Basty bet
Кәсіподақтар қызметі – еңбек адамының мүддесін қорғау
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 қазан елімізде Кәсіподақтар күні болып белгіленді. Осы мереке қарсаңында «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепбергенмен сұхбаттасқан едік.
– Мейрамбек Мылтықбайұлы, кәсіби мереке құтты болсын! Тарихи тамыры терең, әрі танылуы одан бір кем түспейтін кәсіподақтар ұйымының мемлекет пен қоғам өмірінде алып отырған орны мен атқаратын қызметі өте кең деп білеміз.
– Әлбетте. Еліміздегі ең алғашқы кәсіподақ ұйымы өткен ғасырдың басында Қарағандыдағы Успен кен орнында құрылған екен. Соны негізге алсақ, еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының 115 жылдан астам тарихы бар.
Қазақстан – еңбек нарығында болып жатқан дүниежүзілік үрдістердің ажырамас бөлігі, Халықаралық еңбек ұйымының белсенді мүшесі.
Елімізде аса маңызды заманауи қоғамдық институттар өздерінің заңды өкілеттігіне сай белсенді қызмет атқаруда десек, соның ішіндегі аса маңыздысы – кәсіподақтар бірлестігі. Кәсіподақтар идеясын насихаттауға бағытталған жұмысымыз еліміздің ұлттық дамуының өзекті мақсаттарымен үйлесім табады. Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым болып табылатын Кәсіподақтар федерациясы 2 млн. кәсіподақ мүшесін бір шаңырақтың астында біріктіріп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген әлеуметтік реформалар кәсіподақтардың басты міндеттерімен үндеседі. Яғни, еліміздегі кәсіподақтар қызметін әрі қарай жаңғыртуға және Еңбек адамын қорғау тиімділігін арттыруға жаңа қарқын бергені сөзсіз.
Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының таяуда өткен ХХVI съезінде жаңа жағдайдағы міндеттері алдағы бес жылға арналған стратегиясымен айқын көрініс тапты. Съезд Қазақстан белгілі себептерге байланысты онлайн форматында өтті. Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде күн тәртібіндегі мәселелер алдын ала кеңінен талқыланған еді.
Бір жағынан қуанышты, әрі сәйкес келудің сәтін айтсақ, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария еткені белгілі. Бұл Жолдаудың өзегі – ел дамуы және әділетті қоғам қағидасын қалыптастыру және оның құндылықтарын қастерлеу болды. Бұл қоғамдық саяси және өміршең әлеуметтік ұғымдар еліміздің ертеңіне деген сенімін еселей түсті.
Ал, келесі күні, 2 қыркүйекте Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының кезекті ХХVI съезі өтті. Бұл ірі республикалық алқалы жиынға қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтауын жолдады. Бұл сөз жоқ, құрамында 2 миллионнан астам мүшесі бар Кәсіподақтар Федерациясының беделін көтеріп, сонымен бірге жаңа міндеттердің мәнін айқындап берді.
Мемлекет басшысы «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі» деп атап көрсетті.
Қоғам байлығы – еңбек адамы десек, қоғамдағы әділеттілік қоғам дамуының кепілі. Сол себепті де Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы «Әділдік пен даму – бірлікте» деп аталатын тұғырнаманы төрге оздырып отыр. Кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестікті жаңа сипатта жүргізуді ұсынады. Еңбек адамы мен оның өмірлік тіршілігіне қажетті және жұмыс берушімен ортақ мәселені шешу үшін әрдайым бірлік, кәсіби шеберлік және өз ісіне деген адалдық қажет деп санайды.
Съезде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы лауазымына белгілі әлеуметтік тұлға, кәсіподақтың көшбасшылық қызметінде өзін жоғары кәсіби іскерлігімен, терең білімімен кеңінен танытқан азамат Сатыбалды Дәулеталин бірауыздан сайланды.
