Basty bet
Жауапкершілікті сезінетін кез келді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында төтенше жағдай режімінің аяқталғанын мәлімдеді. Президент соңғы екі айдың ауыр болғанын ескере отырып, мұнымен пандемияның әлі аяқталмағанын айтып өтті. Яғни, аурудың шарықтау шегінен енді ғана өттік. Олай болса арқаны кеңге салып жүруге әлі ерте. Кейбір өңірлерде ауру басылмай тұр. Індеттің адам өміріне қауіптілігін де ескергеніміз жөн.
Төтенше жағдай аяқталып, тіршілік қайта оянғандай. Көптеген жұмыс орындары кезеңімен ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Дейтұрғанмен қоғамдық орындарда сақтық шараларын қатаң сақтағанымыз абзал. «Сақтансаң – сақтайды» дейді. Өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе.
Алдағы уақытта Үкімет тарапынан еліміздің экономикасын көтеру үшін бірқатар жұмыстар атқарылатыны мәлімдемеде тайға таңба басқандай айтылды. Бұл уақытқа дейін мемлекет тарапынан төтенше жағдай режімінде халықтың жағдайы ескеріліп, әлеуметтік көмектер көрсетілген болатын. Бүгінгі мәлімдемеде Мемлекет басшысы ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауды, азаматтардың табысын арттыруды, бизнесті қолдау және оны дамытуды, білім және ғылым жүйесін жетілдіруді қолға алуды атап өтті. Сондай-ақ, Президент дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз жауапкершілігімізді сезініп, бірлігіміздің арқасында бұл қиындықты еңсеретінімізге сенім білдіремін.
Арабхан Заппаров,
Ақтөбе ауылдық округінің әкімі