Көңілдерді күпті қылған Ұлттық бірыңғай тестілеу де аяқталды. Төрт күнге созылған тестілеудің соңғы күні Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, №15 мектеп-лицей және Мыңбұлақ пен Көктөбе орта мекетептерінің түлектері тапсырды.
Жалпы тестілеуге қатысуға өтініш берген 684 түлектің 675-і қатысты. 9-ы тестілеуге әртүрлі себептермен келмеді. Бұл санға қосымша екі сырттан келген түлек қатысты.
ҰБТ талаптарына сәйкес төрт түлек кіреберісте телефон алып келгені үшін сыртқа шығарылса, 21-і аудиториядан шығарылды. Сонымен сырттан келген екі түлекті қоспағанда жалпы 650 мектеп түлегі ҰБТ тапсырып шықты.
Тестілеу карантиндік талаптарды орындай отырып жүргізілді.
ҰБТ-дан жыл сайын алдыңғы үштіктен көрінетін ауданымыз биыл талап күшейтіліп еді, сапа бірден түсіп кетті. Неге? Себебі, мектептерде білім сапасы төмен. Оған тек қана мұғалім емес, ата-ана да кінәлі. Ата-ана баласының кішкентайынан сабағын қатаң қадағалап, дұрыс тәрбие беруі керек. Әділдікті, еңбекқорлықты, тек білім мен еңбекпен жеткен жетістік қана баянды екенін санасына құюы қажет. Осындай түсінікті, тәрбиені бойына сіңіріп өскен бала ешқашан дұрыс емес әрекетке бармайды. Ондай жастардан құралған қоғамның, елдің болашағы зор.
Алайда түлектердің білім сапасына қатысты жауапкершіліктен мұғалімдерді ешкім босата алмайды. Білім сапасы мұғалімге, директордың оқу ісі жөніндегі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, директорларына тікелей байланысты. Білім тәрбие арқылы сіңірілуі керек. Осы тұрғыдан келгенде біздің мұғалімдер мен директорлардың іріктелетін кезі келді. ҰБТ-ның қорытындысы осыны дәлелдеп отыр.
Телефон пайдаланғаны үшін жұмысы жойылып, сыртқа шығарылған бір қыз: «мені әке-шешем енді оқытпайды, мені өлтіреді» деп еңіреп жылап отыр. Біз іште балаға психолог маман шақыртып жатырмыз. Бұл жерде оқушыға емес, бірініші ата-анаға психолог керек сияқты. Ата-ана балаға қандай бағыт беріп отыр. Бұл не тәрбие?
Кейбір ата-ана тәртіпке өзі де, баласын да бас игізгісі келмейді. Тәртіп бәріне ортақ. Алайда «болмайды» деген ұғымды қабылдай алмайтын балалар комиссия мүшелерінің көзінше міз бақпай телефон пайдаланғаны үшін жұмысы жойылып, сыртқа шығарылды. Бұл да үйдегі тәрбиенің салдары.
Қазір Аллаға шүкір, балалардың алаңсыз білім алуына жағдай бар. Ең бастысы тамақтары тоқ, киімдері бүтін. Адамға жастық шақ, жалпы өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан уақытты неге пайдалы етіп пайдаланбасқа. «Көке, жәкеге» емес, Абай атамыз айтқандай, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – демекші, өзіңнің біліміңе, еңбегіңе ғана сену қажеттігін жас ұрпаққа сіңірейік.
Бүгінгі түрлі келеңсіздіктерге бүкіл қоғам кінәлі.
Биылғы ҰБТ тапсыруда жастар да көп мәселені көңілге түйді, сабақ алды деп ойлаймыз.
Жас түлектерге қазір мүмкіндік көп. Барлығына ақ жол, сәттілік тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»