Basty bet

Ауыл мектептерінің ажары ашылады

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл жазда ауданда ұзын-ырғасы 38 жоба іске асырылуда. Ел қазынасынан бөлінген 2,5 млрд. теңге қаражатқа елді мекендерді ауызсумен, газбен жабдықтау жобаларымен қатар әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары да кешенді түрде қолға алынып отыр.

Аудан әкімдігі білім бөлімінің мәліметіне қарағанда, дәл қазір бөлімге қарасты төрт мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 96 076,7 мың теңге бөлініп, ашық конкурс арнайы тәртіппен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы жүргізілген.
– Күрделі жөндеу барысында екі орта мектеп ғимаратының шатырын ауыстыру және екі орта мектептің ғимаратын металл пластикпен қаптау жұмыстары атқарылуда. Бұл – Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы және Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылындағы Күреңбел орта мектебі ғимаратының шатырын ауыстыру, сондай-ақ аудан орталығындағы №15 мектеп-лицей мен №29 орта мектеп ғимаратының сыртын металл пластикпен қаптау жұмыстары. Конкурс нәтижесінде барлық жобалардың мердігері Тараз қаласынан «Асау Инвест-Ник» ЖШС болып танылды, – дейді аудан әкімдігі білім бөлімі мемлекеттік сатып алу секторының меңгерушісі Гүлнұр Ошақбаева.
Аталған білім ошақтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын техникалық қадағалау қызметін аудандық бірыңғай ұйымдастырушы аудан әкімдігінің қаржы бөлімі арқылы жүргізілген ашық конкурс нәтижесінде Б.Момышұлы атындағы, аудан орталығындағы №29 орта мектептер мен №15 мектеп-лицей бойынша «ADS Company KZ» ЖШС, ал Күреңбел орта мектебі бойынша «Технадзор-2015» ЖШС атқарса, авторлық қадағалауды «Алтын Жоба» ЖШС іске асыруда.
– Жоғарыда көрсетілген төрт мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат талонын алған күннен, яғни, 2020 жылдың 25 мамырынан басталды. Ондағы жөндеу жұмыстары барысы мен сапасының жобаға сай атқарылуы тапсырыс беруші мен техникалық қадағалаушы тарапынан қадағалануда. Шарт бойынша Бауыржан Момышұлы атындағы, №29 және Күреңбел орта мектептеріндегі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 10 шілдесінде, ал №15 мектеп-лицейдің ғимаратын қаптау жұмыстары ағымдағы жылдың 27 шілдесінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға Жуалы ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы берілген жоспар аясында жергілікті 15 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда, Б.Момышұлы атындағы орта мектеп және Күреңбел орта мектебінің шатырын ауыстыру жұмыстары 95%, ал қалған екі мектептің ғимаратын қаптау жұмыстары 60 пайыздан астамға орындалды, – дейді сектор меңгерушісі.
Маманның сөзінен аталған білім ошақтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуға жақын қалғанын аңғардық. Бұйырса, жөнделіп, жаңа келбетке ие болған мектептер шәкірттер мен ұстаздардың көз қуанышына айналуымен қатар, ауылдың ажарына ажар қосатынына сенімдіміз.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close