Basty bet
Қоғамға бейімдеу – дін саласындағы өте күрделі жұмыс
соңғы бес жылда 806 азамат деструктивті діни бағыттан қоғамға қайтарылса, оның 78-і – биылғы жұмыстың нәтижесі
2009 жылы еліміздегі қалыптасқан діни ахуалды ретке келтіру және күмәнді діни ұйымдардың жолын кесу мақсатында діни қызмет саласындағы мемлекет саясатымен айналысатын жеке мемлекеттік органды құруға қатысты ұсыныстар енгізіліп, нәтижесінде Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылып, сәйкесінше 2012 жылдан бастап өңірлерде дін істері департаменттері жұмыстарын бастаған болатын. Қазіргі кезде өңірлерде бұл міндеттерді дін істері басқармалары атқарып отыр.
Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының атқарған жұмыстары туралы басқарма басшысы Жангелді Омаровпен сұхбат жүргізген едік.
– Жангелді Жайлауұлы, бүгінгі таңда Жамбыл өңірінде қанша діни бірлестік қызмет атқаруда?
– Қазақстан Республикасында 18 конфессиясға тиесілі 3000-нан аса діни бірлестіктер қызмет атқаруда. Ал Жамбыл өңірінде 11 конфессияға тиесілі 356 діни бірлестіктер мен филиалдары облыс аумағында өз жұмысын жүзеге асыруда. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 310 мешіт пен христиандық бағыттағы 46 шіркеу бар.
Облысымызда бұдан бөлек, діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс жерлерде өткізуге арналған 42 үй-жай, оның ішінде 40 исламдық намазхана мен екі христиандық құлшылық үйі қызмет атқаруда.
Сондай-ақ, Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Италия және Қазақстан аумағынан сегіз азамат облысымызда арнайы мемлекеттік тіркеуден өтіп, миссионер ретінде жұмыс жасауда. Миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі. Миссионерлік қызметті жүзеге асыру барысы 2011 жылы 11 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы негізінде басқарма тарапынан қатаң бақылауға алынған. Миссионерлік қызметті жүзеге асырамын деген кез келген азамат басқармаға арнайы құжаттарды өткізу арқылы миссионер ретінде тіркеуден өтуі тиіс.
Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы және дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері тұрақты түрде діни бірлестіктердің, миссионерлердің, діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс жерлерде өткізуге арналған үй-жайларға зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына орай енгізілген карантин талаптарына байланысты қазіргі кезде облыс аумағындағы діни бірлестіктердің қызметі тоқтатылған.
Бүгінде өңіріміздегі діни конфессиялар арасында келісім мен бейбітшілік орнығып, өзара келісім негізінде қызмет етуде. Бұл діни бірлестіктердің Конституциямен қорғалған наным-сенім бостандығы мен дін саласында атқарылып жатқан жемісті еңбектерінің нәтижесі. Бүгінде біз бірінші кезекте діни бірлікті өте мықты ұстауымыз шарт, өйткені, діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлік те болмайды.
– Дін саласы бойынша жұмыстардың маңызды бөлігіне ақпараттық түсіндіру жұмыстары жататыны белгілі. Осы орайда басқарма тарапынан халықтың діни сауаттылығын арттыруда, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Расында дін істері басқармасының маңызды міндеттерінің қатарына ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу кіреді. Себебі ақпараттық-түсіндіру шаралары идеологиялық тұрғыдан маңызды әрі жауапты жұмыс. Ол арқылы біз халықтың рухани иммунитетін көтеріп, теріс діни ағымдардан сақтануына жағдай жасаймыз.
Бүгінгі таңда облыста дін саласы бойынша алты облыстық, жеті қалалық, 10 аудандық ақпараттық түсіндіру топтары бар және жалпы саны 122 адам қамтылған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әр түрлі бағыттарда нысаналы топ өкілдерімен жүзеге асырылып, зайырлы қоғамдағы діни бірлестік өкілдеріне де қатысты өтуде. АТТ мүшелері құрамында тек дінтанушы-теолог мамандар ғана емес, заңгер, психолог, әлеуметтанушы және т.б. саланың өкілдері бар. Облыстағы барлық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтарымен 2019 жылы түрлі форматтарда 2 170 іс-шара өткізіліп, 119 мыңнан астам адам қамтылса, 2020 жылдың бірінші жартысында 115 іс-шара өткізіліп, 6 мыңға жуық тұрғын қамтылды.
