Basty bet
Мақсат – белгілі, бағыт – айқын
Ел дамуында Президенттің Жолдауы аса маңызға ие екені белгілі. Өйткені, онда ел экономикасын дамыту, өндіріс пен өнеркәсіпті өркендету, ауыл шаруашылығы, басқа да салалардың дамуына серпін беретін жобалар, әлбетте, ең бастысы, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын арттыру мәселелері кеңінен айтылып, оның орындалуы нақты жүйеленіп көрсетіліп отырады. Бұл – ең алдымен ел тұрмысына елеулі әсер етеді. Жолдау арқылы болашаққа бағдар құрылып, жүйелі жұмыстардың жүзеге асырылуы жеделдей түседі.
Таяуда халыққа жолданған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауымен толықтай оқып, танысқан соң, Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыруға деген ойымды қағаз бетіне түсіріп, аудан тұрғындарымен бөлісуді жөн санадым.
Президенттің Жолдауында ең алдымен мемлекеттік қызметті жетілдіруге айрықша мән беріліп отыр. Себебі, мемлекеттік қызмет саласының ел дамуында алатын орны маңызды. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы ең біріншіден, мемлекеттік қызмет жүйесінің жұмысына тікелей байланысты. Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі» бөлімінде: «Бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет. Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз қажет.
Пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеуде. Жедел шешімдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ, алдағы жоспарларды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Сондықтан, мен тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым» деп ерекше атап өтті Президент. Алдымызға асқаралы міндеттер қойылды. Мақсат – белгілі, бағыт – айқын.
Сонымен қатар, Президент бас құжатта ауыл шаруашылығын дамытуға да айрықша көңіл бөліп отыр. Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігіне тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар екенін айтып, саланы дамыту бағытында бірқатар шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін де еске салды.
Шынында, ел өмірін алып қарайтын болсақ, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Ал әлемде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте өткір тұр. Сондықтан аграрлық саланы дамытуға баса көңіл бөлгеніміз абзал.
Жуалы ауданы үшін де ауыл шаруашылығы басты салалардың бірі саналады. Оның ішінде таулы аймақта орналасқан Қошқарата ауылдық округінде де аталған саланың дамуына соңғы жылдары ерекше басымдық беріліп отыр. Бұл заңды да. Мемлекеттен қабылданған бағдарламалардың аясында округте малдың басы артып, егістік көлемі де ұлғайып отыр. Біз мұны шаруаларға жасалып отырған үлкен қолдау деп білеміз.
Соңғы жылдары шалғай ауылдарда тұратын халықтың тұрмысын жеңілдетуге жасалып отырған мемлекет қамқорлығын ауылдық округтің тұрғындары да сезініп отыр. Ежелден ынтымағы мен бірлігі жарасып, адал еңбекті ту еткен қасиетті елді мекеннің тұрғындары үшін табиғи газ құбыры тартылу үстінде. Алдағы жылдары ауылдық округ толығымен көгілдір отынға қол жеткізеді деген үмітіміз бар. Одан бөлек, биылғы жылы округтің орталығына ауызсу құбыры тартылды. Бұдан бұрын да тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуі назардан түскен емес.
Қорыта айтқанда, Президент Жолдауы – ел дамуының басты бағдары. Рухы мықты, бірлігі жарасқан еліміз қандай қиын кезеңдерден де аман өтіп, тағдыр сынақтарын еңсеріп келеді. Ауызбіршілігіміз бір болғанда ғана асқаралы асуларды бағындырамыз деп сенемін.
Жәнібек МЫРЗАЛИЕВ,
Қошқарата ауылдық
округінің әкімі