Basty bet
Меккеге барып-қайтқан ана
Шын бақыт – сүю және сүйікті болу. Бұл адамның бүкіл өміріне: отбасына, қызметіне, ортасына бірдей қатысты. Мәселен, перзент ретінде айтсам: ата-ананың мейіріміне бөленіп өсу мен ата-анаңды өзің де қуанышқа бөлей алу – бақыт; жар тұрғысынан алғанда, бақыт деген – өзің сүйген, бүкіл тағдырыңды арнаған серігіңнен соған лайықты жауап алу. Ана ретінде бақытың – өзің аялап, әлпештеп өсірген ұл-қызыңнан сол ниетіңе сай құрмет көру. Сондықтан халқымыз осындай бүтін бақыт бұйырған адамды «төрт құбыласы түгел жан» деп атаса керек. Бірақ, мұндай бақыт кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейді.
Жаңаталап ауылының тұрғыны алтын алқалы Гүлхадиша Көшкінбаева анамызбен сұхбаттасып отырып, ол кісінің жүзіндегі қуаныш нұры ақ жаулықты ананың бақытты жан екенін сездірді.
Тәуба, ана бақытты болса, ұрпақ та бақытты. Ұрпақ бақытты болса, өмір де нұрлы, мәнді, мағыналы болмақ.
Гүлхадиша Жаңабекқызы 1949 жылы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Тоғыз жылдық білім алған жас қыз 18 жасында ауылдас жігітке тұрмысқа шығады.
-Отбасымызда бес бауыр бірге өстік. Әкемізден ерте айырылып, анамыз бәрімізді бір өзі жеткізді.
Тұрмысқа шыққанда жолдасым Сиқымбай Көшкінбаев студент еді.
Келін болып түскен отбасым бес қыз, төрт ұл тәрбиелеп отырған үлкен отбасы болды. Менің жолдасым үлкені болатын.
Ата-енеміз жақсы кісілер еді.
Енемнің тәрбиесі мені осындай бақытқа жеткізді.
Енем үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, отбасында қыздарды сыйлауға үйретті. Сол кісінің тәрбиесінің арқасында қазір бір ата-анадан тараған ұл-қыздар бір-бірімізбен татумыз. Бүгін әулеттің үлкені болып, құрметке бөленіп отырғаным осы пейілімізге берген Алланың сыйы шығар.
Ата-енеміз дүниеден озған соң жолдасым Болатбек екеуміз әке орнына әке, ана орнына ана болып, қалғандарына қамқор болдық.
Болатбек совхозда бухгалтер, совхоз басшысы болып қызмет етті.
Мен сәбіз, қызылша алқабында сушы болып жұмыс істедім.
Екеуміз екі ұл, бес қыз тәрбиеледік.
Болатбек тағдырдың жазмышымен 54 жасында дүниеден өтті. Жолдасым елге сыйлы, қамқор, қайырымды, адал азамат еді. Алла берген нәсібесінің берекесін берсін деп отыратын.
Аллаға тәуба деймін бүгінде ұл-қыздарымнан 25 немере, сегіз шөбере сүйіп отырмын. Балалардың барлығы үйлі-жайлы, қызметте.
Үлкеніміз Ақмарал Таразда мұғалім, Асқарым жеке кәсіпкер. Үлкен келінім Фарида қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде есепші.
Розам аудан орталығында мұғалім.Дәмирам жеке кәсіпкер, тігінші. Раушаным Қапшағайда балабақшада тәрбиеші. Қолымдағы ұлым Серік пен келінім Балнұр Жаңаталап орта мектебінде мұғалім.
Екеуі де әріптестерінің арасында болсын, бауырларының арасында болсын сыйы бар жандар. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
Ұл-қыздарымның барлығы төрт-бес перзент сүйіп отыр. Алланың мұнысына мың да бір шүкір,- дейді Гүлхадиша әже.
Ардақты жан өткен жылы 70 жасқа толып, бала-шағасы мерейтойының құрметіне ұлан-асыр той жасап беріпті. Бір ғажабы, тойда екі ұлы Асқар мен Серік аналарына Меккеге қажылыққа баруға жолдама сыйға тартыпты.
-Алланың қалауымен, балаларым себепкер болып Меккеге барып келдім. Жолда қиналып қалмаспа екенмін деп ойлап едім. Алла өзі күш-қуат берді, өте жақсы әсермен оралдым.
Меккеге имандылыққа бет бұрған дүниежүзінен өте көп адамдар келеді. Үлкен де, кіші де бар.
«Мадина» мешітінде бес уақыт намазымызды оқыдық. Отбасымызға, ел-жұртымызға Алладан тілек тіледік. Жалпы Меккеде он күн болдық. Алланың осы бақытты маған бұйыртқанына сансыз шүкіршілік етемін.
Бұл бір жағы жолдасым екеуміздің еңбегіміздің, бала-шағаға берген жақсы тәрбиеміздің жемісі деп бағалаймын. Балаларымның барлығы мейірімді, мені де, бір-бірін де сыйлайды.
Жолдасым екеуміз бір-бірімізді сыйлап, тату өмір сүрдік. Соны көріп өскен балаларымыз да отбасында жұбайларымен тату,- дейді Гүлхадиша Жаңабекқызы.