Basty bet
Елбасы өзінің сүйікті халқымен бірге
«Ел – ебелек емес, ер – кебенек емес» дегенді дана бабаларымыз қалай дөп басып айтып кеткен десеңші. Халықтан, қалың бұқарадан үлкен ешкім жоқ. Халықтың амандығы, саулығы, қауіпсіздігі, олардың жарқын болашағы мемлекеттік тұрғыдан да маңызды. Халыққа қатер төнсе, ең алдымен сол елді басқарып отырған басшылардың қабырғасы қайысады. Осы ретте, әлем елдерін құрсауына алып, енді біздің елге да ауыз салып отырған коронавирус індетінің таралуына байланысты бұған дейін де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жолдаған еді.Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да арнайы Мәлімдеме жасағанын білеміз.
Бүгін еліміздің бас газеті, «ел газеті» – «Егемен Қазақстанның» №??? санында жарияланған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын оқып, толықтай танысып шықтым. Толғаныс пен бағыт-бағдарларға толы мақаланы оқып шығып, мақалаға байланысты өз ойыммен аудандық газет арқылы бөлісейін деп шештім.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында атап көрсеткендей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үшін қиын да күрделі кезең болғаны белгілі. «Басқа түссе баспақшыл» деп, қандай істе болсын әліптің артын бағып, сабыр сақтайтын қалпымызбен жолымызда кездескен қиындықтардың бәрін бір халық болып еңсеріп келеміз. Еңсере де береміз. Ұлт саулығы мен халық тағдыры сынға түскен әрі әлем елдері алмағайып күн кешіп отырған күрделі сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің сүйікті халықына арнап сөз арнауы әрі халықпен бірге екенін риясыз білдіруін ел өміріндегі аса маңызды оқиға деп қабылдағанымыз жөн.
Иә, коронавирустың таралуы біздің елдің экономикасына да едәуір қиындықтар әкелуде. Қазір халық арасында үрей мен күдік басым. Олардың әрқайсысының көкейінде: «Ертеңгі күніміз не болмақ?» деген сұрақтың да қылаң беруі заңды құбылыс. Осы ретте, Елбасыдан бастап ел Президенті Қ.Тоқаев, Үкімет басшылары, өңірлердің әкімдері тиісті шараларды жедел қолға алды. Қазіргі таңда оның нәтижесі де көрінуде. Өңірлерде халық тұтынатын бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасының негізсіз өсірмеуге, дезинфекциялық және антисептикалық материалдардың тұрғындарға қолжетімділігі басты назарда ұсталып отыр. Бұл – ең алдымен халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
Елде қалыптасып отырған қиындықтар мен күрделі жағдайға қарамастан Қошқарата ауылына ауыз су құбыры тартылып жатыр. Тұрғындардың игіліг үшін басқа да маңызды жұмыстар қолға алынуда. Мұның да ел ішіндегі береке-бірлікті арттыруға, алыс ауылда тұрғындардың тұрақтап, тірлік жасап, саналы ұрпақ өрбітуіне мемлекет тарапынан жасалып отырған жақсы жағдай екеніне көңілің қуанады. Бұл – еліміздегі ынтымақ пен бірліктің арқасында ғана мүмкін болып отырған жағдай.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің арасынан алғашқылардың бірі болып кіріскенін атап өтіп, халықтың абыржып, алаңдауына ешқандай гнегіз жоқ екенін аңғартты. «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Бұл аты жаман аурумен күресте барлық қоғам мүшелерінің белсенділігі қажет. Қауіпсіздік пен денсаулық – ең алдымен өз басымызға қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы мақаласының халық үшін, ертеңгі жарқын болашақ үшін де маңызы зор. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда елімен етене болып, өзінің сүйікті халқымен де бірге болады.
Жәнібек МЫРЗАЛИЕВ,
Қошқарата ауылдық округінің әкімі