Basty bet

Ұлтты дәстүрі сақтайды

Дін мен дәстүр сабақтастығы – маңызды мәселе

Кеш қонақтары оқушыларға асыл дініміздің құндылықтарын салт-дәстүрімізбен астастыра отырып, олардың көкейінде жүрген сауалдарына дәл жауап бере білді. Алдымен сөз алған «Жуалы» мешітінің имамы, тәжірибелі дін маманы Сейітқазы қажы Медетбек «Дәстүр-салтың – халықтық қалпың» деген қанатты сөзге сүйеніп, дін мен дәстүрі сабақтастығы хақында келелі әңгіме өрбітті.
– Ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін дін мен дәстүрдің атқарар маңызы зор. Қазақ халқының түп негізі әуелден мұсылманшылықта жатыр. Сондықтан да ұлтымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүр-жоралғысының бәрі де діннен алынған. Дана халқымыздың күнделікті қолданып жүрген әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінде дінге кереғар келетін ешқандай қағидалар жоқ. Олар замандар тезінен, дәуірлер елегінен өтіп, әбден екшеліп, өлшеніп, кесіліп-пішіліп қойған.
Салтымызда ықылым заманнан бері келе жатқан кейбір дәстүрлердің ислам дінімен қабысып, бүгінде оның қайсысы дін, қайсысы дәстүр екенін ажырата алмай қалатын күйге жеттік. Мәселен, беташар дәстүрінде исламда көрсетілген екі қағида орындалады. Әуелі, келін жиылған жамағатқа сәлем етсе, содан кейін, өзі келін болып түскен әулетпен, шаңырақтағы әр адамның ерекшеліктерімен толық танысады. Бұл туралы Алла тағала Құранда «Бір-бірлеріңнің үйлеріңе сәлем беріп кіріңдер» деп бұйырса, хадис шарифтер сәлемдесу, танысу амалдары араларындағы байланысты, сүйіспеншілікті жақындатады деп келтіреді. Егер келін шаңыраққа сәлем салмай кірсе, ол дінге де, дәстүрге де мүлде қайшы келер еді.
Одан бөлек, отқа май құю, жеті шелпек пісіру секілді дәстүрлердің де негізі асыл дінімізден бастау алып жатады. Осынау әдемі салтты кері бұрып, өзгеше сипаттап бергісі келетін діни ағымдар көптеп кездеседі, – деді Сейітқазы қажы.
– Қазақтың әдеп-ғұрыптары мейірімділік пен қамқорлыққа толы. Мәселен, «Ерулік беру», ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, көрші-қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Осылайша, қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсінбей, өз ортасына тарта білген, – деп есептейді ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев. – Сол сияқты, «Жылу жинау» бір бақытсыздыққа ұшырағанда, үй-мүлкі, малынан айырылғанда ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған-туыстары мал-мүлікпен және ақшалай көмек көрсетеді.
Үй салу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын «асар жасау» деп атайды.
Рухани шарада жастардың діни иммунитетінің әлсіздігінен, жат пиғылды теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалуы мәселесі де қозғалды. Имамдардың пікірінше, оның басты себебі, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлерін мүлдем білмеуінен немесе дұрыс түсінбеуінен. Сырттан келген жат пиғылды ағымдарды үйретушілер дәстүрді ұстану дұрыс емес, яғни дінге жаңалық енгізу деп жастарымыздың арасында іріткі салуда. «Жастарымыз ар-иманын ту еткен ата-бабаларымыздың ақ жолынан таймас үшін, олардың ұстанған дінін, дәстүрін қасиет тұтуы тиіс. Сонда ғана олардың ұлттық болмысы қалыптасып, мұраларымызды мансұқ етпейді. Құндылықтарын қадір тұтып, бағалай біледі деген ойдамыз. Дінінен, дәстүрінен ажыраған ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ұлттық болмысымызды сақтау үшін, дінімізге, дәстүрімізге берік болуымыз қажет. Сонда ғана елдігімізді сақтап қаламыз» деді дін мамандары.
Кеш барысында оқушы жастар дін мамандарына өздерін толғандырып жүрген көптеген сауалдар қойып, оларға нақты жауаптар алды. Шараны аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева қорытып, кеш қонақтарына жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің «Жуалы» кітабын сыйға тартты.

* * *
«Рухани жаңғыру» офисінде аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы» атты этномәдени орталықтар мен діни бірлестіктер өкілдерімен кездесу өтті.
Шараға қатысқан ұлттық-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктер өкілдері Нұрлан Әмірбаев, Сейітқазы қажы Медетбек, Анатолий Ильченко, Ирина Протасова, Зувайда Мажитова, Эсмира Мамедова және тағы басқалар еліміздің дамуындағы діни конфессиялар мен этностар арасындағы рухани келісімнің маңызын атап көрсетті.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар тарапынан ұлттық-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктер өкілдеріне қоғамдағы тұрақтылықты, этносаралық, дінаралық қарым-қатынас пен келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close