Basty bet
Оқушылар саяхаттап қайтты
Кәсіптік бағдар беру және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында №7 Тұрсын Әкімов атындағы орта мектепте 10 сынып оқушыларының қатысуымен мектепішілік жоспарға сәйкес экскурсия өтті.
Экскурсияның мақсаты – оқушыларды өз өлкесінің тарихын, мәдениетін, табиғатын білу арқылы патриот болуға тәрбиелеу. Сонымен қатар, оқушыларға әртүрлі мамандықтардың маңызы, ерекшелігі мен қоғамда алатын орны туралы түсіндіру және оқушыларға саналы түрде мамандық таңдауға жәрдемдесу болып табылады.
Саяхатшылар Тараз қаласында орналасқан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына, «Төрткөл керуен сарайына», «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне саяхат жасады.
Оқушылар алдымен аталған университетке табан тіреді. Өз кезегінде Тараз өңірлік университетінің инженер-программисі Руслан Рахметов оқушыларға ЖОО-ның бір күндік тұрмыс-тіршілігі туралы баяндап, университеттегі мамандықтар бойынша және оқу орнына қабылдау комиссиясы қай жерде орналасқанын, оқуға түскенде қандай жеңілдіктер бар екенінен хабардар етті. Сонымен қатар, лекция өткізілетін аудитория, кітапханалар мен компьютерлік кабинеттермен таныстырды.
Ал, оқушылар Руслан Рахметовке көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, толықтай ақпарат алды. Одан бөлек, саяхатшылар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барып облысқа белгілі мемлекеттік қызметкерлердің, әлемге танымал спортшылардың, құқық қорғау саласында қызмет еткен ардагерлердің және мемлекеттік награда иегерлерінің өмірбаянымен қанықты.
Саяхат барысында саяхатшылар мұражайлардағы өңірден табылған тарихи ескерткіштермен қоса құнды жәдігерлерге де шолу жасады.
Бақыткүл ПОЛАТОВА,
№7 Т.Әкімов атындағы орта мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары