Basty bet
Мал шаруашылығы – АТАДАН қалған кәсіп
«Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек» демекші, жалпы әлемдік тәжірибеде халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлік ісін ашу, не болмаса жұмыс табу мен кәсіп көзін ашуға көмектесу кез келген мемлекеттің саяси басым бағыттарының біріне жататыны белгілі. Қазіргі таңда біздің елімізде де тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті. Осы орайда кейінгі жылдардың бедерінде мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік істерін ашуға мемлекет тарапынан қолдаулар жасалуда. Соның бірі ретінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын атап айтуға болады.
Бүгінде ел өңірлерінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының тумасы Алмаз Аманбаев – аталған бағдарлама аясындағы «Бизнес-Бастау» жобасымен қайтарымсыз грантты жеңіп алған азаматтың бірі.
Алмаз Шәріпұлы 2005 жылы осындағы Амангелді атындағы орта мектепті аяқтап, Тараз қаласындағы «Тараз ғасыр» колледжіне «Алғашқы әскери дайындық» мамандығымен оқуға түседі. Оқуды 2008 жылы бітіріп, туған ауылына қайта оралады. Алмаздың сол тұстағы мақсаты ауылдағы атасынан қалған тірлікті әрі қарай жалғастыру болатын. Өйткені, ол әке-шешесінің емес, атасының қолында тәрбиеленген бала еді. Атасы марқұм, білім беру саласының білгір маманы Қуандық Аманбаев Алмазды кішкентайынан өзі тәрбиелеп өсіреді. Көзі ашық, көкірегі ояу қария білгенінің бәрін немересінің бойына дарытып, әсіресе мал шаруашылығын, төрт түлік малды қалай бағу, күту керектігін үйретіп кетті.
-Мен алғаш рет осындай бағдарламаға қатысып қомақты қаржы ұтып отырмын. Бұл мемлекеттік бағдарлама жайлы, оның тиімділігі мен мақсатын туыстарымнан естідім. Олар маған мал шаруашылығымен айналысып отырғанымды айтып, құжаттарымды жинақтап осы мемлекеттік бағдарламаға тапсырып көруді ұсынып, нақты бағыт-бағдарлар берді. Сол бағыт-бағдар арқылы құжаттарымды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына өткізіп, өткен жылы тамыз айында бір ай уақыт онлайн курста оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп шықтым. Ал қыркүйек айында мал шаруашылығы бағытында, дәлірек айтқанда, ет бағытында бордақылау кәсібі негізінде 555 мың 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражатын алдым. Ол қаржыға екі құнажын мен бір сиыр сатып алдым.
Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы атадан қалған ежелгі кәсіп. Өзім бұрыннан ұсақ мал сатып алып, оларды бордақылап Тараз қаласындағы ет комбинатына өткіземін. «Балауса» деп аталатын шағын шаруа қожалығымыз бар. Бұл шаруа қожалықты көзі тірісінде атам басқарған, мен үнемі атамның жанында жүріп білмегенімді үйреніп, біршама тәжірибе жинақтадым. Шаруа қожалығымызға тиеселі егістік жеріміз бар. Сол жерді ерте көктемде жыртып, оған егін егіп, күзге қарай жинап, малдың жемшөбін дайындаймыз. Егер өзіңнің егістік жерің болмаса өте қиын. Жемшөптің бағасы өте қымбат. Малды ұстап, баққаныңа да татымайды. Өйткені төрт түлік малды күтіп бағу оңай шаруа емес. Атам қайтыс болғаннан кейін бүкіл шаруашылықтың жұмысын өз қолыма алдым,- дейді Алмаз Шәріпұлы.
Кәсібінен нәсібін көріп отырған жас кәсіпкер осындай пайдалы бағдарламаның барына қуанып: «Бұл бағдарламаның көптеген жұмыссыз азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға пайдасының тиіп жатқанына қуаныштымын» дейді. Сонымен қатар, ол әңгіме барысында өзінің алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Соның бірі кәсіпкердің төмен пайызбен несие алуға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тағы да құжаттар өткізіп шаруашылығын одан әрі кеңейтсем деген ойы құптарлық. Болашақта сауынды сиырдың басын көбейтіп, жылқы алу да жоспарында бар.
-Отбасымда төрт баламыз. Артымнан ерген үш қарындасым бар. Әкем Шәріп Қуандықұлы мал шаруашылығымен айналысады. Ал, анам Шарипа Қамбарбекқызы Амангелді атындағы орта мектепте психолог болып жұмыс істейді. Өзім кішкентайымнан атамның қолында өстім. Ата тәрбиесін көріп өскенімнен болар, қазір сол кісінің бастап берген тірлігін жалғастырып жатқан жайым бар. Қазіргі таңда өз отбасыммен атамның үйінде, яғни қара шаңырақта тұрамын.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмас» деген халқымызда жақсы сөз бар. Осыны ұстанып, 2014 жылы Байзақ ауданының тумасы Анар Ниязханқызымен шаңырақ көтердім. Келіншегім маған көмектесіп, отбасылық кәсібіміздің алға басуына септігін тигізуде. Екеуміз Шұғыла есімді қыз тәрбиелеп отырмыз.
Еліміздің кәсіпкерлік саласын дамытуға біздің ауданның тұрғындары да өз үлестерін қосып отырғанына қуаныштымын. Мен де мал шаруашылығын дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Кәсібімді кеңейту басты мақсатым, – дейді қайтарымсыз грант иегері Алмаз.
«Кәсібің – нәсібің» демекші, әр адам қолға алған ісінің көзін тауып, табысқа жетіп, өзін-өзі, қала берді отбасы мүшелерін жұмыспен қамти білсе нұр үстіне нұр болмақ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»