Basty bet

Бағытымыз – жаңару мен жаңғыру

Кеше аудандық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХХVІІІ конференциясы өтті.
Конференцияны аудан әкімі, партия аудандық филиалының төрағасы Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды.
Қазіргі таңда партия өз қызметін қайта қарап, жаңару мен жаңғыру бағытын белсенді түрде ұстанып отыр.
Осы тұста партиялық жаңғыру жұмысына 2019 жылдың 21 тамызында Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы үлкен қозғау салды. Онда «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың бағдарламасы қабылданды.
Ендігі алда тұрған ең басты мақсаты – әрбір партия мүшесі мен партия белсенділерінің партияның жаңару мен жаңғыру қызметіне барынша үлес қосу болып табылады.
Осыған орай конференцияның күн тәртібіндегі маңызды мәселе партиялық «жаңғырудың» негізгі бағыттарының Жуалы аудандық филиалында іске асырылуы туралы болды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова баяндама жасады. Анар Садыққызы ел дамуы мен мемлекетіміздің өркендеуіне және тұрғындардың тұрмыстық-әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мен қолдауға бағытталған жеті бағыттың талаптарына тоқталды.
Баяндамашы бүгінгі партиялық жаңғырудың темірқазығына айналған партиялық бағдарлама осылайша ұлт бірлігі мен мемлекет тұтастығын сақтауға, сондай-ақ Ұлы Далада өркен жайған татулық пен бірлікті нығайтуға және Қазақстанның әлемдегі озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын орындауға бел бауып отырғанын баса айтты.
Анар Садыққызы жеті серпіннің аясында жүзеге асқан ауданымызда өткен партиялық праймериз туралы да тоқталып өтті. Сайып келгенде баяндамашы сөзін партиялық қызметте ұлы Абай атқан «бес дұшпаннан» арылуды басты мақсат етсек, қоғам дамуына қосар үлесіміз молая түсері ешкімге де күмән келтірмейтін ақиқат екені және ұлт тұтастығы мен мемлекетіміздің өркендеуі жолындағы партия саясаты маңына топтасуға партиялық жаңғыру жұмыстарын сәтті ұйымдастыруға белсенді атсалысуға шақырумен қорытындылады.
Бірінші мәселені талқылау үшін жарыс- сөзге «Қызыларық» БПҰ төрайымы Гүлнар Әбілдаева шықты.
Г.Әбілдаева Облыстық «Үздік Бастауыш партия ұйымы» байқауында І орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алған БПҰ-ның жұмысы жайлы баяндап өтті. Сонымен бірге БПҰ жетекшілерінің құзіретін арттыру мақсатында ұйымдастырылған, яғни Шымкент қаласында «Саяси менеджмент мектебінің» ұйымдастыруымен өткен семинар-тренингтен алған әсерімен бөлісті.
-Әсіресе, партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен болған кездесудің әсері ерекше. Бауыржан Қадырғалиұлының «Партияның жұмысындағы сын-тегеуріндер және болашағы» туралы әңгімесі бәрімізді серпілтті.
Жеті серпіннің идеясы да осыда екендігіне көзім жетті. Мен алған тәжірибеммен, идеяларыммен алдағы уақытта партиялас әріптестеріммен бөлісетін боламын,- деді Гүлнар Жақсылыққызы.
Ал, депутаттық фракцияның мүшесі, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Эсмира Мамедова татулығы мен ынтымағы жарасқан Қазақстанның өркендеуі мен гүлденуіне «Нұр Отан» партиясының қосқан үлесі жайлы айта келіп, халқымыздың ең асыл қасиеті бірілігіміздің мығым болуына барлығымыз үлес қосуымыздың маңыздылығына тоқталды. Сонау жылдары халықтың басына туған тарихи қиын, қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға жер аударылып келген әзірбайжан ұлтын және түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, бір үзіп нанды бөлісіп жеген қазақ халқының бауырмалдығына алғысын білдіре келіп, Қазақстанды туған Отаным деп елдің дамуы жолында ауызбіршілікпен еңбек етіп келе жатқандықтарын ризашылықпен жеткізді.
Ал, жас партия мүшесі Бекзат Маймақов өзінің жыл басында партия қатарына кіргенін және бірінші рет партия конференциясына делегат болып сайланғанын айтты.
Еліміздің бүгінгідей төрткүл дүние танып білген мемлекет дәрежесіне жеткені ең бірінші Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың жүргізген сара саясатының жемісі және ынтымақ пен бірлікті ту еткен еңбекқор халқымыздың еңбегі екенін жеткізді.
-Менің жасым 35-те. Мемлекетіміздің жастарға көрсетіп келе жатқан аса зор қамқорлықтарын өте жақсы сезінемін. Мен түрлі салада мүмкіндігімше еңбек еттім. Қазіргі таңда жер өңдеумен айналысып жүрмін. Бұл қастерлі жер – ата-бабаларымыздан бізге қалған аманат. Ендігі мақсатымыз – осы аталы аманатқа адалдық таныту. Жер игеруді батыл қолға алу. Отанымыздың гүлденуіне үлес қосу.
Менің алдағы мақсатым – «Nur Otan» партиясы арқылы жас кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолайлы жағдайларды пайдалана отырып, басқа да өз кәсібін ашамын деген ауыл жастарына көмектесу,- дей келіп алдағы уақытта партияның аудандық филиалы жасақтап отырған партиялық резервіне мүше болу да ойында барын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІ конференциясына делегаттар сайланды.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close