Basty bet

Бала тәрбиесіне сергектікпен, құрметпен қарайықшы!

Ата-бабамыздан қалған “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген нақыл арқылы ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлінің қаншалықты жоғары екенін аңғарамыз. Асыл дінімізде де “Ешбір ата-ана баласына көркем тәрбиеден артық мұра қалдыра алмайды” деген ұғым бар. Отбасындағы тәрбие баланың өміріне әсер ететін үлкен құндылық.

Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде “Колледж білімгерлерінің тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі” тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, кәмелет жасқа толмағандармен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының жұмысын ұйымдастырушы, аға инспектор, полиция мойоры Нұрлан Базарбеков қатысты.
Алдымен колледж директоры Медет Иманбаев бірінші жартыжылдықтың оқу-тәрбие қорытындысы туралы баяндама жасады. Колледж директорының айтуынша, бүгінгі таңда оқу орнында 235 білімгер білім алуда.
Колледжде оқу-өндірістік шеберханалар, оқу ғимараты, асхана және спорт залы бар. Сонымен бірге 31 орындық жатақхана ыңғайластырылған.
Білімгерлер арнайы мамандықтар бойынша кәсіптік білім алуы үшін 10 оқу кабинеті мен 6 өндірістік шеберхана жұмыс істейді.
Қажетті кітаптар мен оқулықтар жеткілікті. Кітап қоры 13 367 дананы құрайды. Оның 7 108-і оқулық, 267-і оқу-әдістемелік нұсқаулықтар. Сондай-ақ, 180 электронды оқулық, 200-дей көрнекі құралдар бар.Компьютерлік сынып толық жабдықталған. Оқу кабинетіндегі 17 компьютер интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар интербелсенді тақталар білімгерлердің сапалы білім алуына қызмет етуде.
Құқық бұзушылықтың алдын алу және білімгерлердің қауіпсіздігі үшін колледжде 32 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның 12-сі сыртта орналасса, 20 бейнебақылау қондырғысы ғимарат ішінде орналасқан. Медет Жексенбекұлы мамандықтар бойынша әр топтың білім сапасына, колледжде ұйымдастырылған тәрбие жұмыстарына да тоқталды.
-2022- 2023 оқу жылында аудандық полиция бөлімінде төрт білімгер тіркелсе, биылғы жылы 2 білімгерге азайды, яғни 2 пайызға төмендеген. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай емес, тек алға қарай жұмыс істеуге күш береді. Колледжішілік есепте тұрған 12 білімгердің тәртібі түзелуіне байланысты, 6 білімгер есептен шығарылды,- дейді мектеп директоры М.Иманбаев.
Колледж педагог-психологы Жұпар Бибасарова “Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі” тақырыбында слайд арқылы педагогикалық-психологиялық кеңес берді. Педагог-психолог үлкен адамдардың педагогикалық көзқарастарының қауқарсыздығының себептері, отбасындағы баланы тәрбиелеу түрлері, ҚР “Неке және отбасы” Заңында белгіленген ата-ананың жауапкершілігі, зорлық-зомбылықтың бала психологиясына кері әсері, отбасылық қарым-қатынысты жақсарту тәсілдері туралы арнайы жасалған слайд арқылы түсіндірді.
Ал, колледж медбикесі Аян Ақжол ерте жүктіліктің алдын алу, қызылша және оның алдын алу жолдары туралы дәрігерлік кеңестерімен бөлісті.
Кәмелет жасқа толмағандармен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының жұмысын ұйымдастырушы, аға инспектор, полиция мойоры Нұрлан Базарбеков кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары туралы өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп, жасөспірімдерге қатысты ҚР Заңдарындағы тиісті баптарға жеке-жеке тоқталып, заң талаптарын қарапайым тілмен түсіндіріп өтті. Полиция қызметкері сөз соңында ата-аналарды балаларын интернет алаяқтықтан сақтандыруға, баланың телефонына “Ата-аналық бақылау” бағдарламасын енгізуге шақырды.
Ата-аналар жиналысын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылады.
-Күйбең тіршіліктің соңында жүріп, ата-аналық міндетімізді ұмытып кететініміз жасырын емес. Баланың тамағы мен киімін түгендеумен ата-аналық міндетіміз бітпейді. Ең бастысы, баланың тәрбиесі, жан дүниесі. Сондықтан баламыздан үміт күтсек, оның тәрбиесіне мән беруіміз керек. Ал, тәрбиесіз берілген білім әл-Фараби бабамыз айтқандай, адамзаттың қас-жауы.
Жуалы колледжі өкінішке қарай, 2022-2023 оқу жылында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық бойынша көш бастап тұрды. Бұл – колледж ұжымы мен ата-аналардың тәрбие, тәртіп мәселесіне ерекше мән беру қажеттігін білдіреді.
Қазақ о бастан ұрпағын “Ұят болады!” деген бірауыз сөзбен тәрбиелеген халық. Ендеше, ұятымыз қайда? Бала – Алланың аманаты. Сондықтан Алланың бізге берген аманатына қиянат жасамайық. Уақыт жоқ деген қарап отырсақ, жәй сылтау ғана. Себебі, кез келген ата-ана әлеуметтік желіде отыруға уақыт табады. Ал, балаға келгенде уақыт жоқ. Бұл – баланың болашағына деген немқұрайдылық.
Қазір балаларды Тик-Ток тәрбиелеуде. Әлеуметтік желіде қаскөйлер балаңызға не үйретіп жатыр? Балалардың түрлі діни жат ағымның жетегінде кетуі, түрлі ұятсыз, қауіпті іс-әрекеттерге баруы, ойынқұмарлық, психотроптық заттардың жарнамасы бәрі-бәрі телефонда тұр. Сондықтан баланың режімі, дұрыс тамақтануы, тынығуы, пайдалы іспен айналысу, еңбекке баулу, кітап оқу арқылы өзін дамыту барлығы баланың бойында ата-ананың бағыт-бағдар беруі, үлгі болуы арқылы қалыптасады. “Артық білім – кітапта” демекші, кітап оқу арқылы бала ақ пен қараны, жақсы мен жаманды таниды, әдемі ойлауды, әдемі сөйлеуді үйренеді. Мұның барлығы адам баласы үшін аса қажетті құндылықтар.
Қазақта “Балаңды аясаң, аяма” деген сөз бар. Яғни, балаңның болашағын ойласаң, оны еңбекке баулы. Еңбекке баулу арқылы шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа, адалдыққа, жігерлі болуға, басқа да қаншама жақсы қасиеттерге тәрбиелейсің,- деді Анар Садыққызы.
Иә, ғалым-ұстаз Алма Қыраубаева айтқандай, “Тәрибе деген – баланың табиғатын түсініп, жанын байыту”. Ол – үлкен еңбек. Баланың жанын өзіңді байыту арқылы ғана байыта аласың.
Өмірде ең үлкен байлық – бала. Сондықтан бауыр еті баламызға тәрбие беруде сергектікпен, құрметпен қарайықшы, құрметті ата-ана!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close