Basty bet
«Тәуелсіздік – таңғы нұр, Туған жерім – мәңгі жыр!»
жуалылық қаламгерлер туған жерінде бас қосты
Қасиетті Әулиеата, Жамбыл өңірінің аты атала қалса, ең алдымен осы өңірде туып, осында түлеген таутұлғалы қайраткер азаматтар, облысымыздың даңқын асқақтатып, жұлдызын биікте жарқыратқан Социалистік Еңбек Ерлері және генералдар, атағы әлемге мәшһүр спортшылар мен өнер қайраткерлерінің есімдері бірден ойға оралатыны анық.
Иә, Жамбыл облысының ең бір құйқалы өңірі саналатын қасиетті Жуалы ауданында да мұндай даңқты тұлғаларымыз аз емес. Жуалы жерін былайғы жұртшылық «Батырлар мен генералдар өлкесі» деп атайды. Өйткені, бұл өңір даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, ірі әскери қайраткер, әскери әдебиеттің негізін қалаған Бауыржан Момышұлы, 13 бірдей генералды түлеткен, спортшылар мен ақын-жазушыларға тұғыр болған қасиетті өлке. «Тұлғасы жоқ елдің, тұғыры жоқ» демекші, туған өлкесінің даңқын өрлеткен тұлғалардың өмірі мен еңбек жолынан кейінгі жас ұрпақтың үлгі-өнеге, тағылым алуы – өте маңызды іс.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани» жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кеңінен айтылған осындай мақсат-міндеттерге сәйкес, ұрпақтар сабақтастығы, халықтың ұлттық кодына, өткені мен болашағына, тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген құрметі әсіресе кейінгі жылдары кең өріс алуда.
Әсіресе, мұндай маңызды іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойының құрметіне көптеп өткізілу үстінде. Әлбетте, бұл ең алдымен жас ұрпақтың өз Отанын сүйетін патриот, елжанды болып өсуі үшін қажет. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында ауданда тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың қолдауымен және аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің және аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік – таңғы нұр, Туған жерім – мәңгі жыр!» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. «Достық» мәдениет үйінде өткен тағылымдық іс-шараға ауданнан түлеп ұшқан, бүгінде елордасы – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жемісті еңбек етіп жүрген қаламгерлер, ұлағатты ұстаздар шақырылды.
Шараға шақырылған қонақтардың арасында ұлағатты ұстаздардан – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, аудан мектептерінде 30 жылдай ұстаздық етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосқан, ҚР мемлекеттік білім стандартын, оқу бағдарламаларын, 30-дан астам оқулық пен оқу құралдарын дайындап, авторлық ұжымда еңбек етіп келе жатқан ғалым ұстаз, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Сәбит Дүйсебаев, ардагер ұстаз, еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Ақ әжелер» халықтық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Күміс Пармашқызы, ұлағатты ұстаз, ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің профессоры, Жазушылар одағының мүшесі Гүлтас Сайынқызы, жезтаңдай диктор, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың және теле-радио байқауының «Алтын жұлдыз» иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ұлжан Пармашқызы бар.
Ал қаламгер-жазушылардан – журналист-саясаттанушы, жазушы, ақын, сазгер, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. ҚР-на еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің үздік қызметкері Мырзахан Ахмет, жазушы-сатирик, режиссер, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры, Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жүлдегері, 30-ға жуық деректі бейнефильмдердің авторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының иегері Доқтырхан Тұрлыбек, халықаралық журналист, жазушы, «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» Қасым Әзімхан, журналист-жазушы, «Тоғанай Т» ЖШС-ның директоры, балаларға арналған «Жыл он екі ай» альманағының бас редакторы. «Жуалы» атты тарихи-танымдық кітап авторларының бірі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Талғат Айтбай, Қазақстан Журналистер одағының Қ.Сағындықов атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Баспа ісінің үздігі Талғат Сүйінбай, журналист-жазушы, «Даналықты тану», «Біздің сөз» кітаптарының авторы, КСРО Журналистер одағының жүлдегері Жақсылық Жүніс, жазушы-сатирик. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Толымбек Әлімбекұлы сынды танымал қаламгерлер бар.