Қазіргі уақыттағы карантин талаптарына байланысты ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметі онлайн режимге ауыстырылып, өз жұмысын жалғастыруда. Атап айтқанда бүгінгі күнге дейін 35 565 интернет қолданушысын қамтыған 53 онлайн дәріс өткізілді. Дәрістер барысында мамандар тарапынан дін саласындағы аса өзекті тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстары жасалды. Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы дінтанушы мамандарға көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, жауаптар алуда.
– Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның облыс аумағында орындалу барысы қандай? Өзіңіз басқарып отырған дін істері басқармасы қандай жобаларды жүзеге асыруда?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы №124 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының ерекшелігі діни саладағы ахуалды оңтайландыру үшін идеологиялық, түсіндіру және оңалту жұмыстарына көңіл бөле отырып теріс ағымдардың алдын алумен қатар әртүрлі радикалды топтарға кірген азаматтардың қоғамға бейімдеу, қалыпты ортаға қосу болып табылады.
Басқа өңірлердегі сияқты біздің облысымызда да деструктивті діни ағым өкілдері бар, оны жасырмауымыз керек. Оңалту жұмыстарының арқасында 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, деструктивті діни бағыттағы 806 азамат қоғамға қайтарылса, оның 78-і биылғы жылы атқарылған жұмыстың нәтижесі. Аталған жұмыстар құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесе отырып, еліміздің ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан ұсынылған әдістемелеріне сәйкес жүргізілуде.
Оңалту және қоғамға бейімдеу шаралары күрделі, әрі аса өзекті жұмыстардың қатарына кіреді. Оңалтуға қол жеткізу машақаттылықты талап етеді. Дінтанушы мамандарымыз оңалту жұмысы бойынша мекен-жай арқылы жеке кездесуге барып жатады. Қоғамға бейімдеу шараларына қол жеткізу үшін бір азаматпен бір рет қана емес, бірнеше рет кездесу де жүргізіліп, кейде 7-10 реттен де сұхбаттасуға тура келеді. Оңалту бағытында басқармаға қарасты дін проблемаларын зерттеу орталығының жеті маманнан тұратын оңалту бөлімі нәтижелі жұмыстар атқаруда. Орталықта үш психолог маман бар. Теріс ағымдарға кіріп, кейін оңалту жұмыстарының арқасында беті бері қарағандар болғанымен, керісінше олардың орнын өзге азаматтарымыз толықтырып жататын жағдай да бар.
Қоғамға бейімдеу жұмыстары дін саласындағы өте күрделі сала. Олай дейтініміз, оңалту үшін апталап, айлап, тіпті жылдап жұмыс жасалады. Дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне кететін азаматтарымызға әртүрлі факторлар себепкер болуда. Атап айтсақ діни сауатсыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі және қазіргі кезде ғаламтор желілеріндегі теріс бағыттағы діни топтардың іс-әрекеті себепкер болуда. Сондықтан да ата-аналар өз балаларын жиі қадағалауға алса нұр үстіне нұр болар еді.
– Қазіргі таңда жастарымызға шетелде діни білім алуға шектеу қою керек пе? Шетелде діни білім алу қаншалықты қауіпті?
– Мемлекетіміз тәуелсіздік алғанда негізгі қойылған талаптардың бірі білікті кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі болды. Оның ішінде дін саласы да бар. Егемендіктің алғашқы жылдарында көптеген азаматтарымыз шетел асып, діни білім алуға кетті. Азаматтарымыз ол елдегі діни білімді бәрінен артық деген ойда болды.
