Basty bet

«Берікқара» лагеріндегі қызықты күндер

Туған жер – туған ана. Туған жердің қасиеті туралы кімдер толғанбады, кімдер қолына қалам алып жырламады десеңізші?! «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген нақыл сөз де халқымыздың туған жері мен туған Отанын шын сүйіп, қадірлеуден туғаны анық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да қасиетті туған жердің құндылықтары және ол жерден түлеп ұшқан тұлғалар туралы кеңінен айтылғаны белгілі.Билікөл аймағындағы Қарабастау ауылынан шыққан танымал әулет Миразовтар жанұясының туған ауылына жасаған шарапаттарын бүгінде облыс жұртшылығы біледі. Жуалы жерінде туып, осындағы атақоныста балалық шағы өткенімен Миразовтар әулетінің балалары қазіргі таңда Алматы қаласында тұрып, еңбек етуде. Бұл отбасының әкелері Төре Мірәзұлы осы аймаққа қадірі артқан азамат болған деседі. Ол көзі тірісінде Берікқара шатқалында қорықшы болып жұмыс істеген екен. Бұл әулеттің қара шаңырағы сол шатқалға кіреберісте әлі күнге дейін бұзылмай сақталған.
Туған жерге деген перзенттік парызын терең түйсінген бұл әулеттің балалары біраз жылдар бұрын Қарабастау ауылына мешіт салып, оған аталары Мірәздің есімін берді. Ауыл жастарының бір мезгіл спортпен айналысуына жағдай жасауды да естен шығармай ауылдың дәл орталығына баскетбол, футбол ойнауға арналған спорт алаңшаларын жабдықтап, ауылдастарының алғысына бөленді. Өткен жылы Ерғали Миразов ата-бабаның ескі қонысы болған әйгілі Берікқара шатқалына осы шатқалдың есімімен аталатын жанұялық демалыс кешенін ашқан болатын. Міне, осы уақыттан бері мұнда туристер ағылып келіп жатыр.
Табиғаты саф ауасымен, мыңдаған емдік шөптердің хош иісі аңқыған жұпарымен, құстар және жануарлар дүниесінің сан алуандығымен ерекшеленетін шатқалда демалудың өзі бір бақыт. Жуалының Қаратау жотасында орналасқан осынау әсем мүйісте демалуға әсіресе балалар құмар. Мұндағы демалыс орнында жанға жайлы, демалысқа керекті жағдайдың бәрі қарастырылған. Негізгі кешен төрт қабатты ғимараттан тұрады. Одан бөлек, туристер үшін бөлек-бөлек жер үйлер салынған. Спорт алаңдары, бассейн, монша, душ, сонымен бірге әткеншектердің түр-түрі бар. Балаларға атпен серуендеп, туған жердің табиғатымен кеңінен танысуға да жағдайлар жасалған. Қазір де мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Туристер үшін тағы да қосымша ғимараттар салынуда. Демалыс кешені өкілдерінің айтуынша, 2020 жылы шатқал аумағынан тау-шаңғы курорты салынады деп күтілуде. Айта кету керек, «Берікқара» демалыс орталығында демалыс маусымы уақытында 60-қа жуық адам жұмыс істейді екен.
«Жақсыны – көрмекке» деген. Жақында Билікөл ауылдық округіне жасаған іссапарымыздың барысында «Берікқара» жанұялық балалар демалыс орталығына арнайы барған болатынбыз. Біз барғанда мұнда Алматы қаласының мектептерінен келген 435 оқушы жазғы демалысын қызықты өткізуде екен. Олар лагерьде 12 күн бойы демалады. Жазғы лагерьдің фельдшері Светлана Надирова Берікқара шатқалының табиғаты ерекше екенін айтып, балалардың денсаулығы үнемі қадағалауда болатынын, олар бес мезгіл құнарлы тамақпен, қызықты спорттық шаралармен қамтамасыз етіліп отырғанын тілге тиек етті.
Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдан келген №76 орта мектептің 6 сынып оқушысы Еңлік Төлегеннен лагерьдегі жазғы демалыс жайлы сұраған болатынбыз.
– Біз мұнда үшінші маусым күні келдік. Қасиетті Жамбыл облысының, оның ішінде Жуалы ауданының әсем де сұлу табиғаты маған бірден ұнады. Лагерь орналасқан Берікқара шатқалы түрлі шөптер мен ағаштарға, аң-құстарға бай екен. Келген күннен бастап түрлі ойын-сауықтық, спорттық іс-шаралар өтуде. Мен сол шараларға қатысып, жүлделі орынға да ие болып үлгердім. Тауға атпен де серуендеп қайттық. Маған ата-анам үнемі Жамбыл жері туралы айтып отырады. Мүмкіндік болса мұнда тағы да келіп, демалғым келеді,- дейді ол. Ал №17 орта мектептің оқушысы Фатима Тілеу лагерьдегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, жаңа достар тапқанын қуанышпен жеткізді.
Лагерьдің педагог-ұйымдастырушылары Ләззат Аманжолқызы мен Лаура Нұржігітқызы балаларға мұнда жас ерекшеліктеріне қарай қызықты іс-шаралар ұйымдастырылатынын, әрбір күн таңертең жаттығумен басталатынын айтады.
«Балалар – біздің болашағымыз» деген сөзді айтудан да, жазудан да танбай келеміз. Алайда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары кейде кемшін түсіп жатады. Ал, Билікөлден шыққан кәсіпкер, жастарға жанашыр азамат Ерғали Миразов қазір Алматы қаласында тұрса да туған ауданының оқушы жастарының демалысына жағдай жасауды перзенттік парыз санап, өткен жылы «Берікқара» жанұялық балалар демалыс орталығында жазғы лагерь ұйымдастырды. Биылғы жылы да бұл үрдіс өз жалғасын таппақ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close