Basty bet

Айтылған ұсыныстар аяқсыз қалмайды

Сәрсенбі күні Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімінің есеп беру жиыны өтіп, оған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиев, аудан әкімдігінің сала бойынша ұсыныс жасалған бөлім басшылары мен аудандық мекеме басшылары, тұрғындар қатысты.

Жиынның мақсат-міндетіне тоқталған ауылдық округ әкімі Көбейсін Хайралапов күн тәртібіндегі мәселелерді атап өте келе, сөз кезегін учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жарас Сиқымбаевқа берді.
Учаскелік полиция инспекторы жыл қорытындысына арналған баяндама жасады. Есептік кезеңде аймақта өткен жылы бірде-бір қылмыс тіркелмепті. Қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында 191 хаттама толтырған. Жалпы тұрғындармен, жеке кәсіпкерлермен округ әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесе отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Өткен жылдың басынан бастап 11 бағыттан тұратын 2019-2020 жылдарға арналған «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы енгізіліп, осы бағыттарда жұмыс атқарған. Баяндамашы сөз соңында алдағы уақытта халықтың сенімін арттыру, округ тұрғындарын қауіпсіздендіру мақсатында жұмысты жандандыратынын тілге тиек етті.
Одан кейін округ әкімі Көбейсін Хайралапов сөз алып, өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмыстарды саралады. Сонымен қатар, алдағы жылы атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Округте тұрғындар ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлестерін қосып, мал басының санын арттырып, шаруалар техникаларын жаңартқан. Ауыл әкімі аппараты тұрғындарға жүйелі жұмыстар атқарып, олардың өтініштері мен сұраныстарын қанағаттандырған.
Тұрғындардың арасында кәсіпкерлігін ашып, өз ісімен шұғылданушылар да кездеседі. 4 елді мекендерде күнделікті халық тұтынатын тауарлар сататын барлығы 7 дүкен, 1 кондитерлік шағын цех, бір кірпіш зауыты және бір ағаш тілу цехы ауыл тұрғындарына қызмет жасауда, өз өнімдерімен округ тұрғындарын және Тараз қаласы мен Жуалы ауданы тұтынушыларын қамтып отыр.
Ауылдық округте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2020 жылы орындалуы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында тұрақты және маусымдық жұмыс орындарына 68 адам орналастырылған, яғни ақылы қоғамдық жұмыстарға 27 адам тартылып, «Жастар тәжірибесінен» өтуге 9 жас қабылданған, 14 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылып, 18 адам тұрақты жұмыс орындарына тұрған.
14 азамат нысаналы мақсатқа жатқызылған, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына 555 мың теңгеден қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, мал шаруашылығы бағытында жұмыстарын дөңгелетуде. Пилоттық бағдарлама аясында «Атамекен-Бастау» АӨК 7 адамды және кондитерлік цех 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Осы аталған жоба арқылы тұрғындар жұмыспен қамту мүмкіндігі туындап, жұмыссыздық деңгейі төмендеген.
Ал, тұрғындарға есеп берген аудан әкімі Н.Ергебеков 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы қорытындысымен таныстырды. Баяндамада атқарылған жұмыстар кеңінен көрініс тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші сараланды.
Баяндамадан соң кезек сұрақ-жауапқа берілді. Бәйтерек ауылының тұрғыны Талғат Тойшыбеков «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бар жақсылықты балаларға арнауды, оларға жағдай жасауды тапсырып отыр. Осы мақсатта жақында ауыл әкімімен бірлесіп осындағы балабақшаның жай-күйімен танысып шыққан болатынбыз. Біздің ауылдағы балабақша қазіргі бүлдіршіндерге тарлық ететініне көзіміз жетті. Менің сіздерден сұранарым осы балаларға ауыл әкімшілігінің ғимаратын берсек. Ондағы қызметкерлердің саны аз болғандықтан, әкімдік ғимаратын ауыстыруға қарсылық танытпайды деп ойлаймын» деді.
Ал, Бауыржан Тәжіханов шаруалардың атынан ағын судың жоқтығын айтып, шешімін табуға ықпал етуді сұранды.
Жиында түскен сұрақтарға аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы жауап берді. Сөз соңында тұрғындарды денсаулықтарын күтіп, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Барша жұртшылыққа отбасына амандық, жұмыстарына табыс тілеп, жиынды қорытындылады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close