Basty bet
Рухани тойымыз болмақ
Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстаннан» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқып шықтым. Мақалада Президентіміз Абай сөзінің, Абай ілімінің бүгінгі заманымыз үшін көкейтестілігі, ақын шығармашылығынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскісі келетінін білдіре отырып, әлеуметтік маңызы зор, өзекті қағидалар жүйесін ұсынды.
Қазақтың мінезі, қазақтың ұлылығы, қазақтың өмірі, қазақтың ұлттық құндылықтары туралы Абайдан артық ешкім жазған жоқ. Сондықтан Абайдың тойы – ол халқымыздың құндылықтарының, яғни рухани тойымыз. Сол себептен Абайды біз ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек.
Абайдың тойына барлығымыз үлес қосуымыз керек.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінде алда тамыз айында «Абайдың қара сөздерінің тағылымы» атты дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отырмыз. Шара музей қызметкері өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтің жетекшілігіндегі «Тарих тағылымы» атты үйірме мүшелерінің арасында өтеді. Үйірме мүшелері ауданымыздағы барлық мектептердегі тарихымызды тануға құштар шығармашыл жастары. Одан бөлек те жыл бойына түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Президент мақаласында Абай тойы әркімді ойландыратын жалпыхалықтық іс болса деген ниет білдірген. Өте орынды пікір. Президент сөзі қоғамға бағдарлама қызметін атқарады деген сенімдеміз. Рухани тойымыз Президентміздің мақаласымен ашылғанына өте қуаныштымыз.
Мұса Шонбаев,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры