Basty bet

ҚАЙДА ЕКЕН, ҚАЙДА 70-ТІҢ ТҮЛЕКТЕРІ?!

Тесіктас ауылындағы Талдыбұлақ 8-жылдық мектебін (қазір Сәбит Мұқанов атындағы) 1968 жылы бітірген бір топ түлектер 9-сыныпты колхоз орталығы – Кантемировка (бүгінде Қошқарата) ауылындағы Абай атындағы орта мектепте жалғастырдық. Бұл сол кездегі заман талабына сай жобалы, жаңа үлгіде салынған, ашылғанына 2-3 жыл ғана болған су жаңа білім ордасы еді. Бұған дейін он жылдық мектеп болмағандықтан, ауыл балалары 7-8 кластан соң, көрші ауылдарда, аудан орталығындағы мектеп-интернатта жатып оқитын. Бұл жағдай ата-аналарға да, балаларға да едәуір қиындықтар туғызатын. Көптеген аға-әпкелеріміз қолдың қысқалығынан 8-кластан кейін оқуларын жалғастыра алмай, ауылда қалып қоятын. Осындай кезде сәулетті де сәнді, еңселі мектеп ғимаратының салынуы – ауыл-аймақ үшін үлкен жаңалық, зор қуаныш болып еді. Жаңа мектептің кең де жарық бөлмелері, еңселі спорт залы кірген бойда қиялыңа қанат бітіргендей, оқуға, білім алуға деген құлшыныс-талабыңды ұштап, ерекше жігерлендіре түсетіндей әсер ететін. Міне, содан бері өткен елу жылдан астам уақыт ішінде осы киелі шаңырақтан қаншама түлек түлеп ұшып, өмір айдынына сапар шекті десеңізші!

Біздің 9-сыныпта 18 ұл-қыздар оқыдық. Олар 7 ұл, қалғандары ақ бантикті қыздар болатын. Көрші ауылдан келгендіктен біздер алғашқы кездері тосырқап, үйренісе алмай жүргенімізбен, бара-бара бір үйдің балаларындай араласып кеттік. Старостымыз Бағила Темірбекова болды. Комсорг – Бақтылы Әлиева, Жанат Қазанқапова – кәсіподақ, Төлеген Нұрсейітов мәдени көпшілік ұйымдастыру секторы болатын. Сынып жетекшіміз химия пәнінің мұғалімі Медет Иманбеков ағай ешкіммен онша шаруасы жоқ, көп сөйлемейтін, біртоға, тұйықтау, бірақ оқушылардың миына онша қона бермейтін химия деген пәннің білгір маманы еді.
Мектепте өз ісінің нағыз маманы атанған кәсіптік шеберліктері мен интеллектуалдық деңгейлері жоғары, білімді де білікті ұстаздар көптеп саналатын. Олардан дәріс алып, сабағын тыңдаудың өзі бір ғанибет еді. Әсіресе, мектеп директоры, тарих пәнінен сабақ беретін Садуақас Тасқожаев ағай бастаған Әбдімәжит Дәуренов, Бимат Тойшыбеков, Шынарбек Махамбетов, Жолтай Байқожаев, Сатыбалды Назарқұлов, Мырзан Тойшыбеков сияқты ұстаздар бүкіл өмірлерін оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне орнаған аяулы да ұлағатты жандар еді. Шынында да осындай ұлағатты ұстаздардың алдынан өтіп, білім алғанымызды бүгінде мақтан тұтамыз. Аяулы ұстаздарымыздың жарқын жүздері мен сабақ берудегі әдіс-тәсілдері, жарқын бейнелері әлі күнге дейін ерекше жылылықпен, оларға деген шексіз құрметпен көз алдымызға елестейді.
Біздің кластың ұл-қыздары арасында да үлгілі тәртіп, жақсы оқуымен, мектеп мақтанышына айналған ұл-қыздар көп еді. Класта қыздар жағы сан жағынан ғана емес, білім жағынан да ұлдарға қарағанда басымдау болды. Әсіресе Күлбибі Сұлтанбаева, Мәуекүл Ізтаева, Бақтылы Әлиева, Тесіктастан келген менің ауылдастарым Ақбөпе Рысқұлбекова мен Нағима Әзімхановалар, Бағила Темірбекова, Әйгерім Сейітқазиева, Жанат Қазанқапова, Айбаршын Сұрыпбаева сияқты ұл-қыздарымыз қай сабақтан болсын алдарына жан салмай, бір-бірімен жарыса, таласа оқумен қатар, мектептегі, сыныптағы әр түрлі игі істерге ұйытқы болып та жүруші еді.
Арада елеулі елу жыл өтсе де мектеп қабырғасында бірге оқып, білім алумен қатар, балалық шақтың қызық пен қуанышқа, асқақ арманға толы ұмытылмас күндерін бірге өткізген балауса да балғын ұл-қыздардың жылы жүздері мен жарқын бейнелері әлі күнге дейін көз алдымызда.
Старостамыз Бағила Темірбекова күнделікті сабақтан басқа нәрсеге көңіл бөле қоймайтын, сабырлы да салмақты, әр нәрсеге байыппен қарайтын, жылы жымиып қана жүретін жайдары жүзді, ойшыл қыз еді. Қай сабаққа болса да бейім тұратын. Әсіресе, математика, физика сабақтарына жүйрік болатын. Мектеп бітірген жылы-ақ Шымкент жаққа кетіп, жоғарғы оқу орнына түсіп кетті.
Бақтылы Әлиева қара торы өңді, үлкен қара көзді, сұлуша, әдемі келген қыз болатын. Ашық-жарқын мінезімен ерекшеленіп тұратын. Жақсы оқумен қатар комсорг ретінде кластағы әр түрлі мәдени іс-шараларға ұйтқы болып, белсенділік танытып жүретін. Гуманитарлық пәндерге бейім ол, мектеп бітірісімен Алматыдағы шет тілдер институтына түсіп кетті.
Біздің кластастардан Алматыда Бақтылы, Ғабиден үшеуміз ғана оқыдық. Мен әскер қатарында болып екі жылдан кейін ҚазМУ-ге түстім. Ол екеуі қызық пен қуанышқа толы студенттік өмірдің алғашқы баспалдақтарынан өтіп, кәдімгідей оң-солын танып қалған сыралғы студенттер еді. Кластас ретінде үшеуміз жиі араласып тұрдық. Институт бітірісімен Бақтылы Солтүстік Қазақстан облысының бір жақсы жігітіне тұрмысқа шықты. Өкінішке орай, одан кейінгі өмірінен хабарым жоқ.
Класымыздағы алдыңғы қатарлы, озат оқушылардың бірі – ақтастылық Күлбибі Сұлтанбаева болатын. Аққұба жүзді, көкшілдеу көзі күлімдеп тұратын, ашық, жайдары мінезді Күлбибі еңбекқорлығымен, табандылығы мен, зеректігімен көзге түсетін. Кейде тік мінез танытып, шорт кетіп қалатын кездері де болушы еді.
Мәуекүл (Мәуен дейтінбіз) Ізтаева да кластағы мықты оқушылардың қатарынан болатын. Ол да математика, физика пәндерінен жүйрік еді. Пединститутты бітіріп, өмірін балаларға тәрбие, білім беру ісіне арнапты.
Ал, Әйгерім Сейітқазиева кластағы ең қарапайым, сабырлы да салмақты, жібектей жұмсақ мінезді, биязы да ұяң қыздардың бірі. Қашан көрсең де салиқалы қалпынан бір аумайтын. Әр нәрсеге байыппен қарап, асықпай-саспай, ақылмен шешкенді дұрыс санайтын. Қос бұрым етіп өрген қою қара шашы, аққұбаша дөңгелек жүзіне көрік беріп тұрушы еді. Ақылына көркі сай Әйгерім кластағы тәрбиелі, білімді, алдыңғы қатарлы шәкірттердің бірі, әрі бірегейі бола білді.
Ақбөпе Рысқұлбекова, Нағима Әзімханова, Аманкүл Тілеубердиева, Еркінбек Назарбеков бәріміз Талдыбұлақ мектебінің табалдырығын бірге аттап, 1-кластан 8-класқа дейін бірге оқыған болатынбыз. Үш қыз да сабақты жақсы оқыды. Ақбөпе мен Нағима өз еңбектерімен жоғарғы оқу орындарын бітіріп, сол өздері бітірген алтын ұя мектептерінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Талай шәкірттерді тәрбиелеп, білім беріп, түлектердің өмірден өз орындарын табуларына қамқор болған ұлағатты ұстаздар.
Ал кластасым, әрі бала кезімізден тай-құлындай тебісіп, ауылдың қара топырағын кешіп өскен досым Еркінбек Назарбековтың орны бөлек еді. Өте салмақты, тау қозғалса да қозғала қоймайтын ауыр мінезді, бірақ адамгершілік қасиеті жоғары, досқа адал, жолдастыққа берік ер тұлғалы азамат болатын. Мектептен кейін туған ауылда қалып, еңбек майданына араласты. Жер жыртып, егін екті, мал бақты, адал, таза еңбегімен ел құрметіне ие болып, абыройға бөленді. Өкінішке орай, мейірімсіз ажал ортамыздан ерте алып кетті…
Тағы бір кластасымыз Төлеген Нұрсейітов орта бойлы, тікірейген сары шашты, көкшілдеу көзді ол кластағы алғыр, өткір, өжет, сонымен қатар ақкөңіл, ақ жүрек, ақ жарқын мінезді азамат еді. Ұйымдастыру қабілеті де жоғары болатын. Бас қосқанда сөз тізгінін қолына алып, бәрімізді үйіріп алып кететін. Өнерден де құр алақан емес-ті. Мектеп бітіру кешінде оқыған өлеңі бәріміздің көңілімізді босатып, көзімізге қимастық жасын үйірген. Төлеген өмірден өзінің Жібегін (жан-жарының аты Жібек болатын) тауып, шаңырақ көтеріп, елге, туған жерге қызмет ететін дер шағында ерте қайтыс болды.
Кластасымыз Әділ Исақов та өмірінің нағыз гүлденер шағында ажал тырнағына ілініп, қайтпас сапарға аттаныпты. Ол сұңғақ бойлы келген, қою қара қасты, аққұба өңді, сұлу мұртты әдемі жігіт күйінде есімде қалды.
Қашанда белсенділік танытып, игі істердің ұйытқысы болып жүретін Жанат Қазанқапова кластағы қыздардың ең сұңғақ бойлысы еді. Қашанда күлімдеп, көңілді жүретін ол әзіл әңгімелерді де үйіріп әдемі айтатын. Әдебиет пен өнерге жақын болды. Ашық-жарқын мінезімен, сыпайы жүріс-тұрысымен ортамызда сыйлы болатын. Ол медицина саласында жемісті еңбек етіп, алғыс арқалаған ақ халатты абзал жандардың бірі болды. Қазір Алматыда тұрады.
Кекілін кескен кербез қыз Айбаршын (Айпан дейтінбіз) өзінің ерке, ашық мінезімен есте қалыпты. Әсем дауысымен әуелетіп ән салғанда отырыстың гүлі болатын. Қазір Тараз қаласында тұрады.
Күлзахира Атхаева, Аманкүл Тілеубердиева, Қаби Байділдаев сияқты кластастарымыз да жеке бастарының қадір-қасиеттерімен ортамызда өз орындарын алатын жандар деп білемін.
