Basty bet
Алғысым шексіз!
Мен бес баланың анасымын. Өзім Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда гардеробшы болып жұмыс істейтінмін. Елімізде Төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты жылыту маусымы аяқталмай жатып жұмысымыз тоқтады.
Жолдасым мал шаруашылығымен айналысатын. Мал базар жабылып, малымызды сата алмай, аздап қиындықтар туындады. Осы орайда Үкіметіміздің жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңгеден көмек беріледі дегенді естіп, мен де өтініш білдіргенмін. Өтінішім мақұлданып, бір аптаның ішінде 42 500 теңгеге қол жеткіздім. Есеп-шотыма түскен қаржыға отбасыма қажетті азық-түліктерімізді алып, қуанып қалдық. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа халыққа деген қамқорлығы үшін отбасымның атынан алғысымды білдіремін.
Дәл бүгінгідей жағдай әлемде, елімізде бірінші рет болып отыр. Бұл жағдай Үкіметіміз үшін де, халық үшін де оңайға соққан жоқ. Алайда, Елбасы елімізде Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бастап халықпен бірге болып, сабырға шақырып, Үкімет тарапынан әсіресе, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына көмек, қолдау болатынын жеткізген болатын. Халықты бірігіп қиындықты еңсеруге шақырды.
Бұл жағдайға дейін де, қазіргі уақытта да Елбасының және қазіргі Президентіміздің бастамасымен аз қамтылған, көпбалалы, жалпы көмекке мұқтаж отбасыларға қаржылай, азық-түліктей көмектер көрсетілуде. Халық Үкіметтің шынайы қамқорлығын сезініп отыр.
Аналық тілегім – еліміз індетті ертерек жеңіп, бұрынғы қалыпты өмірімізге оралуына тілектеспін! Ол үшін шектеу шараларын ұстанып, тәртіпке бағынумыз керек.
Ауданымызда карантин шараларын сақтау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Оны аудандық газеттен, әлеуметтік желілер арқылы оқып, танысып жатырмыз.
Ел үшін еңбек етіп жатқан жандарға Алла денсаулық, күш-қуат берсін!
Меруерт Ахметова,
көпбалалы ана.
Б.Момышұлы ауылы