Basty bet

Әңгіме арқауы – ауылдардың жайы

Апта басында ауылдық округтер әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулері жалғасты. Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев округке қарасты Жылыбұлақ, Дарбаза және Әбдіқадір ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы өңірде атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есеп берді.
Жылыбұлақ ауылдық клубында өткен есептік кездесуге аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов, осы өңірден сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев, ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиев ашып, округте өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы ауқымды баяндама жасады.
– Ауылдық округ негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, 101 шаруа қожалығы тіркелген, оның 50-і мал шаруашылығымен, 2-уі егін шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы «Билікөл» ШҚ 500 га күздік бидайдың гектарынан 12 центнерден өнім алды. Өңірдегі мал саны жыл санап артып келеді, МІҚ 2176, қой 42 622, ешкі 3939, жылқы 2735, құстар 4655 басқа жетті.
ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңына сай округте 1 011,1 мың теңге салық және салықтан емес түсімдер жиналып, жоспар 100 пайыз орындалды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында округ тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында «Бастау-Бизнес» жобасымен 60 азамат кәсіпкерліктің негіздерін меңгерді. Облыстық кәсіпкерлер палатасында өз бизнес жобаларын сәтті қорғап шыққан 13 азамат 505,0 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болды. АӘК алуға 50 отбасынан өтініш түсіп, 36 отбасына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған, – деді Талғат Пернебекұлы ауылдық округ тұрғындарының сан салалы тұрмыс-тіршілігі туралы.
Одан бөлек, округте жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Қарабастау ауылынан спорт алаңы салынған. Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің жанынан спорт зал мен қазандық салынып, пайдалануға берілген.
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүлік қауіпсіздігін қорғау, қылмысты болдырмау, заңдылықты бұзуға жол бермеу басты назарда. Учаскелік полиция инспекторы тарапынан ауыл тұрғындары арасында қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты атқарылуда. Өткен жылы ауылдық округ аумағында жеті қылмыстық іс тіркелсе, оның төртеуі ашылған.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Дарбаза ауылының Дарбаза көшесі ағымды, Жылыбұлақ ауылының Жылыбұлақ көшесі орта жөндеуден өткізілген. Қарабастау ауылына кіреберіс көпірді жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылдық округ әкімі аппаратының өзін-өзі басқару есепшотына салықтардан түскен қаражат есебінен елдімекендердің көше жарығы ағымды жөндеуден өткізілген, қатты қалдықтарды тастайтын орын жайластырылған, кездейсоқ қоқыста шығарылған.
Ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиев биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың ретін де баяндап берді. Мәселен, аудандық бюджет қаражаттары есебінен Қарабастау ауылынан балалар алаңшасын абаттандыру, ауылдағы суландыру жүйесін ағымды жөндеу, екі көшені жарықтандыру, Қарабастау су тоспасын тазалау жұмыстарын жүргізу қажет.
Баяндамадан кейін жарыссөз басталып, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов өңірде атқарылған игі істерді тізбелей келе, округте өзекті болып отырған газдандыру мәселесін қозғады. Ол тұрғындарға таяуда өңірге арнайы келіп, сайлаушылармен кездесу өткізген облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақовтың газға қатысты айтқан қуанышты хабарын жеткізді. Округ әкімі Талғат Пернебекұлы осы ретте АГРС құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамада жатқанын, сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда, көктемде АГРС құрылысы басталатынын айтып өтті. Округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов округтегі көптеген игі істердің басы-қасында жүретін Миразовтар әулетіне алғысын білдіре келе, «көп жылдан бері жөндеу көрмеген ауылдық клубтың ғимаратын жөндеуге қаражат бөлінсе» деген ұсынысын жеткізді.
Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов ауыл тұрғындарын, жастарды туған елді көркейтуге шақыра отырып, сыртта жүрген ауыл түлектерінің көңілін ауылдың кем-кетігін толтыруға бұру қажеттігін көрсетті. Аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев жергілікті атқару органымен тығыз байланыста жұмыс істейтінін, депутаттық сауалдар арқылы өзекті мәселелердің орындалуына қол жеткізіп жүргенін айтып өтті.
Ауыл тұрғыны Сенбек Тәжікеев ауылда электр жарығының жиі өшетінін, бағаналардың ескі екенін айтса, ШҚ төрағасы Жұмабай Оразымбетов иелігіндегі 50 гектар жерді рәсімдей алмай отырғанын жеткізді.
* * *
Дарбаза ауылдық медициналық пунктінде Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев ауыл тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын баяндады. Жиынға аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов, аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев, ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты.
Есептік баяндамадан кейін жарыссөзге кезек берілді. Ауыл тұрғыны Есенбай Шыңғысбаев ауылды газдандыру мәселесіне қатысты сауал қойып, оған ауылдық округ әкімінен қанағаттанарлық жауап алғаннан кейін, өңірде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ауыл тұрғындары ауылда электр жарығының сәл жел тұрса өшетінін, көшелердегі шамдардың жиі істен шығатынын айтып, оған шара қолдануды сұранды.
* * *
Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев Әбдіқадыр ауылының тұрғындарымен де кездесу өткізді. Ш.Уәлиханов атындағы негізгі мектепте өткен есептік жиынға аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов, жергілікті қоғамдастық мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиналғандар алдында округ әкімі Талғат Пернебекұлы өткен жылы өңірде атқарылған жұмыстар туралы ауқымды баяндама жасады. Одан кейін жарыссөз басталып, алғаш болып ауыл тұрғыны Күлсінай Күлеева мінбеге шығып, ауылда электр қуатының нашар екенін, бағандардың тозығы жетіп тұрғанын, соның салдарынан жарықтың жиі өшетінін алға тартып, оны қалпына келтіруді сұрады. Толымбек Базилов Берікқара өзеніндегі көпірдің апатты жағдайда екенін көтеріп, оны жөндеу қажеттігін ескертті.
Жиында көтерілген мәселелерге қатысты аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов, округ әкімі Талғат Пернебекұлы оларды кеңінен талдай отырып, жауап берді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close