Тағылымдық іс-шараның тағылым алар тұсы, ерекшелігі сол, шараға шақырылған қадірлі қонақтар алдымен өз туған ауылдарына барып, сондағы жақсы, игі істердің куәсі болды. Кездесу әр ауылда әртүрлі форматта ұйымдастырылды. Қонақтар сол күні ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, бір сәт балғын балалық шақтарын да еске түсіріп, туған-туыстарымен рухани кездесуге мүмкіндік алғаны анық.
Қадірлі қонақтарды алдымен аудан әкім Олжас Қаржауов қабылдады. Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залындағы кездесу емен-жарқын әңгімелесу, еркін пікірлесу форматында өтті. Аудан басшысы Олжас Есалханұлы өз сөзінде, тәуелсіздік жылдарында өңірдің жеткен жетістіктерін сөз етіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елдің рухани-мәдени дамуына ел өңірлерінде қызмет істеп келе жатқан жуалылық ұстаздар мен қаламгерлердің қосып отырған үлестерін мақтанышпен атап өтті. Қонақтар да өз кезегінде әдебиет пен мәдениет, руханият, жас ұрпақтың тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы туралы мағыналы әңгіме қозғады.
Сонымен, түлектердің туған ауылдарындағы кездесулерінде аудан басшылығынан да жауапты қызметкерлер және ауданның қадірлі азаматтары қонақтармен бірге ілесіп жүрді. Қошқарата ауылындағы сондай тағылымды кездесуге өзіміз де куә болдық. Айта кету керек, ауылдың 1954 жылы туған азаматтары, дәлірек айтқанда, осындағы №9 Абай атындағы орта мектепті 1971 жылы бітірген түлектердің демеушілігімен биыл мектептің екінші қабатында туған өлке тарихына арналған мұражай жабдықталған болатын. Бұл іске мұрындық болып жүрген журналист-жазушы Талғат Айтбайұлы ағамыз.
Мектеп мұражайында осынау «қара шаңыраққа» қатысты дүниелер, оның ішінде жазба деректер, мектептің құрылу тарихы, онда қызмет еткен ардагер ұстаздар жайлы ақпараттар, фотоқұжаттар, түлектер мен ұстаздардың авторлық кітаптары, газет тігінділері, т.б. құнды дүниелер қойылған. Тақтада ардагер ұстаздар мен түлектердің (оның ішінде әр салада қызмет істеп жүрген танымал түлектер бар) суреттері мен еңбек жолдары, шығармашылықтары көрініс тапқан. Айта кету керек, мұнда ауылдың түлегі, қаламы қарымды жазушы Т.Айтбайұлының құрастыруымен жарық көрген «Желтоқсан жаңғырығы» атты көптомдық кітапқа да орын берілген. Бүгінде аталған кітаптың 12 томы жарық көрсе, тағы да үш томы баспаға дайын тұр.
«Жомарт түлек» деп аталатын іс-шараның аясында мұражайдың салтанатты ашылуы болды. Оның лентасын аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ардагер ұстаздар Әбдімәжит Дәуренов пен Кенжебек Тасболатов қиды. Кездесу қонақтары мұражайды аралап көріп, ондағы құнды дүниелермен танысып шықты. Іс-шара одан ары қарай мектептің акт залында «Жомарт түлек» атты кездесу кешімен жалғасты. Онда кеш қонақтарынан ардагер ұстаздар және түлектер жалпы тәуелсіздік тағылымы, оның ішінде халқымыздың азаттыққа қол жеткізу жолындағы шешуші көтеріліс болған «Желтоқсан көтерілісінің» ел тарихындағы алар орны туралы тағылымды әңгіме қозғалды.
Атап айтқанда, Желтоқсан көтерілісі туралы жан-жақты зерттеп, ондағы шындыққа толы фактілер мен оқиғаларды кітап етіп басып шығаруға, баспасөз беттеріне жариялауға қажырлы еңбек етіп жүргендердің бірі – Талғат Айтбайұлы. Ол өз сөзінде, ел тәуелсіздігінің тарихында әйгілі «Желтоқсан көтерілісінің» алар орнының ерекше екенін, сонымен қатар, «азаттық, теңдік сұраған» патриот жастардың сондағы ерлік істерінен жас ұрпақтың тәлім алуы қажет екенін баса айтты. Сонымен бірге, мектеп мұражайын жасақтауға да осындай тәлімдік тәрбиелік құндылықтардың әсері мол болғанын, оны алдағы уақытта толықтыру қажеттігін де жеткізді.
