Basty bet
Бар жақсылық – балаларға!
«Балалы үй – базар», «Бала – болашағымыз», «Өмірдің бір қызығы – бала деген». Ұлт зиялыларынан, халық даналығынан осындай мағынада жақсы сөздер қалған. Бұл өсиетті сөздер әрбір адамның жүрегінің түкпірінде, ой-санасында, көңіл қалтарысында жататын өмірлік қағида. Бала – өмірдің мәні мен сәні. Бала – отбасының көзқуанышы, ертеңгі күнге деген сенімінің кепілі.
Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін әрбір ата-ана мен қоғам жауапты. Алайда соңғы кездері балалардың өміріне қауіп төндіретін жағымсыз оқиғалардың орын алып отырғаны өкінішті. Мұны дер кезінде ескерген облыс басшысы Бердібек Сапарбаев «Барлық бала бақытты болуы үшін жаралған» деп аталатын өңір тұрғындарына үндеу жариялап отыр. Үндеу балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, олардың амандығы мен саулығын қамтамасыз етуге үндейді. Әрине, әр баланың өміріне ең бірінші ата-ана жауапты. Қоғам да бұл жауапкершілікті мойнына алудан қашпайды.
Елімізге тосынан келген індеттің салдарынан мектеп оқушылары қашықтан білім алды. Жазғы лагерьлер де өткізілмеді. Қазіргі таңда балалардың көбісі өз ауласында жүр. Бірақ, мектеп ұжымы ата-анамен, оқушыларымен байланысын үзген жоқ. Әр оқушының ата-анасымен жеке-жеке жұмыс істеп, хабарласып тұрамыз. Себебі, біз олар үшін жауаптымыз.
Бала бақылаусыз қалмауы керек. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі «Тәрбиенің негізі – еңбекте» деген жақсы сөз қалдырған. Сондықтан отбасында балаларды еңбекке баулып, пайдалы істермен айналысуға үйреткен абзал. Сондай-ақ, жанұяда жақсы мен жаманды ажырата білуді де айтып отырған жөн.
«Отбасы – өмірдің тұтқасы. Үй-ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы – отбасындағы тәрбие, бауырмалдықпен береке-бірлікке байланысты. Халқымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп тегін айтпаған. Мемлекет отбасылардан құралады. Яғни мемлекетіміз әрбір отбасының, оның әрбір мүшесінің, еліміздің әрбір азаматының амандығы үшін алаңдайды және сол үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Отанымыз қуатты, отбасымыз шуақты болуы үшін әрбір ата-ана перзент алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі керек. Өйткені барлық бала бақытты болу үшін жаралған.
Лайым, шаңырағымыздан шаттық кетпесін. Әрбір ата-ананың ұйқысы тыныш, балаларының күлкісі жарқын болсын» деп облыс әкімінің Үндеуінде айтылғандай, әр бала бақытты болу үшін жаралған. Балаларымыздың бақыты мен жүзіндегі күлкі табы кетпесін десек, қоғам және болашақ алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпай, бар жақсылықты балаларға жасайық.
Дина ҚЫРҒЫЗБАЕВА,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары