Basty bet

ДЕР КЕЗІНДЕ ЖАСАЛҒАН МӘЛІМДЕМЕ

Жер бетіндегі бүкіл адам баласының ғаламшар атты алып бір кеменің жолаушысы екенін дер кезінде еске салған коронавирус індетінің беталысы күн сайын өсіп келеді. Салдарынан кеше қабылдаған шешім бүгін тиімсіз болып, бүгін көтерілген мәселе ертең өзектілігін жойып жатыр. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде Мемлекет басшысы дағдарыс пен төтенше жағдайды ел болып еңсеру жөнінде мәлімдеме жасады.
Ол әрине бірінші кезекте қауіпті вирустың елімізге кең жайылып кетпеуі үшін сақтық шараларын күшейтіп, санитарлық нормаларды сақтап, үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет екендігін тағы да ескертті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін ел халқына көрсетілген көмектер легіне тоқталып, алдағы уақытта берілетін көмектер қатарында әрбір азамат назардан тыс қалмайтындығын жеткізді.
Бұл вирус онсыз да шатқаяқтап тұрған экономиканы тәлтіректіп-ақ тастады. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта төтенше жағдайға байланысты келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек жалғаса беретіндігі, 1,1 млн астам адам азық-түлікпен қамтамасыз етілетіндігі, сәуір-мамыр айларында 1,6 млн астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетілетіндігі, ауыл шаруашылығы саласына 200 млрд пен бизнесті қолдау үшін 6 трлн теңге бөлінгендігі туралы т.б шешімдері қиын-қыстау кезеңдегі ел халқына жасап жатқан қамқорлығы деп қабылдауымыз қажет.
Сондай-ақ Президент мәлімдемесінде еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты Төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Мұның өзі еліміздің күрделі кезеңнен қысылмай өтетініне сендіре түскендей. Дерттен айығуға дем болатын ауқымды іске атсалысу енді баршамыздың міндетіміз. Осы қиыншылықтан шығу жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!» деп бізді бірлесуге шақырды. Мен Президенттің сөзін қолдай отырып «Бірлік түбі – тірлік» екенін жеткізгім келеді.
Руслан Сайлаубаев,
Аудандық мәслихат депутаты, ең үздік бастауыш бөлімше республикалық байқауы жеңімпазы

Таңдаулы материалдар

Close