Шын мәнінде бүгінде шет елдерге діни білім алуға кеткен әрбір азаматтың деструктивті діни ағымның жетегінде кетуінің қаупі бар. Діни білім аламын деп кетіп, сол елдің салт-дәстүрін, ұлттық мәдени құндылықтарын да бойына сіңіріп әкеледі. Осыдан кейін отбасылық мәселелер туындап, өзіміздің ата-бабамыздан келе жатқан төл дәстүрлеріміз әруақтарға Құран бағыштау, хатым ету, бабалар мазарына зиярат жасау, ас, тұсаукесер, отқа май құю, келіннің сәлем салуы, беташар, пайғамбардың туған күні – мәулітті тойлау, т.б. сынды жайттарға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатады.
Олар өзімен ғана шектелмей, өзге азаматтарымызды да шатастырып жатады. Сондықтан жастарымыз өздерінің болашақ білімін алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діни бағытын біліп алғаны жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана шетелдерде діни білім алудың кейбір тұстарына назар аудармай, өз балаларының басқа елдерде оқуын қуана құптайды.
Басқарма шетелде діни білім алушы азаматтарымызбен тығыз қарым-қатынаста жұмыстарды атқарады. Қазіргі таңда деструктивті діни идеологияның алдын алудың бірден-бір жолы – діни білімнің деңгейін арттырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бүгінде өңірімізде шетелдік діни білім беру орындарында оқитын азаматтардың саны 26 адамды құрап отыр. 2019 жылы шетелде діни білім алған 10 азамат елге қайтарылса, биылғы жылы Қордай ауданынан екі азамат Отанына оралды. 2010 жылдан бері шетелдік діни оқу орындарынан облысымызға 137 азамат қайтарылған болатын.
Бүгінгі таңда отандық діни оқу орындарының мүмкіндіктері мол. Облыс орталығындағы «Һибатулла Тарази» медресесі биылғы жылы медресе-колледж сертификатын алды. Биылғы оқу жылын «Һибатулла Тарази» медресе-колледжін 25 шәкірт тәмамдады.
Бүгінгі күні Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде облыстан дінтану және исламтану мамандықтарында 96 азамат білім алса, оның 13-і биылғы жылы оқуын аяқтаған болатын. Бұдан бөлек, дінтану, исламтану және теология мамандықтары бойынша облысымыздан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 19, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде – 7, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде – 5 студент оқиды. Биылғы жылы аталған 4 университетті 27 түлек тәмамдады. Бүгінгі таңда аталған мамандар бос орындарға орналастырылуда.
2019 жылы облысымыздағы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «тарих-дінтану» мамандығы ашылған болатын. Өзіміздің білімгерлерді дін саласы бойынша облысымызда даярлап шығару көзделуде. Осылайша, кадр тапшылығының мәселесі де шешіледі деген ниеттеміз. Азаматтарымыз өз елінде білім алуға күш салуы тиіс.
Отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуға мол мүмкіндік барын анық көрсетеді. Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз Отанында оқытуға барынша мән беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнаркөздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қоса алады.
– Өңірімізде «Жусан» операциясы аясында елге оралған отандастарымызбен қандай жұмыстар жүргізілуде? «Жусан» операциясының еліміз үшін маңыздылығы қандай деп ойлайсыз?
– Ресми дерекке сүйенсек, 2019 жылы өткен «Жусан» операциялары аясында 595 отандасымыз елге оралса, оның 406-сы – балалар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жусан» операциясының соңғы кезеңіндегі мәлімдемесінде: «Жусан гуманитарлық операциясының қорытындылары мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті» деп атап өткен. Расында «Жусан» операциясы мемлекетіміздің өз азаматтарына деген жоғары дәрежедегі қамқорлығын көрсетті. Адасушылықпен шекара асып, өзге елдегі қақтығыстарға қатысқан азаматтарымыз елге қайтарылды. Бұл операцияға әлемдік қауымдастық өкілдері де оң бағасын берді және өзге елдерге үлгі ретінде көрсете білді.
«Жусан» операциясы аясында елге жеткізілген азматтарымыз Ақтау қаласындағы оңалту орталығында болып, психолог және теолог мамандармен жұмыс жүргізілді. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» қызметкерлері де Ақтау қаласындағы оңалту орталығындағы дерадикализация жұмыстарына қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты. Облысымызға «Жусан» операциясы бойынша 9 әйел мен 20 жасөспірім оралды. ҚР ҰҚК департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, дінтанушы мамандарымыз жоспарға сәйкес бұл азаматтармен жеке кездесу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады. Аталған операция аясында елге оралған азаматтарымыздың бірқатары өздерінің төлқұжаттарын жоғалтқан. Балалардың басым бөлігі Сирия, Араб Республикасындағы ДАИШ бақылауында болған аймақтарда дүниеге келген еді. Осы мәселе басқарманың жіті қадағалауына алынып, азаматтардың құжаттарын қайта рәсімделуіне жәрдем берілді.
