Basty bet

«Елімнің жақсы қырларын ғана көремін»

«Атадан балаға, кейінгі ұрпаққа өркенді өнеге мен жақсы сөз жетеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» делінетіні де сондықтан. Қарттықтың қадірлісі – озық дәстүрлерді, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауға үлес қосу. Байырғы тарихымызға ой көзімен қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Дауды әділ шешіп, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын жықпай, туғанына тартпауымен көпке үлгі, жасқа тәлім берген. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей атсалысқан». Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінің «Қарияларымыз-қазынамыз» бөлімінде осындай ұлағатты ой айтылған. Елбасы айтқандай, ел ішіндегі абыз ақсақалдар мен қазыналы қариялар қашанда еңселі елдігіміз бен бекем бірлігіміздің мызғымас тірегі болып, қоғамға адал қызмет етіп келеді.

Қайрат ауылының қадірменді қариясы, ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлын аудан жұртшылығы медиатор, батагөй ретінде жақсы таниды десек артық айтпаймыз. Қазыналы қарияның саналы ғұмыры қасиетті Жуалы ауданымен тікелей байланысты. Жастайынан еңбек етіп ауданның дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан, өмірден көрген-түйгені мол қайраткер азаматтың ел тәуелсіздігі, Қазақстанның құрылуының басында тұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтары көп.
-Жақында ғана адуынды ақын Маралтай Райымбекұлының бір өлеңін оқыдым. Өлеңнің бір жолында былай депті: «Қанша құмар болсаңдар да даңққа, Тас лақтырып, күл шашпаңдар алыпқа. Ең данышпан ұлы патша сол патша, Оқтың даусын естіртпесе халыққа». Ел туралы, елдік хақында жырласа, ақын жүрек жырласын. Жүсіпбек Аймауытұлының: «Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ» дегеніндей емес пе бұл?!
Айтқанындай-ақ қой. Нұрсұлтан Назарбаев елді басқарған 30 жылға жуық уақыт аралығында халыққа оқтың даусын естірткен жоқ. Біз бейбіт күннің қадірін білуге тиіспіз. Елбасының мемлекет басқарудағы еңбегін қазір бүкіл әлем мойындап отыр. Әлемдік қауымдастық Қазақстан деген елді Нұрсұлтан Назарбаев арқылы танығанын айтуға тиіспіз. Бұл – әлем жұртшылығы Абайды Мұхтар Әуезов арқылы, Әуезовты Абай арқылы танығаны сияқты ұлы құбылыс.
Мемлекеттің тарихында елдің бағына біткен, халық үшін жаратылған азаматтар болады. Бірақ, бұл сирек кездесетін құбылыс. Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы да қазақ халқының маңдайындағы жарық жұлдызы. Әйтпесе, еліміз егеменедік алып, етек-жеңі жиылмай, өз қолы өз аузына жетпей тұрған қиын-қыстау уақытта халықты соңынан ертіп, елді ширек ғасырға жуық басқару кез келген ер азаматтың қолынан келе бермейтіні ақиқат. Тәуелсіздік алған алғашқы тоқсаныншы жылдары халықтың тұрмысының тіптен төмендеп кеткенін өз көзімізбен көрдік. Кеңестік Одақ елдері тарап, Одақ құрамында болған елдер өз алдына қайта құрылып жатты. Онда ел ішінде жағдай онша мәз емес. Колхоз-совхоздар таратылды. Өндіріс тоқтады. Қайта құру басталды. Былайша айтқанда, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып кетті. Бірақ бұл да уақытша қиындық еді…
«Аққу, қазсыз көл жетім, иесіз қалса ел жетім» демеп пе еді бабаларымыз?! Сондай қиын кезеңде елді жарқын болашаққа жетелейтін бір көшбасшы қажет болды. Міне, дәл осы кезеңде қалың бұқара халықтың қолдауымен ел перзенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның тізгінін өз қолына алды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елі Елбасына тағдырын табыстады, Елбасы да ел сенімін ақтай білді.
Бәрі кешегідей көз алдымда. Тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Сол кезеңде өңірлердегі өндірістер бірінен соң бірі тоқтап жатты. Бір жолы теледидар көріп отырсам, Қарағанды қаласында болуы керек. Айлап жалақы алмаған кеншілер алаңға шығып, ұрандатып жатты. Сонда жұмыс сапарымен аталған қалаға барған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алаңға шыққан шахтерлерге, қарапайым халыққа басу айтып, жағдайдың оңалатынына сендіре білді. Адамның басында жақсылықтың да, жамандықтың да мәңгілік тұрмайтынын уақыт та дәлелдеді. Уақыт өте келе ел ішіндегі жағдай, халықтың тұрмысы түзеле бастады. Уақытша қиындықтардың барлығының өткінші екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Қазір заман жақсы жағына қарай өзгерді. Оны көзіміз көріп отыр.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы ерен еңбегін жақын білгеніммен бетпе-бет кездесудің сәті 2018 жылы түсті. Біз Нұр-Сұлтан қаласына үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілдері бас қосқан үлкен форумға арнайы бардық. Жамбыл облысынан барған делегацияны облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов бастап алып барған болатын. Елордада үш күн болдық. Алғашқы күні «Бейбітшілік және келісім» сарайында форумның салтанатты ашылуы болды. Екінші күні форум делегаттарымен секциялар бойынша жұмыстар жүргізілді. Жиынның негізгі бөлімі үшінші күні болды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысып, сөз сөйледі.
Форумда маған орын алдыңғы қатарлардан тиген екен. Алдымызда үлкен сахна. Елбасы мінберге шығып сөз сөйледі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы азаматтық қоғамның дамуына ерекше екпін бере сөйлегені, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі туралы айтқаны есімде сақталып қалыпты. Елдік, жарқын болашақ туралы келелі әңгімелер қозғалды. Елбасының сөзін тыңдап мен де іштей сүйсініп отырдым. Оның үстіне, ол кісіні жақыннан алғаш көруім. Бір жағынан ерекше тебіреніп те отырдым.
Форум жұмысы аяқталған соң Елбасымен бірге естелік суретке түсудің орайы келді. Онда мен Нұрсұлтан Әбішұлымен сәлемдесіп, ол кісі менің қай өңірден келгенімді сұрап, амандық-саулықтан соң атқарып отырған жұмысыма табыс тіледі. Бұл да менің өмірімдегі ең бір сәулелі сәттердің бірі деп білемін. «Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, Елбасымен кездескен сәттерімді үнемі қуанышпен еске алып отырамын. Ұл-қыздарыма, немерелеріме де Елбасының өмір жолын айтып, сол кісінің өнегелі, қанатты сөздерімен тәрбиелеп келемін. Қалай десек те, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Биылғы жылы сексеннің сеңгіріне жетіп отырған Ұлт Көшбасшысына мықты денсаулық тілеймін,- дейді Аманжол қажы Дүрәліұлы.
Әңгімелесу барысында қадірменді қария Елбасының мемлекеттік тіл туралы айтқан орамды ойларына да кеңінен тоқталған еді. «Қазақтың тілі туралы ғалымдардың, жазушылардың, қайраткерлердің айтқанын көптеп келтіре беруге болады. Ал қазақтың тілі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан пікірлерінің жөні бөлек деп білемін. Елбасының: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз» дегені кім-кімді де еріксіз елжіретпей қоймайды. Туған тілдің мәселесі бәрімізге қатысты. Елбасы тілдің тағдыры туралы айтудай-ақ айтып келеді. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» дегені ел мен жерге, ұлт тағдырына жаны ашитын жандарға, бойында ұлттық намыс бар азаматтарға ой салуы тиіс деп білемін. Сайып келгенде, тілдің тағдыры өз қолымызда. Осыны түсінетін кез әбден жетті.
«Керуенбасы білікті болса, көш азбайды» дейді дана халқымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салып берген сара жолымен жүрсе еліміз адаспайды. Еліміздегі көп игіліктер, жасампаз істер Елбасының есімімен тығыз байланысты. Сол себептен де Елбасының жүріп өткен жолы – елдіктің жолы. Болашаққа бет түзеген жарқын жол. Мен елімнің жақсы жағын ғана көремін. Ел болашағының да жарқын болуы ең алдымен өзімізге байланысты»,- дейді ол.
Шынында Елбасы – біреу, қалған ел-жұрт оған тіреу болса ғана көшіміз көлікті болмақ. Біздің елімізді жарқын болашақ күтіп тұр. Оған бекем бірлікпен, толайым тірлікпен ғана жететініміз ақиқат.

Таңдаулы материалдар

Close