Кеш қонақтарын аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, туған ауылындағы мектепті рухани тың дүниелермен байытуға үлес қосып отырған түлектердің бұл ісінен кейінгі жас буынның үлгі-өнеге алатынын баса айтып, жиналғандарды ел егемендігін тұғырлы ету үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
Иә, бұл күні Жуалы ауданының түкпірінде орналасқан Қошқарата ауылындағы кездесу кешіне келген қадірлі қонақтардың арасынан елімізге белгілі ақын, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы Болат Шарахымбай және кәсіпкер Ордабек Құматаев, әнші, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Желтоқсан желі», «Фариза» сияқты халық арасында кең тараған әндердің авторы Әбиірбек Тінәлиев те табылып, тәуелсіздік туралы мағыналы, әсерлі әңгімелердің тиегін ағытты.
Шара ары қарай ауылдық мәденит үйінде «Тәуелсіздік – ән-жырым!» атты ауыл күндерімен жалғасын тапты. Қошқарата ауылдық мәдениет үйінің ауласында ұлттық нақыштағы көріністер көрсетілді. Оның ішінде ұлттық тағамдар қойылып, ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсетілді. Мерекелік концертте шараға жиналған ауыл тұрғындарын аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков құттықтап, еңбек озаттарына мәслихаттың Алғысхатын тапсырды. Сонымен бірге, ауылдың бірқатар үлгілі жастары «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғысхаттарына ие болды. Оны аудандық мәслихаттың депутаты Мейіржан Телеушов тапсырды.
Иә, дәл осы күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және шаруашылық басшылары мен жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен аз қамтылған отбасыларға азық-түліктей қайырымдылық көмектер көрсетілді. Осы орайда ауылдағы «Серік» ШҚ басшысы М.Әбдіқадыров жыл сайын жеті ұсақ мал таратуды дәстүрге айналдырған. Биыл да ол аз қамтылған, күнкөрісі төмен жеті отбасына жеті бас ешкі төлін берді. Одан бөлек, ауылдан шыққан жеке кәсіпкер, аудан орталығындағы «МЕР» дүкенінің иесі Л.Нүрпейісова да қайырымдылық шараларынан қалыс қалып көрген емес. Бұл күні жеке кәсіпкердің атынан тұрғындарға азық-түліктей көмек көрсетілді.
Мереке қарсаңында Қошқарата ауылындағы ауызсу жүйесінің ашылуы, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жөнделген үйдің ашылуы болды. Ауызсу туралы айта кетсек, ауылдағы ауызсу жүйесінің құрылысын мердігер мекеме «Агроспецмонтаж» ЖШС жүргізген. Қазіргі таңда ауылда барлығы 164 аула таза ауызсуды тұтынып отыр. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы аясында биыл асыраушысынан айрылған апалы-сіңлілі Өтебаевалардың тұрғын үйі демеушілердің есебінен жөндеуден өтіп отыр. Бұл үйге де демеушілер тарапынан азын-аулақ үй жиһаздары тарту етілді.
* * *
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Тәуелсіздік – таңғы нұр, Туған жерім – мәңгі жыр!» атты әдеби-сазды кештің қадірлі қонақтары түс ауа аудандық «Достық» мәдениет үйіндегі кездесу аясында өнерді сүйетін, әдебиет пен руханиятты қадірлейтін жуалылықтармен жүздесті. Кешке аудан мектептерінен және газет пен кітапты сүйіп оқитын оқырмандар мен ардагерлер шақырылғанын айта кеткіміз келеді.