Басқарма «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматшалармен тұрақты түрде кездесу өткізіп, оларға дәстүрлі діни құндылықтар негізінде дәрістер жүргізіп отырады. Дін проблемаларын зерттеу орталығының дінтанушы-теолог және психолог мамандары аудандардағы мешіт имамдары мен психологтармен бірлесе отырып, «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматшалармен 2019 жылы 79 кездесу, 2020 жылдың басынан бері 59 кездесу өткізді. Қоғамға бейімдеу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, 9 әйел азаматшаның 2-і дәстүрлі ислам құндылықтарына, 6-ы қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді. Ал, 1-і радикалсыздандырылды
Мемлекеттік органдар тарапынан «Жусан» операциясы аясында елге қайтарылған отандастарымыздың әлеуметтік мазмұндағы мәселелерін шешуге де ерекше мән берілуде. Атап айтқанда олардың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету, тұрмыстық керек-жарақтармен қамтамасыз ету т.б. істер оң жолға қойылып отыр.
– Өңірдегі түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен тиісті жұмыстарды жүргізесіздер ме?
– Түзеу мекемелерінде дін саласы бойынша жұмыстар жүргізу өте өзекті міндеттердің қатарына кіреді. Себебі кейбір азаматтар түзеу мекемесінде жүріп, дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарына еніп кететін жағдайлар кезігіп жатады. Осыған байланысты сотталушылардың арасындағы профилактикалық, оңалту бағытындағы шаралар маңызды мақсат қатарынан болып табылады. Осы мақсатта басқарма облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітімен бірлесетүзеу мекемесіндегі азаматтармен жұмыс жүргізуде. Түзеу мекемелеріндегі бірлескен ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстары бір жүйеге келтірілген.
Дін саласы бойынша түзеу мекемелеріндегі жұмыстың ең басты мақсаты – сотталғандарға теологиялық, психологиялық және құқықтық кеңес беру, сонымен бірге істі болған азаматтарды теріс діни көзқарасынан қайтару мақсатында түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізу.
Басқарманың облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітімен бірлесе бекіткен арнайы жоспарына сәйкес, дін проблемаларын зерттеу орталығының 10 қызметкері мен 10 мешіт имамы түзеу мекемелерінде кездесулер өткізуде. Бұдан бөлек басқарма өңірдегі түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші азаматтарға арнайы фильмдер мен спектакльдер көрсетіп, Дін істері комитетінің дінтану сараптамасынан өткен діни мазмұндағы кітаптармен де қамтамасыз етеміз.
2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін мамандар түзеу мекемелерінде 64 сотталушыны радикалды көзқарастарынан қайтарды. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен де тұрақты жұмыстар атқарылуда.
Қазір карантин талаптарына байланысты түзеу мекемелерінде жүргізілетін түсіндіру жұмыстары онлайн режимге ауыстырылған.
Облысымыздағы дінтанушы мамандардың түзеу мекемелеріндегі іс-шаралары «Skype» желісі арқылы жоспарға сәйкес онлайн дәрістер жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін мамандар тарапынан сотталушылар арасында 22 дәріс жүргізілді.
– Жергілікті немесе республикалық БАҚ арқылы материалдар жариялап, дін саласындағы жаңалықтарға қатысты тұрғындарға ақпарат ұсынасыздар ма?
– Елімізде қалыптасқан діни ахуалды реттеп отыруда, сол арқылы қоғамдық тыныштықты сақтауға үлес қосуда бұқаралық ақпарат құралдарына артылатын жауапкершілік деңгейі жоғары. Сондықтан да, діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына байланысты облыс және қала, аудандар деңгейінде бұқаралық ақпарат құралдарымен дін саласы бойынша жұмыс мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеудің арнайы медиа-жоспарларына сәйкес жүргізілуде.
