Basty bet

Сенім күші – ең үлкен күш

«Басқа түссе, баспақшыл» деп, қандай қиын жағдайда да әліптің артын бағатын қазақ дейтін текті халықтың ұрпағымыз. Әлемді «коронавирус» деп аталатын аты жаман індет құрсауына алып, осыған байланысты біздің елімізде де күрделі жағдай қалыптасып отырған қазіргі сын сағатта сабыр мен тәртіпті сақтап, жарқын күнге тез жетейік, әрине. Ойлы, саналы көзқарасың қалыптасса, әрине, абайлап сөйлеп, ақырын басуға үйренесің. Қандай істі бастасаң да алғаш жан-жақты ойланып барып қадам басасың. Бұл әрине, дала заңының бұлжымайтын ережесі сияқты.

Осындайда алыпқашпа сөздерге құлақ аспай, тәртіпті тәңіріндей көретін, кісілікті жоғары ұстайтын тектілік пен үміт оты мен сабырлығы жоғары яғни, тілек-ниеті күшті, абыройлы жан болуымыз керек. Билік пен бұқараның күшін біріктіріп, қолдап отыратын қасиет болуы керек. Ата-бабаларымыздан қалған қанымызда бар қайсарлық пен ерік-жігерімізді, ұлттық құндылығымызды жоғары ұстайық.
Демек, қандай кезеңдерде де, қиындықта да мойымай еліміз бен жерімізді жоғары ұстауымыз керек. Міне, бұл біздің ұлттық болмысымыз, құндылығымыз, Отансүйгіштік қасиетіміз. Біз әртүрлі қиын заманды бастан кешірген, бірақ бірлігі мен жанқиярлық қасиеттерді, тиянақты елдігін сақтап келе жатқан, жауға да, ауруға да, ашаршылық пен репрессия кезеңдеріне де мойымай істерімізді, қазынамызды ұлттық құндылығымызды, берекемізді сақтап келе жатқан қазақ халқымыз. Алла қаласа, әлі де солай болары анық. Осындай қиындықтарды әрбір пенде ең алдымен Алланың сынағы деп түсініп, бірлігімізді арттырып, барлық іс-шараларға түсіністікпен қарап, үлкен сеніммен қолдауымыз керек. Өйткені, сенім күші – үлкен күш.
Өмір болған соң ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, қиындық пен қызықшылық, яғни дүние алма-кезек ауысып келіп отырады. Доспамбет жырау жырлағандай, «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран». Ислам шариғатында жаратушы өз пендесін дүние һәм дүние байлығы арқылы сынайды деген аят бар және сынақты тек көтере алатындарға ғана береді екен. Демек, бұл үлкен сынақ және «сақтансаң – сақтаймын» деген үлкен ескертпе. Бұл мақаланы жазуға итермелеген жағдайлар, 55 жастан асқан азаматтарға әрине, қарт кісілерге Алла тағала қуат пен сабыр берсін. Президент Жарлығымен елімізде төтенше жағдай жариялаған кезден бастап үлкен кісілерді өзін-өзі оқшаулау режімі маған қатты әсер етті.
Тарихтың әрбір тарауының адамзат үшін орны бөлек. Міне, біздің басымыздан өтіп жатқан қиындықтар да тарихтың өрнегі. Олай болатын болса, бәрімізге осы қиындықтан өтудің жолдарын қарастырып, ел-жұрт болып бірігіп, қам-қарекет жасауымыз керек емес пе?! Әлем жұртын әбігерге салған коронавирус індеті тұсында болған оқиғаларды еске ала отырып қауіп көп, мүмкіндік аз кезде ажалмен арпалысқан ақ желекті жандар мен тәртіп сақшыларына, әскери қызметшілерге ризашылығымызды білдіреміз. «Демі бардың, емі бар» деген қанатты сөздің орынды айтылғанын бәріміз жақсы білеміз. Әрбір істің қайырымы болады. Сондықтан алдағы күнге зор сеніммен қарауымыз керек. Әрбір жанұя ауыл, аудан, қала оқшауланған режімде болсақ та, бос уайымдай бермей бір-бірімізге қолдау көрсеткеніміз абзал болмақ. «Жақсылық – жанның байлығы» демекші, уақытты көңілді өткізуге тырысып, жүйкемізге күш түсірмей, қарт кісілер болсақ та көңіліміз сүйген, жүрегіміз қалаған істерімізбен айналысайық. Бұрын айналысуға уақыт жетпей жүрген тіршіліктерімізбен айналысып, кітап оқып, жанұямызбен бірге алдағы жақсы күндердің жақын екендігіне сеніммен қарайық.

Төлебала СҮҢГІБАЕВА,
зейнеткер-ұстаз.
Көлтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close