Кештің қадірлі қонақтарын аудан әкімі Олжас Қаржауов құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде, жиналған қауымды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтай келе:
-«Ақынын ардақтаған ел – бақытты» демекші, осынау мерейлі мерекенің қарсаңында жуалылық ұстаздар және ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл кездесу – жас ұрпақ үшін тәлім алар тағылымды шара болмақ. Отанды сүю – абыройлы іс. Алдағы уақытта да білім-біліктеріңізді ел игілігіне жұмсайтындарыңызға сенімдімін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, мол табыстар тілеймін!
Елдігіміздің жарқын белесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы баршаңызға игілік пен жақсылық алып келсін,- деді Олжас Есалханұлы.
Ары қарай кеш қонақтарына кезегімен сөз берілді. Онда ардагер ұстаз, «Ақ әжелер» халықтық-этнографиялық ансамблінің көрекемдік жетекшісі Күміс Пармашқызы, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Сәбит Дүйсебаев жуалылық жерлестерін ұлық мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды. Одан соң сөз алған ақын, сазгер, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің үздік қызметкері Мырзахан Ахмет, жазушы-сатирик, режиссер, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры, Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жүлдегері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының иегері Доқтырхан Тұрлыбек те тәуелсіздік, әдебиет пен мәдениет, Түркі әлемінде Қазақ елінің рөлі туралы кеңінен әңгіме шертті. Кеш жүргізішісі қойған сұрақтарға да жан-жақты жауап берді. Ал сазгер Мырзахан Ахмет көрерменге өзінің орындауында «Жуалы» әнін тарту етті. Осы ретте кеш барысында мағыналы сөз сөйлеген жазушы Д.Тұрлыбектің жүрекжарды лебізін сөзбе-сөз келтіргенді жөн көріп отырмыз.
-Қымбатты жерлестер! Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын.
Жалпы айтатын болсам, Түркі дүниесінде Қазақстанның алатын орны ерекше. Өйткені, Қазақ елі Түркі әлемінің қара шаңырағы саналады. Бұл пікірді Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев айтып отыр. Түркітілдес халықтардың туыстығын сақтап, оны нығайтуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесін баса айтуымыз қажет. Осы түркітілдес халықтардың ішінде қазақтың тілі ең шұрайлы тілдердің бірі саналады. Осыны естен шығармаңыздар.
Мен басқарып отырған Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы түркітілдес халықтардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттайды. Түрлі деректі фильмдер түсірумен айналысады. Қазақтан шыққан ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы түсірілген деректі дүниеміз үшін Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жүлдегері атандық. Бұл бір маған ғана емес, қазақ халқының мәдениетіне берілген үлкен марапат. Менің пайымдауымша, Түркі әлемінің болашағы зор.
Ал енді Тәуелсіздікке келер болсам, оның жолы оңай емес. 30 жыл деген тарих үшін қас-қағым сәт. Оған бәріміз үлес қосуымыз қажет. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болады. Ауылдарымыз өркендеп келеді, халқымыздың да еңсесі көтерілді. Өнер мен мәдениет, өндіріс пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ондағы жарқын істерге бүгін де куә болдық.
Жуалы қасиетті жер. Бұл – Батыс түрік қағанатының жазғы ордасы болған қасиетті өлке. Қазақтың қара шаңырағы дәл осы Жуалы жерінен басталады. Мұны тарихи деректер растап отыр. Ендеше, еліміз бен жеріміз тұтас болсын. Мерейлі мерекеміз құтты болсын,- деді Доқтырхан Тұрлыбекұлы.
Осылай деген қаламгер ағамыз, аудан басшылығына және «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің ұжымына Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының Құрмет грамотасын салтанатты жағдайда тапсырды. Онымен қоса, аудандық кітапханаға авторлық кітаптарын да тарту етті.
Шара соңында кеш қонақтарын аудан әкімі О.Қаржауов Алғысхаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Қорыта айтқанда, бұл кездесу кеш көптің көңілінен шыққан тағылымдық мәні зор іс-шара болды. Өйткені, біз оған қатысқан көрерменнің ыстық ықыласы мен көңіл күйінен осыны анық байқадық. Көрермен назарына ұсынылған Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы түсірген Жуалы ауданы туралы деректі фильм де кештің ажарын аша түсті. Ендеше, тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы баршамызға құтты болғай. Ел еңсесін биіктетер тұғырлы тұлғаларымыз көп болсын!!!