Basty bet
Ұлт мәдениетінің құндылықтарын әлемге танытудың тетігі
«Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды
көрсетейін деп отырғанымыз жоқ.
Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып,
жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».
Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген әрбір ой маңызды, салмақты. Бағзы замандардан сыр шерткен осы бір дүниені түсініп оқи алсақ, көп жайға қанық болар едік. Болашақ жастар өзінің тарихын, этнографиясын біліп өссе, ұлттық рухпен тәрбиеленсе жоғарғы парасат иесі атанады. Елбасы айтқан жеті құндылық олардың зердесіне темірқазық іспетті болары хақ. Түркі халқы ежелден-ақ батыр, ақын, ат құлағында ойнаған жауынгер халық. Шыңғыс хан заманынан біздің елдің бәсі биік, мәртебесі жоғары екені ескі жазбалардан-ақ белгілі. Сондықтан Елбасы айтқан құндылықтарды ұмытпасақ, озық елдердің қатарына сүрінбей жететініміз анық.
Қазақ елінің ұлан-ғайыр жерінде ықылым заманнан бері небір ғажайыптар болған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жариялаған мақаласы – бұл шынында да тарихи маңызы бар рухани дүние.
Біздің өркениетіміздің алғы кезеңдегі дамуының көкжиегін жүйелеп, алдағы міндеттерімізді де көрсетіп берген. Бұлай дейтініміз, өткен ғасырда қазақ жері тақыр дала болған, мұнда ешқандай өркениет болмаған дегендей әңгімелер де айтылған. Ал, бұл мақаладан бүкіл адамзаттың өркениетіне біздің ата-бабаларымыз қаншалықты үлес қосқанын бағамдап, кеудеңізді мақтаныш кернейтіні анық.
Біз бұрын Батыс Еуропаның, Шығыстағы Үндістан мен Қытайдың көне мәдениетіне таңданып, таңдай қақсақ, енді өз өркениетіміздің таңғажайып жетістіктері көз алдымызға елестейді. Елбасымыз Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырдағы Жібек жолы арқылы Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, славян өркениеттерін байланыстыратын сауда қатынасының басты дәнекері саналғанын да ашық айтқан. Тіпті, көнеден келе жатқан жәдігерлерді ата-бабаларымыз ойлап тауып, кейін адамзат баласына таралғанын көрсетіпті. Соның бірі 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында қазақстандық «Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам» екеніне мақалада назар аударылған.
Сондай-ақ, бұрын ғылымға беймәлім болып келген металл өндірудің амал-тәсілдерін біздің бабаларымыз көне заманда игергені әлі күнге дейін тереңдеп зерттеуді қажет етіп отыр. Металл кендеріне бай қазақ жері металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі екені жастарымызды сүйсіндіретіні анық. Жалпы Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісі ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпаларын алуды бабаларымыз ежелден игеріп келгені бүгінгі ғылым әлеміне жаңалық десем, артық айтқандық болмас. Мұны Елбасы кеңінен дәлелдеп, оны насихаттаудың жолдарын да айқындап берді.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың заңды жалғасы, сол мақалада айтылған ойларды онан ары тереңдету, дамытуға негізделген. Шынту йтында, біздің тарихымыз тереңде жатыр. Басқасын былай қойғанда, жылқыны алғаш қолға үйреткен де қазақ халқы. Осы арқылы біздің халық өркениеттік дамуға бетбұрды. Тағы да айтар болсақ, ең алғашқы жазуды қазақ жазған, бұған дәлел, «Алтын адам» қазбасынан табылған жазуы бар кесе. Бұл қазба байлықтардан табылған жазу, ғалымдардың зерттеуінше, ең алғашқы жазу екені анықталды. Онымен қоса, біздегі металлургияның дамығаны да қазба байлықтар арқылы дәлелденіп отыр.
Тұңғышт Президент Н.Назарбаев бұл мақаласында жеті деген қасиетті санды пайдаланып, өз толғамдарын осы қасиетке сыйғызып, біздің ұлтымыздың тарихындағы кеңістік пен уақыт жайлы философиялық, практикалық үлкен мәні бар ойлар айтқан. Мақаланың әрбір тарауы терең ойға құрылған.
Бұл мақала – біздің болашаққа бара жатқан жолымыздағы бағдаршам. Оңтайлы сәтте жарық көрген бұл мақала – тарихи санамызды жаңғыртуға, жастарды патриоттық сезімге баулуға, ұйықтап жатқан ойларымызды оятуға серпін береді.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Елбасы қазақ тарихын іргелі тарих ретінде қалыптастыруға зиялы қауымды әрқашан бағыттап келді. Бұл «Халық тарих толқынында» деген еңбегінен бастау алып, кейінгі мемлекеттік ірі бағдарламаларда («Тарих және қуғын-сүргін жылдары», «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру») мақалаларының заңды жалғасын тапты. Бүгінгі біз оқып отырған мақаладағы принципті қағидалар тәуелсіз Қазақстанның жаңа ұрпағын тарихпен тәрбиелеудің ерен үлгісі болып табылады.
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.
Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» Жуалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі