Еліміздің болашағы саналатын жас ұрпақтың білім алуына лайықты жағдай жасау, оның ішінде жаңа заманға сай өсіп-жетілуіне ықпал ету – еліміздің басты саяси басымдықтарының бірі екені даусыз. Осы ретте дана Абайдың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Жалпы болашақ ұрпақтың жетілуіне жағдай жасау, инвестиция салу қайтарымы мол игілікті жұмыс саналады.
Тұңғыш Президент күні мерекесінде ауданда бірқатар нысандардың ашылғаны белгілі. Соның ішінде ауданға қарасты Қоңыртөбе ауылындағы №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің жанынан жапсарлас салынған спортзал мен оқу кабинеттерінің ашылуы болды.
Бұл құрылысты жүргізуді ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы бұрыннан бері мәселе етіп көтеріп жүрген болатын. «Сабақты ине сәтімен» демекші, биыл сәті түсіп, облыстық бюджеттен құрылысқа қажетті қомақты қаржы бөлініп, құрылыс сәтті жүргізілді. Айта кету керек, мектепке жапсарлас құрылысты «Ай-Дин Тараз» ЖШС жүргізді.
Тұңғыш Президент күні Д.Пахомов атындағы орта мектеп жанынан салынған спортзал мен алты оқу кабинетінің салтанатты ашылуына Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов арнайы келіп қатысып, сөз сөйледі. Мереке күнгі қуанышқа аудан басшыларымен қатар ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы қатысты.
Алғашқы сөз Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақовқа берілді.
-Құрметті ауыл тұрғындары, ұстаздар. Сіздерді ең алдымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтаймын. Бүгін міне, мереке күні ауылдарыңызда мектептің ашылуы болып отыр. Жаңа салынған спортзал мен оқу кабинеттерін игіліктеріңізге пайдаланыңыздар.
«Оқу инемен құдық қазғандай» деп тегін айтылмаған. Біздің елімізде оқу-білімге ерекше көңіл бөлінеді. Қарап отырсаңыз, ел қазынасының елеулі бөлігі білім, денсаулық, әлеуметтік салаларға бөлінеді. Биыл Жамбыл облысының өзінде 14 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның алтауы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай салтанатты түрде ашылды. Одан бөлек, 42 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 283 мектепке ағымды жөндеу жүргізілді. Оның ішінде сырттағы әжетханалар оқу ошағының ішіне кіргізілді.
Ерекше атап өтерлігі, мемлекеттен биыл Жамбыл облысына 150 миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Мұндай қыруар қаржы бұдан бұрын облыстың дамуына бөлінген емес. Осының арқасында барлық саланың дамуы жеделдей түсуде. Бір ғана Қордай ауданына елдімекендерді газдандыру үшін 32 миллиардқа жуық қаражат қарастырылды. Міне, мұның бәрі ең алдымен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал әрі салиқалы саясатының нәтижесі.
Халыққа ең керегі – тыныштық. Мемлекетке керегі ең алдымен – тұрақтылық. Осы екеуі берік орныққанда ғана заманымыз тыныш, тұрмысымыз берекелі, әр күніміз мерекелі болмақ. Қазір еңбек етемін деген адамға Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі халықтың тұрмысын көтеру үшін жасалып отыр.
Сәтін салса, келер жылы да өңірге биылғыдай қаржы бөлінеді деп күтілуде. Ауылдарыңыздан ашылып отырған жаңа мектептің ғимараты құтты болсын. Елдің болашақ басшылары, ғалымдар мен инженерлер, басқа да салаларда жұмыс істейтін мамандардың барлығы ауылдан, осындай ауыл мектептерінен шығады. Менің сіздерге тілейтінім, балаларыңыз осы білім ошағында тәрбие мен білім алып, елге қызмет ете берсін. Қуаныштарыңыз құтты болсын,- деді Бағлан Жиенәліұлы.
Келесі кезекте Қоңыртөбе ауылының тұрғындарын және мектеп ұжымын аудан әкімі Нарбай Ергебеков жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ұжым жұмысына табыс тіледі. Ал Жетітөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Рақымжан Сатаев аудан, облыс басшыларына округ тұрғындарының атынан алғыс білдірді. Мектептің лента қию рәсімін облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Аманбеков атқарды. Тәттіден шашу шашылып, ашылу салтанатына қатысқан қонақтар мектептің ішін аралап көріп, жұмыс барысымен танысты.
Мектеп құрылысын жүргізген «Ай-Дин Тараз» ЖШС-ның өкілдері мектеп директоры Нұржан Құрмашевқа символикалық кілтті салтанатты жағдайда тапсырды.
Қосымша айта кететін болсақ, №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің құрылу тарихы арыда жатыр. 1946 жылы үш класты болып ашылған мектеп 1948 жылы Успеновка жетіжылдық мектебі болды. Оның алғашқы директоры Нина Сухобрусова болған. Ал 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры Дмитрий Пахомовтың есімі беріліп, орталау мектеп болып қайта ашылды. 2001 жылы орта мектеп дәрежесін алды. 150 орындық мектепте 2020-2021 оқу жылында 148 бала білім алуда. 94 оқушы волейбол, футбол, күрес, ұлттық ойындар, шахмат, дойбы, көркемөнер және тілдік, сонымен бірге, жаратылыстану-математикалық бағытта қосымша білім түрлерімен қамтылған. Мектепте барлығы 34 педагог оқушыларға тәрбие мен білім беруде.
Мектеп жанынан жапсарлас салынған спортзал құрал-жабдықтармен және алты бірдей оқу кабинеттері (әр кабинет 16 оқушыға шақталған). Спортзал жанында оқушыларға жуынатын бөлме қарастырылған.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»