Basty bet
«Әлеуметтік нысандар мүлтіксіз жұмыс істеуі тиіс» Дәулет Кәрібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Өткен аптаның аяғындағы жұмыс күнін Жуалы ауданына арнаған облыс әкімінің орынбасары өңірдегі жаңадан салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған әлеуметтік-мәдени нысандардың жұмысымен танысты.
Дәулет Жамаубайұлы жұмыс сапарын Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы құрылысы аяқталуға жақын 180 орындық мәдениет үйінің жағдайын көруден бастады. Нысанның құрылысына 101, 536 млн теңге бөлініп, өткен жылдың күзінде басталған. Қазіргі таңда мәдениет үйіндегі құрылыс жұмыстары тиянақталған. Жұмысшылар сыртқы кіреберіс басқыштың тақталарын жапсыруда. Пайдалану мерзімі ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған, алайда белгілі себептермен осы тоқсанға ауыстырылған.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметовамен және салаға жауапты мамандармен бірге нысанның ішкі бөлмелері мен көрермен залын аралап шыққан облыс әкімінің орынбасары жұмыстардың негізінен талапқа сай атқарылғанына көз жеткізді. Дегенмен де, жылыту, желдету, суағар жүйелері назар аударуды қажет етеді. Желдеткіш қазіргідей ағынды-сорғылы емес, кеңес заманындағыдай механикалық әдіске негізделген. Шатыр астындағы суағар ғимараттың қасбет жағында болғанымен, артқы жағына орнатылмаған. Мердігер ұйымның өкіліне нысанды пайдалануға бермей тұрып, осындай ескертпелерді жою тапсырылды.
Ауылдық кітапхананы жаңа ғимаратқа көшіру көзделген екен. Алайда, мәдениет бөлімінің басшылығы ауылда үйірмелердің жоқтығын ескеріп, ол бөлмені үйірмелерге беруге шешіпті. Дәулет Жамаубайұлы бұл шешімге қолдау көрсетті.
Тағы бір мәселе, нысанның төңірегінде бұрынғы құрылыстың қалдықтары жатыр. Ауылда тұрғындардың демалатын орны жоқ екені ескеріліп, ол жерден саябақ, жаттығу орындарын орнату керектігі ұсынылды.
Дәулет Кәрібек жолай ауылдық кітапханаға соқты. Сыртқы қақпада құлып тұрғандықтан, ішке кешігіңкіреп енген ол балалардың іс бөлмесінде электр ажыратқыштың сымы жалаңаштанып қалғанын көріп, оған да ескерту жасады.
Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылындағы «Күреңбел» балабақшасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Атап айтқанда, «крошка» деп аталатын сыртқы сылағы бірнеше тұстан түсіп қалған. Ғимараттан сыртқа шыққанда Дәулет Жамаубайұлының алғаш назар аударғаны шатырдың астына суағар науа орнатылмағаны болды. Соның салдарынан аққан жаңбыр, қар суы қабырғаға ұрып, сылағын түсіріп жатыр. Соңғы рет бес-алты жыл бұрын ағымды жөнделген ғимараттың жылу, жарық жүйелерінің жиі істен шығатыны, терезелерін пластикке ауыстыру керектігі айтылды. Жылу жүйесін ауыстыруға қатысты алдағы уақытта ол үшін ғимаратқа энергоаудит жүргізіп, төбеден, қабырғалардан қанша жылудың ысырап болып жатқанын, батареяның тиімділігін есептеткенді жөн санайтынын айтты. Ауданның білім беру бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетоваға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу барысында осы ескертпелерді ескеріп, шығыстарды есептеуді тапсырды.
Күреңбел ауылдық мәдениет үйінде де соңғы күрделі жөндеу жеті жыл бұрын жүргізілген. Толассыз соққан желдің әсерінен ғимараттың құбыла жақ бетіндегі металл пластикті жабындыны жартылай ұшырып әкеткен. Ішкі бөлмелері ағымды жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы мен мәдениет саласына жауапты мамандарға жөндеу барысында және алдағы уақытта ғимараттың ішкі-сыртқа безендірілуінде өзінің төл ою-өрнектерін сақтау керектігі тапсырылды. Осы аймақта электр кернеуіне шектен тыс жүктеме бар екендігі ескеріліп, электр қуатына жүктемені жеке трансформатор орнатып, тұрғын сектор мен мәдениет нысанына екі бөлек желі тарту арқылы түсіруге болатыны айтылды.
Шалғайдағы Қошқарата ауылдық округінің Ақтасты ауылына аялдағанда, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекке бастауыш мектептің жағдайы таныстырылды. Мұнда 16 бала оқиды. Мектеп ыңғайластырылған екі бөлек ғимаратта қоныс тепкен. Ғимаратты ағымды жөндеуден өткізу жыл сайын көтеріліп жүрген мәселе екен. Осы ретте Дәулет Жамаубайұлы ескі ғимаратты жөндеудің тиімділігіне назар аударды.
Дәулет Кәрібек ауылдың орталық көшесінің бойынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан әкімшілік кеңсе ғимаратына да аялдады. 74,5 млн теңгеге бағаланып, келешек мектептің ғимараты болады деп есептелген нысанның құрылысы өткен жылы күзде басталып, аяқталуға жақын екен. Дәулет Жамаубайұлы мердігер «Жазылбек» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Нұрсұлтан Түменбаевпен бірге ғимараттың ішін-сыртын шолып шықты. 50 оқушы орынға шақталған, 4 бөлмеден, бір мұғалімдердің іс бөлмесінен, акт залынан құралған.
Сыныптарға кіргенде, ҚНжЕ нормаларының талаптары сақталмағанына көз жеткізді. Яғни, оқушылар оң қолмен жазатын болғандықтан, терезедегі жарық сол жақтан түсуі керек. Спорт зал қарастырылмаған. Мердігер қосымша спорт зал салу үшін тағы да 75,0 млн теңгедей қаражат қажет екенін жеткізді. Дәулет Кәрібек осы арада мердігерге мектептің бюджетке 150 млн теңгеге түсетінін есептеп, бұл соманың 50 орындық білім ошағы үшін қымбат екенін айтты.
Дәулет Жамаубайұлының келесі аялдағаны, аудан орталығындағы жөндеуден өткізілген орталық саябақ болды. Мұнда ауданның үкіметтік емес ұйымдары, ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын сұхбаттасты.
Басқосу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков еліміздегі, соның ішінде өңіріміздегі татулық пен ынтымақты негізге алып, серпіліс жолына тілектестігін білдірді. ҮЕҰ атынан сөз алған «Ақментей» ҚБ төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы ауданда жеті қоғамдық бірлестік жұмыс істейтінін, алайда биыл облыста ҮЕҰ-дарға бөлінетін гранттың ауданға бұйырмағанын айтып, алдағы уақытта оны осында қалдыруға ықпал етуін сұранды. «Тұлға» ҚБ басшысы Зейнеп Дәуренова жалпы қоғамдағы, отбасындағы дау-жанжалдың көбеюіне байланысты жер-жерден психологиялық орталықтар ашу, психолог мамандарды көптеп даярлауға назар аудару қажеттігін жеткізді.
Орталық саябақ мәдени-спорттық іс-шаралар өткізуге ыңғайлы орынға айналған екен. Мұнда футбол, спорт алаңдары, басқа да жаттығу жабдықтары орнатылған. Бокс мектебінің шәкірттері жаттығып жатқан тұсқа келіп, бір-екі балғын боксшымен былғары қолғап түйістіріп көрді. Жаттығу соңында оларға ағалық ақыл-кеңесін айтып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов орталық саябақ аумағынан келешекте салынатын спорт кешенінің орнымен таныстырды.
Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы 500 орындық Мыңбұлақ орта мектебінде облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекке білім ордасының күрделі жөндеуіне арнап әзірленген жобалық-сметалық құжаттаманың сызбасы ұсынылды. Алайда, мектеп ғимаратының күрделі жөндеуіне 500,0 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалатыны оның көкейіне қонбады. Өз тарапынан ондай сомаға 200 орындық екі-үш мектеп салуға болатынын айтып, соманы азайтуды ұсынды.
Мектептің бірнеше сынып бөлмелері мен спорт залын аралап, айнала төңірегін де шолып шықты. Ғимараттың арт жағында бір трактор тіркемесімен және қоршау плитаның бейсауат тұрғанын айтып, одан оқушыларға қауіп төнуі мүмкін екенін ескертті.
Әрі қарай ол Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде залға қойылған экспонаттар мен Батырдың көзі тірісінде пайдаланған бұйымдарды тамашалап, тілектер кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Дәулет Жамаубайұлы аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында «Жуалы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлықпен күреске жұртшылық пен қоғамдық институттарды кеңірек қатыстыру керектігіне назар аударды.
Аудан орталығындағы қосымша білім беретін №1 балалар өнер мектебі мен Аула клубына келген Дәулет Кәрібек олардың жұмысымен, балалардың шығармашылығымен танысты. Аула клубы төрт бөлмеге орналасқан. Бұл оқушы санымен алғанда мекемеге тарлық етеді. Төрт секциядағы сабаққа қатысып, балалардың үйреніп жатқан дағдыларына ден қойды. Оқушы жастардың ынта-ықыласы ұнады. Оларға ұялы телефонға емес, қолөнерге, кітап оқуға көбірек көңіл бөлуді насихаттады. Өнер мектебіндегі оқу жабдықтары ескірген, жаңартуды қажет етеді.
Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің ауданға жұмыс сапары әрі қарай Ақтөбе ауылдық округіндегі Ақтоған ауылында жалғасып, облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауылда салынып жатқан тұрғын үйдің жағдайымен танысты.
Ауылдық округ әкімі Көбейсін Хайралапов тұрғын үйдің құрылысы ауылдың жомарт түлектерінің демеушілігімен өткен жылы басталғанын айтты. Үш бөлмелі жаңа баспана ауыл тұрғыны Дамир Надыршинге бұйырғалы тұр екен. Үйдің жылу, жарық жүйелері қосылған. Пайдалануға беруге дайын. Дамир Надыршиннің өзі жергілікті «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне мүшелікке өтіп, үй іргесіндегі жерге картоп, жүгері егіпті. Енді тез арада үйленіп, мал қора салып, төрт түлік өсіруге ниетті екенін жеткізді. Дәулет Жамаубайұлы жігіттің ілкімді ісіне риза болып, «күзде өсірген картобыңды кооператив арқылы сатып аламыз» деп қолдау білдірді.
Дәулет Кәрібек ауданға сапары барысында аудан басшыларына, өзі аралаған барлық әлеуметтік-мәдени нысандардағы жауапты мамандарға әлеуметтік нысандардың қауіпсіз, халыққа қолжетімді әрі мүлтіксіз жұмыс істеуі тиіс екендігін ескертті. Өйткені, халықтың мәдени, құқықтық сауатын арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау, оған өз мінез-құлқыңмен үлгі болу, іс жүзінде көрсету мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысына айналуы тиіс.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»