Basty bet

Адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ерекше көңіл бөлген. Президент Жолдауында: “Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ.
2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.
Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі.
Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын ала жасалады.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді” деп атап көрсетілген.

Сонымен қатар Президентіміз аталған Жолдаудың “Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция” атты үшінші бағдарында елімізде кәсібилік пен еңбекқорлықты жоғары бағалау, жастар өздері қалаған мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеруі қоғамдағы басты құндылықтардың бірі екеніне ерекше тоқталды.
Елімізде “2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба” қолға алынды. Ондағы мақсат – кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында осы бағыттағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу. Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға дейін ұлғайтуға, 1 млн-ға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді деп күтуде.
Халықты жұмыспен қамту мемлекетіміздің басым бағыттағы жұмыстарының бірі.
Аталған жоба аясында біздің ауданда да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, жобамен тікелей жұмыс жасайтын аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаевтың мәліметінше, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде жоспар бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жалпы 3634 адамды тарту көзделген. Алайда үстіміздегі жылдың тоғыз айында 3866 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жоспар 106,4 пайызға орындалуда.
Сонымен бірге 2501 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде1607 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл бағыттағы жоспар да артығымен орындалып отыр.
-Ұлттық жоба шеңберінде 92 адамды онлайн-оқыту жоспарланған, алайда тоғыз айда 101 адам оқытылды.
Қысқа мерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына аудандағы жұмыс берушілердің сұраныс өтінімдері негізінде 75 адам оқуға жолданды. Олар: құс өсіру-15 адам, тракторшы-15, аспазшы- 15, көлік жүргізушісі-10, электрогазбен дәнекерлеуші- 10, кондитер- 10. Оқуын аяқтаған 73 түлектердің ішінде тұрақты жұмысқа – 65 адам жолданды,- дейді Зиядхан Бүрлібаев. -Жұмыссыздарды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында оқытуға – 30 адамды тарту көзделген болатын. Тоғыз айда 28 адам оқуға жолданды. Олардың мамандықтары: 10 адам кондитер, 10 адам шаштараз,10 адам тігінші. Қазан айында қалған екі адам оқуға жолданатын болады.
Ақылы қоғамдық жұмыстарға – 620 адамды тарту жоспарланып, 602 жұмыссыз азаматтар орналастырылды.
Ұлттық жобаның маңызды бағыттарының бірі – “Жастар тәжірибесі” бойынша 177 жас мамандарды жұмысқа орналастыру қарастырылған, алайда 126 жас маман жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ, Ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына – 120 адамды орналастыру жоспарланған еді. Бұл бағыт бойынша 135 жұмыссыз азаматтар жұмысқа жолданып, жоспар 112,5 пайыз, яғни артығымен орындалды.
Жастарға арналған “Алғашқы жұмыс орны” жобасы аясында 11 адамды орналастыру жоспарланып, 14 жас азаматтар жұмысқа жолданды.
«Ұрпақтар келісімшарты” жобасына – 2 жас мамандарды тарту көзделген, алайда 1 жас азамат жұмыспен қамтылды.
«Күміс жас» жобасы бойынша 23 адамды тарту көзделген болса, бүгінгі таңда 17 адам жұмысқа жолдама алды.
Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 8 тұрақты жұмыс орынына квота белгіленді, 4 адам жұмысқа орналастырылды.
Есепті мерзімде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында тиісті шаралар қабылданып, барлығы 67 азамат белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа- 36 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға- 17 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына- 7 адам, Жастар практикасына- 3 жас маман жолдама алды, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 4 азамат жіберілді.
Аталған жобалар бойынша тиісті іс-шаралар жалғастырылуда.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 885 қатысушылар кәсіпкерлік негіздеріне 25 шілдесінен бастап онлайн-режимінде оқып, 839 адам- сертификаттарға ие болды (оның ішінде жастар 486 адам, әлеуметтік осал топтарына жататын 353 адам), 46 адам оқуларын жалғастыруда.
Бүгінгі таңда Ұлттық жоба шеңберінде аудан бойынша 66 азаматтардың кәсіпкерлік бастамашылықтарына 80 млн 863 мың 200 теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді. Жыл соңына дейін жалпы 182 азаматтарға грант беру жоспарлануда.
Қазіргі кезде грант алушылар аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуда.
«Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді қалыптастыру мақсатында аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танылған 1227 отбасы толық тексеріліп, нәтижесінде көмекке тиесілі болып табылғаны 15 отбасы. оның ішінде бүгінгі таңда 2 отбасына көмек тағайындалып, төленуде; қалған 13 отбасының құжаттары осы тоқсанға әзірленуде,- дейді Зиядхан Бүрлібаев.
Ұлттық жоба аясында жастарға қолдау көрсету, тұрғындарды жаңа мамандықтар бойынша оқытып, олардың кәсіпкерліктегі бастамаларына қолдау көрсету, жұмыссыздарды жұмыспен қамту – мұның барлығы халықтың тұрмысының көтерілуіне жасалған маңызды қадамдар. Әрине әрбір қадамның нәтижелі болуы тұрғындардың өзіне де тікелей байланысты. Яғни, бар мүмкіндікті пайдаланып, бәсекеге қабілетті болуға талпыну, ерінбей еңбек ету арқылы ғана аяғынан нық тұрып кете алады. Әділетті мемлекет болуды мақсат еткен елімізде маңызды мәселелердің бірі адам әлеуетін дамыту болып қала береді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close