Съезд делегаттары жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер жұмысшыға экономикалық тәуелсіздік, отбасын асырауға, дамуға, мәдени және адамгершілік тұрғыдан дамуға, кәсіби және шығармашылық әлеуетті жетілдіру мен іске асыруға мүмкіндік беретін лайықты еңбектің негізгі элементтері болып табылатындығын атап көрсетті.
Жалпы, Қазақстан Республикасының барлық деңгейдегі кәсіподақтар құрылымдары әлеуметтік әріптестіктің әлеуетін арттыруды көздейді. Осы орайда кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық және өңірлік үшжақты комиссияның отырысына тұрақты қатысып отырады.
Кәсіподақтардың бастамасымен базалық қызметтік жалақыны анықтау әдістемесін қайта қарау, ең төменгі жалақының еңбекақыны төлеуге ықпалы және барлық санаттағы жұмысшылар үшін тарифтік мөлшерлеме көлемін қайта қарау туралы мәселелер көтерілді.
Бүгінде ҚР Үкіметі, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері және республикалық жұмысшылар бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, 23 салалық, 16 жергілікті келісім бекітілген. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық үшін қызмет етуде алда қандай өзекті мәселелерді тиісті деңгейде шешу қажеттілігіне назар аударып қана қоймай Үкіметпен, жұмыс берушілер бірлестігі және жұмыскерлер мүддесін қорғайтын республикалық кәсіподақтар бірлестігі арасында қол қойылатын Бас келісім аясында бірқатар тың ұсыныстар енгізіп отыр.
Бейресми еңбек қатынастарының мәселелері де жіті көңіл аударуды талап етеді. Мәселен, көптеген жұмысшылармен еңбек шарты бекітілмейді. Осы мәселені реттеу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік реттеу министрлігімен бірлесе отырып, 2018 жылғы 1 наурызда «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы бастау алды.
Бүгінде өңірімізде 9 000-нан астам кәсіпорын болса, еңбек шартымен тек 56 пайызы ғана қамтылып отыр. Алдағы уақытта бұл саладағы жұмысты ширата түсу керек деп есептеймін. Өйткені, кәсіподақ ұйымы жоқ, жұмыскермен еңбек шарты жасалмайтын жерде еңбек даулары жиі орын алады.
Кәсіподақтар жұмысының өзегі әрі тірегі жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы алтын көпір, дәнекер болып табылатын бастауыш кәсіподақ ұйымдары. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру мақсатында Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының алдағы жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымдары» жылы деп жариялауы тегін емес.
– Әлем елдеріне тарап, жаппай әбігерге түсірген коронавирустық пандемия еліміздің барлық саласының жұмысына өзгерістер әкелді. Бұл жағдайда кәсіподақтар өз қызметін қалай үйлестіріп отыр?
– Бүгінгі күні облыстың кәсіподақ ұйымдары өз тарапынан пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина ұйымдарының қызметкерлеріне және еңбек ұжымдарындағы аз қамтылған отбасыларына материалдық көмек көрсетіп келеді.
Атап айтқанда, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы медициналық мекеме қызметкерлеріне жалпы сомасы 1,8 млн. теңге қаражат материалдық көмек ретінде азық-түлік, медициналық жеке қорғану құралдарын сатып алу үшін және басқа қажеттіліктер үшін берілді.
Бұдан бөлек, өңірдегі барлық медициналық ұйымдардың медбикелерін Халықаралық мейірбикелер күнімен құттықтап, кәсіподақ филиалының атынан бағалы сыйлықтар алуға, ақшалай сыйақылар беруге 2 млн. теңге көлемінде қаражат бөлді.
Сондай-ақ осы қыркүйек айында пандемиямен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне Қазақстан аумағындағы сегіз шипажайда тегін емделу үшін жалпы құны 2,88 млн. теңге болатын 24 жолдама берілді.
Өз кезегінде «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кәсіподақ мүшелік ұйымдары медициналық маска тіктіру, азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын антисептикпен қамтамасыз ету, бір реттік материалдық көмек беру сынды барлығы 14,1 млн. теңге құрайтын қаражатқа көмек жасады.