БАҚ-тың барлық түрлері, әсіресе, телеарналар мен радио басшыларының дін және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар тақырыбындағы сарапшылық және аналитикалық материалдарды зерделеуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Ал, бұл үшін журналистер арнайы білім мен білікке ие болуы керек. Осыған орай, облыстағы БАҚ құралдарында діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық, қалалық және аудандық газеттер редакциялары мен телеарналарда жұмыс атқаратын барлығы 18 тілшіден тұратын журналистер пулы құрылып, дін саласында орын алып жатқан жаңалықтарды халыққа жеткізуде.
2019 жылы басынан облыстағы газет беттеріне діни қызмет саласында 364 материал жарық көрді. Биылғы жылы облыс көлеміндегі БАҚ беттерінде елімізге танымал дінтанушы, теолог мамандары тарапынан өзекті мәселелер бойынша 190 ақпарат жарияланып, әлеуметтік желілерде таралуда.
2019 жылы облыстық «Jambyl» телеарнасы арқылы апта сайын эфирге шығатын дін тақырыбындағы «Кәусар» бағдарламасының 48 көрсетілімі түсіріліп, эфирге шықты. 2020 жылдың І жартысында аталған бағдарламаның 20 түсірілімі жергілікті телеарнаның эфиріне шыққан. Сонымен қатар, «Jambyl» және «77tv» телеарналарында дін саласы бойынша 23 сюжет түсірілді. Бұдан бөлек, Тараз қаласында орнатылған ЛЭД-экрандарда дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша видеороликтер тұрақты түрде жариялануда.
Басқарманың интернет желілеріндегіжұмыстары да бір жолға қойылған. Өңірде басқарманың dini.zhambyl.gov.kz, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің asyldin.kz сайттарының қызметтері тиімді жүргізілуде. Дін проблемаларын зерттеу орталығының мамандары интернет-ресурстардағы контенттерге тұрақты мониторинг жүргізіп, деструктивті сілтемелерді бұғаттау жұмыстарын жалғастыруда.2019 жылы мамандармен 1570 күдікті сілтеме (оның ішінде, 307-і теріс деп танылып, тосқауыл қойылды) анықталып, ҚР АҚДМ-не дінтану сараптамасына жолданылды. Ал, биылғы жыл басынан бері («Kazdream Technologies» компаниясының «Кибербақылау» бағдарламасы арқылы) 1578 күдікті сілтеме анықталып, оның 1570 бұғатталды.
Интернет-ресурстарда дінтанушы, теолог мамандармен және мешіт имамдарымен 2019 жылы 2968, биылғы жылдың басынан 1098 қарсы насихаттық ақпараттар жарияланды. Бұл жұмыстарға басқарма мен ҚМДБ өкілдерінен құралған 40 жоғары білімді дінтанушы, теолог мамандарынан тұратын арнайы блогерлік топ құрылып, аталған жұмысқа тартылды.
Биылғы жылдан бастап басқарма тың жобаларды қолға алып отыр. Атап айтқанда, «Kazdream Technologies» компаниясының «Аналитикалық интернет карта», «Кибербақылау» және «Контр» сияқты бағдарламалары мен «NOMAD» компаниясының лицензиялық бағдарламасымен жұмыс жасаудамыз. Биылғы жылдан бастап басқарма «Kazdream Technologies» компаниясының «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасының арқасында әлеуметтік желілердегі деструктивті діни топтарға тіркелген облыстың 510 тұрғынымен байланыс орнатып, тыйым салынған эктремистік топтардан шығарылды. Атқарылып жатқан жұмыстар барысында жылдың басында сәләфилік топтарға тіркелген азаматтар саны 33 754 болса, 10 882 азаматқа азайып, бүгінгі күні 22 872 болып отыр.
– Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы жағдай орын алғанда өңірдегі бірқатар мекемелерді сынға алған болатын. Осы орайда, дін істері басқармасы бүгінгі таңда Қордай ауданында нендей жұмыстар жүргізіп жатыр? Осыларды тарқатып берсеңіз.