Жоғарыда айтып өткендей кластасымыз Ғабиден Өтегенов мектеп бітірісімен ауыл шаруашылық институтына бірден түскен болатын. Онымен армия қатарынан оралып, ҚазМУ-ге оқуға түскеннен кейін ғана жолығудың сәті түсті. Кездескенде өз көзіме өзім сенбей қалдым. Мектепте Ғабиден өте момын, тым бұйығы, көп сөйлемейтін, жұмсақ мінезді бала болатын. Баяғы ауыл баласына тән ұяңдық пен бұйығылықтың ізі де қалмапты. Қимыл қозғалысы, сөз саптауы ширақ. Тізгінін үзген тұлпардай шиыршық атып, нық сөйлеп, нық қимылдайды. Күреске қатысып, талай дүбірлі жарыстарда топ жарып біраз биіктерді бағындырыпты. Спортпен шындап айналысқаны кесек бітімінен, түр-тұлғасынан анық аңғарылып тұрды. Студенттік өмір мен думанды орта Ғабиденді көп өзгертіп, ашылып, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болып қалыптасыпты. Ол институтты бітіріп, алған агроном мамандығы бойынша елде, ауыл шаруашылығы саласында күні кешеге дейін жемісті еңбек етті.
Өзім мектеп бітірген жылдың келесі көктемінде әскер қатарына алынып, 1973 жылы оралдым. Сол жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсіп, оны бітіргеннен кейін Алматы облысы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде редактордың орынбасары болып қызмет еттім. Кейін аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, Жамбыл ауданында ауыл әкімі, мәслихат аппаратының басшысы қызметтерін атқардым. Қазір еңбек демалысындамын.
Сонымен 1970 жылы қасиетті, киелі шаңырақ, алтын ұя мектебімізбен мәңгіге қоштасып, қолымызға өмірге жолдама берген аттестатымызды алып, ұшқан құстай жан-жаққа тарап кеттік. Он жыл отырған партаны, білім берген аяулы ұстаздар мен тай-құлындай тебісіп бірге өскен достар, кластастармен қоштасу қиын екен, тебіреніс пен толғанысқа толы сол бір ұмытылмас шақ әлі күнге дейін көз алдымызға жиі оралады.
Міне, содан бері де бақандай 50 жыл өтіпті. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. «Елу жылда – ел жаңа». Өмір атты алып дарияның асау толқындары әрқайсымызды әр жаққа қақпақылдап алып кетті. «Шашына ақ бантик байлаған» балауса қыздарымыз бұл күнде салиқалы ана ғана емес, ақ жаулықты әжелер болған. Түбіт мұрты жаңа тебіндеген баяғы боз балалар бүгінде ақ самайлы, ақ шашты ата атандық.
Бір өкініштісі, өмір соқпақтары әрқайсымызды әр тарапқа алып кетіп, басымыз бір қосылмапты. Өз басым ауылдан жырақ жүріп, бірге оқыған ұл-қыздармен араласа алмағаныма өкінемін. Мектеп бітірген күні Әйгерімнің үйінде тығылып өткізген «вечерден» кейін, көбісін кездестірмеппін.
Өткен жылы кластастарым Жанат, Әйгеріммен бір кездесіп қалғанда осы туралы сөз қозғап, әңгіме көтерген едік. Туған жердің төсінде бас қосып, талай жылғы сарғайған сағынышымызды бір басармыз деген ой болған еді. Бірақ биыл наурыз айында басталған төтенше жағдай мен зұлмат ауру есімізді жиғызбай, ол туралы ойлануға да мұрша бермеді. Дегенмен сағынышқа толы сол бір мектеп қабырғасында өткізген қызықты күндер сірә, ұмытыла қоймас. Еске түскен сайын ет-жүрегіміз елжіреп, алыста қалған бал дәурен балалық шақ ойға оралып еріксіз мұңаямыз. Кеудемізді сағыныш сазы кернейді. «Қайда екен, қайда сол бір қасиетті қара шаңырақтың 1970 жылғы түлектері?» деген ой кейде алтын бесік ауыл, мектеп, аяулы кластастар еске түскенде еріксіз мазалайды.
Тек қайда жүрсеңдер де аман болыңдаршы, класстас достарым, дегім келеді.
Қажымұқан МЫРЗАБЕКОВ,
журналист

Таңдаулы материалдар

Close