Бүгінгі күнге осы кәсіподақ ұйымы үнемделуі мүмкін қаржы есебінен мектеп педагогтарын қашықтықтан оқыту қызметін жүзеге асыруға қажетті арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету бағытында барлығы 66,1 млн.теңге жұмсады.
Республикада құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорының негізінде Жамбыл облысында құрылған «Әулие-Ата парызы» қоғамдық қорына кәсіподақ қызметкерлері 329,4 мың теңге құраған бір күндік жалақыларын аударды. Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек етуге кәсіподақ бюджетінен 600 мың теңге қаржы аударылды.
Сол сияқты, «Қазфосфат» ЖШС басшылығы мен кәсіподақ ұйымдары өз қаражаттары есебінен бірлесе отырып, кәсіпорын қызметкерлерінің ішіндегі аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы жанұяларға азық-түлік, яғни 610 отбасына 60 тонна ұн, 68 тонна күріш және 17,5 тонна қант берілді. Материалдық көмектің жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.
«Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Жамбыл облыстық филиалының кәсіподақ мүшелері маска тапшылығына байланысты әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға 5800-ден аса медициналық бетперде тігіп таратты және аз қамтылған 17 отбасына 330 мың теңге көлемінде азық-түлік үлестірілді.
Осындай сын сағатта жұмыскерлердің жағдайына бей-жай қарамай, әлеуметтік аз қамтылған қызметкерлердің жанұясына көмек қолын созған тағы бір ірі өндірістік кәсіпорын – «Алтыналмас АК» АҚ компаниясы.
Компания басшылығы осы ұжымның «Бәйтерек» кәсіподақ ұйымымен бірлесе анықтаған тізімге сәйкес Жамбыл облысы аумағында орналасқан Ақбақай кен орнындағы қызметкерлердің ішіндегі әлеуметтік әлсіз топтарына, атап айтқанда көпбалалы, толық емес отбасыларға, құрамында мүгедек және ауру жандар бар отбасыларға ауқымды бір реттік материалдық көмек көрсетті.
Осы аталған санаттағы қызметкерлердің әрқайсысына, барлығы 109 қызметкерге 50 мың теңге көлемінде, жалпы сомасы 5,450 млн. теңге материалдық көмек көрсетілді.
– Күні кеше еліміздегі ең ірі «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеу сыны – праймериз өткені белгілі. Бұл додаға кәсіподақ өкілдері де қатысқан шығар?
– «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеу сынына республикадағы барлық деңгейдегі мәслихат және Мәжіліс депутаттарын сайлау додасына Кәсіподақтар Федерациясының көшбасшы 2 мыңнан астам серкесі қатысып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Жамбыл облысына келетін болсақ, өңірдің кәсіподақ жетекшілері мен белсенді мүшелерінен 24 өкіл осы іріктеу сындарына қатысып шықты. Соның ішінде өзім де бармын.
Бұл да өз кезегінде кәсіподақ өкілдерінің еліміздің қоғамдық-саяси өміріне бей-жай қарамай, қолдан келгенше еңбек адамының мүддесін жоғары деңгейде қорғауға деген ізгі тілектен туындаған әрекет деп түсінеміз.
Мемлекеттің басты байлығы – Еңбек адамы. Сондықтан да, бүгін біз баршаға ортақ мерекемізді – еңбеккер халықтың мейрамын атап отырмыз! Кәсіподақтар халықпен бірге екенін іс жүзінде айқын көрсетуде!
Осы мерейлі мереке күні біздің ардагерлерге, кәсіподақтар қозғалысының ардагерлеріне баса назар аударғым келеді. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз – біз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де қайталанбас үлгі.
Кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, Қазақстан кәсіподақтар қозғалысын дамыту жолында толағай табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбекшілер құқықтарын қорғау жолындағы жауапты жұмысыңызға табыс тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»