Basty bet

“Әскердегі өмір ер жігітті шыңдайды”

Отаншылдық – әр адамға керек қасиет. Отан отбасынан басталады. Кімде-кім өз туған ата-анасын ардақтаса, бауырларымен тату болса, туған ауылын, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін ардақтаса, ол адам отаншыл.
“Патриотизм – “Отаным сені сүйемін! Сен үшін құрбан болуға әзірмін!” деген құрғақ сөздерді лүпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, әділ, адал болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады.

Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал, еңбекшілдік, білімділік,тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық – армия үшін ең қажетті қасиет. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені оның қолында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол – Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер!- деген сөз. Ол – халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! деген сөз” дейді жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы.
Иә, Отанымыздың тыныштығын, бейбітшілігін сақтау, елін қорғау – кез келген қазақстандық азаматтың Отан, туған ел, туған жер алдындағы борышы.
Сұрым ауылының азаматы Алишер Райыберді әскер қатарынан жақында ғана келді. Тоғыз ай Сарыағаштағы әскери бөлімде, үш ай Мақтааралдағы әскери бөлімде әскери борышын абыроймен өтеп, қатардағы жауынгер 2020 әскери бөлімнің командирінің ЛМУА подполковнигі Р.Рамазановтың Грамотасын қолына алып, мақтанышпен туған ауылына оралды.
Алишер Арманұлы 2000 жылы туған. Әкесі Арман мал шаруашылығымен айналысса, анасы Гүлбайра пошташы болып еңбек етеді.
Алишер көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Яғни, Райыберділердің отбасында үш ұл, үш қыз желкілдеп өсіп келеді.
Алишер 9 сыныпты бітірген соң Тараз химия-технологиялық колледжінде дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқыды. 2019 жылы күзде әскер қатарына алынды.
-Әскердегі өмір ер жігітті шыңдайды. Қиын, бірақ ер жігітке қажет. Өмірге басқаша көзқараспен, яғни үлкен жауапкершілікпен қарайсың, өмірге деген құштарлығың оянады. Туған ата-анаңа, туған ауылыңа деген сағынышты бастан өткіздім. Бойыңда патриоттық сезімің күшейеді екен.
Ортада өзіңді қалай ұстау керектігін үйренесің, ашыласың.
Әскерде Айзар Жақсыбаев деген командирді өзіме үлгі тұттым. Себебі, ол ең жас командир болатын. Жас сарбаздарды жақсы түсінеді, көмектеседі, рух береді. Адамдардың есінде жақсылығыңмен қалған қандай жақсы. Мен де айналама жақсылық жасағым келеді.
Әскерде бос уақытымда спортпен шұғылдандым. Бұрын спортқа мән бермейтінмін. Спортты әскерде қолға алдым. Спорт – денсаулыққа да пайдалы.
Ер жігітке, жастарға жігерлілік, мақсаткерлік, қайраттылық керек.
Мен болашақта әскери қызметке орналасып, Отаныма адал қызмет еткім келеді,- дейді Алишер Арманұлы.
Алишердей Отан алдындағы қызметін атқаруға өзі ерікті түрде баратын жастарымыз арамызда көп. Алайда әскерге барудан түрлі себептермен барғысы келмейтін азаматтар да жоқ емес.
Отансыз өмір, онсыз қуаныш та жоқ.
Ата-бабамыз ұрпақтарымыз аман болса, бақытты болса ұрпақтар сабақтастығы үзілмесе, екен деп қаншама қиыншылықты еңсеріп, осынау кең-жазира Отанымызды жаудан қорғап, бізге аманаттап кетті. Сондықтан туған Отанымызды көздің қарашығындай қорғау, оның тыныштығы, тұтастығы үшін, көркейіп, гүлденуі үшін қызмет ету барлығымыздың перзенттік міндетіміз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close