Basty bet

Күн тәртібінде – жол-көлік оқиғалары

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында 2018-2019 жылдар аралығында жол-көлік оқиғаларына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтары бойынша мекемеаралық кеңейтілген мәжіліс отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімі Н.Ергебеков төрағалық етті.
Оған аудан прокуроры Секер Бүркітбаев, аудан прокурорының орынбасары Болатхан Қалыбаев, Жамбыл облысы жол-патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Руслан Оразбақов, Жамбыл облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының жол қозғалысының техникалық бақылау бөлімшесінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ербол Бибасаров, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Есім Ордабаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы Бауыржан Исмаилов және аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мекеме басшылары қатысты.
Жиын барысында жол-көлік оқиғаларына қатысты мекеме басшылары өз мекемесі тарапынан атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады.
Баяндамашылардың баяндамасында көтерілген әрбір мәселеге аудан прокуроры Секер Қасымбайұлы ерекше мән беріп, сұрақтар қоя отырып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Баяндамалар барысында аудан көлемінде айып тұрағын маусым айына дейін іске қосылуын қамтамасыз ету, аудан аумағында орнатылған бейнебақылау камераларының түнгі уақытта көрсету мүмкіндіктерін қарастыру, аудан ішіндегі жол-көлік оқиғалары көп орын алатын жерлерге арнайы жол белгілерін орнату, аудандық орталық ауруханасына 2020 жылдың ақпан айына жаңа алкотестер алу, ауа райының қолайсыздығына байланысты тайғақтар орын алуына орай жолға тайғаққа қарсы материалдарды жиі себу, аудан аумағына «Сергек» камераларын орнатуға ұсыныс енгізу, тағы да басқа өзекті мәселелер қозғалды.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы қорытындылады.

«Жаңа өмір» – ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close