– Жасыратыны жоқ, өзіңіз айтқандай, облыс әкімі бізге де бірқатар сыни ескертпелер айтып, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар бойынша тапсырмалар берген болатын. Қордай ауданы көпұлтты әрі шекаралас аймақтағы аудан болып табылады. Бүгінгі таңда Қордай ауданында 62 мешіт пен 6 христиандық діни бірлестік қызмет етеді. Яғни облысымыздағы діни объектілері ең көп аудан болып табылады. Осыған байланысты бұл аудандағы жүргізелетін жұмыстардың сапалы әрі нәтижелі болғаны абзал.
Басқарма осы жайды ескере отырып, ағымдағы жылдың 7 шілдесінде облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданындағы арнайы бөлімін ашты. Қордай ауданындағы бөлімге жүктелетін жауапкершілік жүгі жоғары. Аудандағы діни бірлестіктермен тығыз жұмыс жасап, діни тұрақтылықты сақтау мен конфессияаралық келісімді нығайту және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстарды жоспарға сәйкес орындау қажет. Орталықтың Қордай ауданындағы бөлімі өз алдына қойылған мақсат-межелерді орындау мақсатында қарқынды түрде жұмыстар атқаруда.
Басқарма өңірдегі этникалық дүнген ұлтынан шыққан имамдарға мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйрету жұмыстарына да ерекше мән беріп қарауда. «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының директоры Ғ.Шерниязов дүнген ұлтынан шыққан имамдарға үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап қазақ тілін үйрету курстарын жүргізуде. Ағымдағы жылдың 7 шілдесінде қазақ тілін оқыту курстарына үйрету қажетті кітаптарын «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының директорына жаңа үлгідегі мемлекеттік тілге үйретуге арналған оқу-әдістемелік оқулықтарды табыс еттік.
– Мемлекет үшін діни тұрақтылықтың мән-маңызы неде деп ойлайсыз? Жалпы, мемлекетіміздің жан-жақты дамуында, өсіп-өркендеуінде сонда тұрып жатқан ұлттардың ауызбіршілігі, діни тұрақтылығы, татулығы, бірлігі қаншалықты деңгейде үлес қосады?
– Тұрғындардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуін, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің, деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетін алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру тобы мен оңалту жұмыстары маңызды. Дәстүрлі дінді насихаттау, жат ағымдардың ықпалынан сақтандыру мақсатында облысымыздағы барлық мүмкіндіктер қолға алынған. Дін проблемаларын зерттеу орталығының аудандардағы мамандары да тиісті жұмыстарын атқаруда.
Жаратқанның теңдессіз сыйы – Отанымыздың мәңгі тәуелсіздігі. Еліміздің дамуы үшін әрбір азаматқа жүктелетін жауапкершілік үлкен. Мемлекетіміздің мерейін үстем ету үшін әлемде болып жатқан дамушылықтың соңында қалмауымыз керек. Ол үшін әрбір азамат ұстанған дініне, діліне, дәстүріне қарамастан, ынтымақты түрде діни тұрақтылықты сақтап еңбек етуі керек. Сырт елдерде діни тұрақсыздықтың кесірінен болып жатқан келеңсіздіктерге қарап, ел дамуының бірден бір кепілі ол діни тұрақтылық екенін түсінуге болады.
Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Нельсон Мандела айтқан екен: «Егер тілің мен дініңнен айрылсаң, шекараңды аша сал, енді қорғайтын ештеңең қалған жоқ» деп. Сол себепті де кез келген мемлекетті құраушы ұлттың және сол елде тұрып жатқан басқа да ұлттың ұлттық бет-бейнесі ұстанған дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен көрініс табатыны шындық. Соның ішінде діни тұрақтылықтың болуы өте қажет. Қазақстандағы әр ұлт өз дінін тұрақты ұстану үшін елдің дінге деген жанашырлығын сезініп ұстанған діні арқылы еліміздің дамуына, тұрақтылығына үлес қосуы керек.
– Жангелді Жайлауұлы, бізге уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көптен-көп рақмет! Қызметтеріңізге игілік әрі мол табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Қадірәлі САРЫПБЕК