Basty bet
Бала – бақыт, бала – шаттық, бала – нұр
1 маусым әлемнің барлық елдерінде Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтіледі. Себебі, бала- адамның бауыр еті, көз қуанышы, өмірінің жалғасы, еліміздің ертеңі. Балаларды қорғау, балаларға жасалған қамқорлық – елдің ертеңіне жасалған жақсылық.
Елімізде 2017 жылдың 1 маусымында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында және барлық облыс орталықтарында балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өткізілген болатын.
Театрландырылған шеру ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру аясында, эстетикалық және патриоттық тәрбие үлгісі ретінде балалар мен студенттердің салтанатты көше фестивалін қолдау және дамыту мақсатында биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Аталған шеру биыл бірінші рет аудандық әкімдік пен аудан әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымызда да өтті. Алаңда өткен мерекелік шараны №2 Балалар өнер мектебінің ұстазы Бекзада Асылханқызының жетекшілігіндегі Францияда өткен «Арт Бәйтерек» байқауының жеңімпазы «Томирис» би тобы «Бәйшешектер» биімен бастады.
Балалар мерекесіне арналған алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Қымбатты балалар!
Міне, өздеріңіз асыға күткен жадыраған жаз да келді. Жаздың алғашқы күні өздеріңнің төл мерекелерің – Балаларды қорғау күні екенін білесіңдер. Бұл күн – балалардың әрдайым қамқорлықта болуын еске салатын күн. Еліміздің ертеңгі тірегі болатын балалардың болашақтарын жарқын ету біздің парызымыз.
Ауданда 2018-2019 оқу жылында 40 білім беру мекемелерінде 1-10 сынып аралығында 10 402 оқушы білім алады. Оның 9841-і мектеп жаныдағы жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Ал, 2750 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагеріне, яғни Берікқара шатқалында орналасқан табиғаты әсем «Берікқара» лагеріне 400 бала сауықтырылуға жіберіледі. Оған аудандық бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді, – дей келіп аудан әкімі балаларға деген игі тілегін жеткізді.
Алаңда балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері және ансамбльдерінің шеруі басталды.
Ең бірінші «Аула клубының» білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында халықаралық, республикалық және облыстық байқауларының жеңімпаздарынан құралған калона өз өнерлерін көрсетті. Шеруді әрі қарай Мыңбұлақ ОМ, А.Байтұрсынұлы атындағы ОМ, №1 Балалар өнер мектебі, №15 мектеп-лицей, Д.Қонаев атындағы және №1 МГ, №4 өнер мектебі, №29 ОМ, С.Сейфуллин атындағы ОМ, А.Пушкин атындағы ОМ колонналары жалғастырды. Шеруге қатысушылар патриоттық рухтағы әндерге би биледі, күй тартты, түрлі ұлттың киімін киген, спорттық үлгіде киінген оқушылар өнер көрсетті. Қатысушылардың барлығы өте жақсы дайындықпен келген. Көрермендерге әсіресе, А.Пушкин атындағы ОМ-нің дайындағы өнері ерекше ұнады. Шеруді №2 Балалар өнер мектебінің «Томирис» би тобы «Алға, Қазақстан!» әніне қойылған флешмобпен аяқтады.
Кезек балабақша бүлдіршіндерінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. «Аягүл», №1, «Балдырған», «Мөлдірбұлақ», «Шапағат» бөбекжай-балабақшаларының өнерлі бүлдіршіндері ән салып, би биледі.
Мерекелік шара жүздері балбұл жайнаған балаларға қуаныш, мерекелік көңіл күй сыйлады. Қуанышқа кенелген балалар серуендеп, ойын алаңдарында ойын ойнап тарқасты.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»