Basty bet

Сақтық шараларын қатаң сақтайық

Соңғы ақпарат бойынша коронавирустық инфекцияның ел аумағына таралуы көңілге күдік ұялатып отыр. Ресми ақпараттарға сүйенер болсақ, коронавирус індеті бір күнде ел аумағында 610 адамнан анықталған. Осыған орай елімізде бірқатар өңірлер карантинге жабылып отыр. Атап айтқанда, Қостанай, Павлодар және Петропавл қалаларына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Онда шекаралық бекеттер орнатылып, жолаушылар қатаң тексерістен өткізілуде.

«Жау жоқ деме, жар астында» демекші, ауа райының суытуына байланысты аты жаман індет біздің өңірден де байқалуы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сақтансаң – сақтайды. Әрқашан сақ босақ, сау болатынымыз анық.
Аудан әкімі Н.Ергебековтың тапсырмасымен аудан әкімі аппаратының басшысы С.Қойбақовтың жетекшілігіндегі аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топтың мүшелері апта басында аудан орталығындағы бірқатар, сауда орындары мен дүкендерді аралап, сақтық шараларын, санитариялық талаптардың сақталуына назар аударды.
Топ мүшелері алдымен «Nurai Plaza» бизнес орталығында болып, ондағы ғимарат бөлмелерін жалға алып, кәсіп жасап отырған жеке кәсіпкерлерге күнделікті медициналық бетперде тағып, қызмет алушылардан да бетперде тағуды талап ету қажеттігін ескертті. Айта кету керек, аталған бизнес орталықтың ғимаратында бірінші қабатында аудандық кәсіпкерлер палатасы, киім-кешек сататын орын, одан бөлек, компьютерлік қызмет көрсету, басқа да сауда-саттық бөлмелері бар. Тиісінше, кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінуге келетіндердің де қатарының көп болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан ғимарат ішінде тиісті санитариялық талаптарды қатаң сақтаған дұрыс. Бизнес орталықтың иесіне және ондағы қызмет көрсетушілер мен қызмет алушыларға да карантин талаптарын сақтау шаралары жан-жақты ескертілді.
Мониторинг топ мүшелері келесі кезекте Б.Момышұлы ауылы Б.Сафинов көшесінің бойында орналасқан «МЕР» және «Аружан» шағын маркеттеріндегі санитарлық талаптарды зерделей келе, Жамбыл облыстық бас санитариялық дәрігерінің №39 Қаулысының талаптарын түсіндіріп, дүкенде тұтынушыларға бетпердесіз қызмет көрсетпеу, сондай-ақ, қызмет көрсету барысында арнайы қолғап пен антисептиктерді пайдалану қажеттігін ескертті. Бір айта кетерлігі, өткен апта басында аудан әкімінің орынбасары Е.Қалмұрзаев жетекшілік ететін мониторинг топ мүшелері «Аружан» шағын маркетінде санитариялық талаптардың өрескел бұзылғанын анықтап, дүкен иесінен және бір тұтынушыдан түсініктеме алған болатын. Бұл жолғы тексеріс барысында ешқандай санитариялық талаптардың бұзылуы анықталған жоқ.

Таңдаулы материалдар

Close