққан.
Дәл қазіргі мынадай күрделі кезеңде кәсіпкерлерге қолдау қажет деп есептейміз. Мысалы айтар болсақ, халық ең бірінші кезекте ұнды көп тұтынады. Онсыз болмайды. Кәсіпкерлердің көбісінің жоғары пайыздық несиеде отырғанын ескерсек, диірмендерден жоғары бағамен жеткізілетін азық-түлік тауарларына қол жеткізу қарапайым халыққа да оңай тимейтіні анық. Биыл шаруалар жылдағы көрсеткіштен жоғары астық бастырған. Соған қарамастан ұнның бағасы төмендейтін түрі көрінбейді.
Басқасын айтпағанның өзінде қантқа қажетті шикізат өзімізде өсіріледі. Қайбір жылдары мемлекеттен тапсырыс болып, аудан шаруаларына қант қызылшасын еккізді. Қызылшаны жинап алатын уақытта кейбір шаруалардың өнімі қардың астында қалып, орасан зиян шекті. Ал кейбірінің өндірген өнімдерін Меркідегі қант зауытына өткізіп, кейіннен ақшаларын ала алмай сергелдеңге түскенін де құлағымыз естіген. Сонда қалай? Бұл бір емес, санамалай берсеңіз, мұндай жағдай қай салада болсын көптеп кездеседі.
«Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар халқымызда. Май, қант бағасының қымбаттағанына қарапайым тұтынушы емес, кейбір көтерме сауда дүкендерінің де иелері наразылық білдіріп отыр. Мысалы, «Меруерт» дүкен-супермаркетін жалға алып, сауда жасап отырған азамат Қали Қамбарбеков сұйық май мен құмшекер бағасының көтерілуіне наразылық білдірді.
-Жалғыз бұл ғана емес, халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларына біршама құн қосылып отыр. Несін жасырамыз оны. Жақында сұйық май мен қант, Ресейден әкелінетін кеуірттің бағасы екі есе көтерілді. Аталған тауарлардың қоры таусылуға жақын. Менің ойымша, бағаны көтеріп отырған өндірушілер емес, ортада жүрген делдалдар, анығын айтқанда тауарды алыпсатарлар. Олардың көздегені – молынан табыс табу. Ал базардағы бағаны бақылап, баға, нарық саясатына нақты көзқарас тұрғысынан баға беріп жатқан бірде-бір мекемені көрмедік. Азық-түлік бағасына реттеу жасаймыз деген ниетпен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері келіп, кетіп жатыр. Олардан не пайда? Азық-түлік бағасы қымттағанның үстіне қымбаттап барады. Нарықтың ешкімге де бағынбайтынына көзіміз жетіп отыр. Дүкендерге қымбат бағамен келген соң тиісінше, біз де жоғары бағамен сатамыз,- дейді ол.
Зерделеу барысында басқа да азық-түлік дүкендеріне кіріп, бағаның біршама өскенін байқадық. Дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мен орналасау реттілігі де көңілімізден шықпады. Көп дүкендерде әлеуметтік маңызы бар тауарларға арналған бұрыш болғанымен, онда атауы көрсетілген тауарлардың түрлері мүлдем жоқ.
Одан кейін ет «Дары природы» жабық базарының ет сататын орнына бас сұқтық. Өзін Толғанай Перленбетова деп таныстырған егде жастағы апай мұнда сиыр еті 1900, қой еті 2000, ал жылқы еті 2100 теңгеден сатылып жатқанын айтады. Мұнда да сауда жасаушылардың бізге айтқан уәжі, сауда орнының жалдау ақысы, оның ішінде жылу мен жарыққа, басқа да қызметтерге едәуір шығынданатынын айтады. Оның үстіне біз барғанда қызу сауда жасап жатқан адамдарды байқамадық. Әр саудагер аптасына бір ірі қараның етін әзер өткізетінін жеткізді.
Коронавирустық инфекцияға байланысты жарияланған төтенше жағдай режімі кезінде көптеген мекемелердің жұмысына шектеу қойылғанымен ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірушілердің жұмысына еркіндік берілді. Шаруалар төтенше жағдайға қарамастан көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып, жерін жыртып, егінін септі. Жаз бойы баптап қарады. Соның нәтижесінде болу керек, ауа райының құрғақ болуына қарамастан елімізде ауыл шаруашылығы өнімдері жылдағыдан біршама артық өндірілді. Өндірілген өнім қазіргі уақытта облыс орталығындағы, аудан орталықтарындағы базарлар мен сауда орындарында саудалануда. Сонымен қатар, ел аймақтарында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған жәрмеңкелер де өткізілуде. Мұның бәрі тұрғындардың қыстық азық-түлік қорын жасақтауға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінен көрсетілген «Ашық алаң» бағдарламасында дәл осы азық-түлік қауіпсіздігі туралы мәселелер қозғалды. Онда «Қазақстан фермерлер қауымдастығының» атқарушы директоры Асқар Мәуленов елімізде астық жинау науқаны толықтай аяқталып, жекелеген облыстарда дәндік жүгері мен күріш, қант қызылшасының жиналып жатқанын айтады. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов елімізде сүт өнімдерін өңдеудегі бірқатар кемшіліктерге тоқталып, оның ішінде бұл бағытта 2018-2019 жылдары кооперация құрылып, бұл жұмыстар іле-шала тоқтап қалғанына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, сүт зауыттарына берілетін субсидияны арттыру мәселесі әлі де қарастырылуы қажет. Шынында елімізде шаруалардың субсидияға қол жеткізуінде бірқатар проблемалар бар. Көтермеақыны тек ірі шаруашылықтар ғана ала алады.
Қалай десек те, халық күнделікті тұтынатын әрі халыққа қажетті азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол берілмеуі керек емес пе?! Бір өкініштісі, дәл қазір нарық пен халық арасында туындап отырған өткір сұрақтарға ешкім де мандырымды жауап бере алмайды. Базарға барғанда біздің бағамдағанымыз міне, осы…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»