Basty bet
Жуалылықтар өз таңдауын жасады
9 маусым – еліміз үшін ерекше тарихи күн. Себебі, бұл күні халқымыз жарқын болашақ үшін дауыс берді.
Еліміздің басты құндылығы – татулық, бірлік, ынтымақ. Еліміздің, жас ұрпақтың жарқын келешегі үшін осы құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Ауданымызда 39 сайлау учаскесі бар. Сайлау учаскелеріндегі жалпы сайлаушылар саны – 32 065. 18 жасқа толған алғаш дауыс берушілер саны – 1462. Үйде дауыс беретіндер саны – 376. Есептен шығару куәлігін алғандар саны – 15.
Сайлау барлық сайлау учаскелері белгіленген уақыт бойынша сағат 7.00-де ашылды. Сайлау учаскелерінде тұратын қариялар келіп игі тілегін білдіріп, алғашқы дауыс берген азаматтарға сый-сияпаттар берілді.
Жалпы халықтың сайлауға қатысуы, яғни өздерінің азаматтық белсенділігін танытуы жоғары деңгейде болды. Сайлаудың әділ өтуін бақылаушылар да белсенділік танытты. Саяси партиялар, кандидаттардың сенімді өкілі, қоғамдық бірлестіктер тарапынан келген бақылушылардан бөлек ауданда төрт халықаралық бақылаушылар да болды. Олар Қырғызстан және Англиядан келген бақылаушылар. Олар ауданда бірнеше сайлау учаскесінде болды.
Аудандағы екі жабық сайлау учаскесі түске дейін 100 пайыз дауыс беріп үлгерді.
Жалпы сайлау ауданымызда ұйымшылдықпен, сайлаушылардың ерекше белсенділігімен өтті.
* * *
№203 сайлау учаскесі ауданымыздағы үлкен сайлау учаскелерінің бірі. Учаскеде 2401 сайлаушы бар. Алғаш дауыс берушілер саны – 10. Үйде дауыс беретіндер саны – 21.
Сайлау салтанатты жағдайда ашылып, сайлау учаскесінің төрағасы Мұхамеджан Бейшенов алғаш рет дауыс берген бес азаматқа және 18 жасқа толған төрт сайлаушыға сыйлықтар тапсырды.
Сайлау учаскесінде алты бақылаушы болды. Сайлаушылар белсенділігі жаман емес. Сағат 10 шамасында 400-ден астам сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерді.
Комиссия мүшелері түстен кейін үйде дауыс беретіндерге жолға шықты. Сайлау учаскесінің аумағында тұратын ауданымыздағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Николай Лебидинскийдің үйіне де арнайы барды. Ардагер игі тілегін білдіріп, өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесі тарапынан ардагерге арнайы сыйлық тапсырылды.
Дауыс берушілер түстен кейін де үзіліссіз келіп дауыс беріп жатты.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»