Basty bet

Тәрбие отбасынан басталады

Аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Алдымен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков комиссияның өткен отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Күн тәртібіндегі бірініші мәселе бойынша аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-консультативтік кеңес беру кабинетінің атқарған жұмыстары туралы кабинеттің әлеуметтік консультанты Мадина Кульчикова баяндама жасады.
Еліміздің қоғамдық өмірінде орын алып отырған түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам құқықтарының тапталуының алдын алу мақсатында республикамыздың барлық облыстарынан “Дағдарыс” орталықтары ашылған. Біздің ауданымызда да үстіміздегі жылдың 17 ақпанынан бастап облыс орталығындағы орталықтың филиалы ретінде кабинет ашылған болатын. Мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмек пен қолдау көрсету. Кабинет мамандары бүгінгі күнге дейін барлығы 46 кісіге қызмет көрсеткен. Баяндамашы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің әйелдердің зорлық-зомбылықтан қорғау тобымен және “Отандастар” қоғамдық қорымен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктерін де атап өтті.
Баяндамашы комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Облыс орталығындағы “Дағдарыс” орталығы бүгінгі таңда карантин режіміне байланысты жұмысын тоқтатқан екен. Ал, қоғамда оның қызметіне мұқтаж жандар бар. Сондықтан комиссия төрағасы Ернұр Маратұлы орталықтың ашылуына сұраныс хат жазу туралы тапсырма берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдермен атқарылған профилактикалық жұмыстар туралы аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова баяндама жасады.
Назиля Мәдібекқызы аудан бойынша жайсыз отбасы санатына жататын алты отбасында 10 кәмелетке толмаған бала бар екендігі жайлы айта келіп, олармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Және де қашықтан оқуға байланысты, яғни балалардың үйде көп болуына байланысты онлайн шараларды жиі ұйымдастыру қолға алынғандығы жайлы да айтып өтті.
Комиссия төрағасы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары осы санаттағы отбасы балаларымен жұмысты жүйелеу керектігін тапсырды.
Атаулы әлеуметтік көмек бойынша көпбалалы аналардың қамтылуы туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов баяндады.
-2020 жылдың 10 айында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер 5003 адамы бар 918 аз қамтылған отбасы өтініш білдіріп, оның ішінен 821 отбасының өтініші оң шешімін тапты. 97 отбасына өткен тоқсандағы тапқан орташа жиынтық табысы кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты тағайындаудан бас тартылды.
Биылғы жылы 1 қаңтардан бастап 4 және одан көп балалары бар көпбалалы отбасыларға табысын есептемей отбасының бала санына қарай берілетін мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бүгінгі таңда жаңа жәрдемақымен аудан бойынша 1847 отбасы қамтылып отыр,- деді баяндамашы. Керімхан Төреқұлов “Еңбек” Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша үстіміздегі жылы 44 әйел азаматшаға түрлі кәсіпті ашу үшін 160,0 млн теңге қаржы берілгендігін, 361 әйелге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілгенін айтып өтті. Сонымен қатар биылғы жылы бес көпбалалы отбасыларға демеушілердің тарапынан үй сатып алынып берілді.
Комиссия төрағасы комиссия мүшелерінен “үкімет тарапынан беріліп жатқан көмектердің нәтжесі барма?” деген сауал қойды, яғни жеке ой-пікірлерін сұрады.
Шындығында қоғамда үкімет тарапынан беріліп жатқан көмектерді пайдаланып, аяғынан тұрып жатқан отбасылар да бар. Керісінше, өкінішке орай, берілген қаражатты мақсатсыз жұмсап, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай отырған жалқау, мақсатсыз, қанағатсыз жандар да бар. Сондықтан бұл мәселеге де бей-жай қарауға болмайды. Себебі, адамда мақсаткерлік, еңбекқорлық, жауапкершілік қасиет болмайынша, алға ілгерілеушілік болмайды.
“Тұлға” балалар мен жастарға және отбасыларға психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығы” қоғамдық қорының жетекшісі Зейнеп Дәуренова қор мүшелерінің ұйымдастыруымен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету мақсатында аудандағы әзірге “Сұлтан” және “Батыр ана” азық-түлік дүкендеріне “Қанағат” бұрышы ашылып жатқандығын айтып өтті. Ондағы мақсат – кәсіпкер, әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсы әр тұтынушы дүкеннен азық-түлік сатып алғанда мүмкіндігіне қарай азық-түлікті сатып алып бұрышқа қойып кету арқылы мұқтаж отбасыларға көмектесуге шақыру. Қоғамдық қордың бастамасына комиссия мүшелері де қолдау білдірді. Жалпы отырыс барысында көптеген ұсыныстар айтылды. Комиссия отырысын қорытындылаған Ернұр Маратұлы жалпы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін тапсырды. Және ең бірінші әрбір отбасы тәрбие мәселесіне ерекше мән беру қажеттігін ескертті.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close