Basty bet
30 жылдан аса уақыт трактор тізгінінде
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы – ел игілігі жолында қажырлы еңбек етуге үндеп, қоғам дамуындағы еңбектің рөліне аса зор мән береді.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті». Адам баласы тек еңбекпен ғана баянды бақытқа, жетістікке қол жеткізеді. Оңай жолмен пайда табамын деу бос әурешілік. Адамға оңай жолмен келген табыс ешқашан сіңбейді.
Қай сала болсын адамда талаптылық, табандылық пен қажырлылық болса, еңбегі өнімді болады. Нағыз еңбектің нәтижесі қоғамда айрықша рух тудырады. Адам өзінің күшіне, біліміне сеніп, ерінбей еңбек еткенде ғана шынайы бақытқа, мол дәулетке жететіндігін әрқайсымыз жадымызда ұстауымыз керек. Яғни, еңбек жеке адамның да, елдің де көгеруіне зор ықпал етеді.
Қоғамда тынымсыз, қажырлы еңбек етіп, алайда елене бермейтін қарапайым мамандық иелері бар. Олар: сауыншы, малшы, сушы, механизатор, тағы да басқа.
Жаңаталаптылық Әбдіқадір Керімбайұлы жастайынан темір тұлпарды тізгіндеген жан.
Біз озат механизаторды алқап басына арнайы іздеп бардық. Механизатор күзгі дала жұмыстары барысымен алқап басында жер жыртуда.
Қыста техикаларын жөндеп, көктемге дайындап, көктем шығып, күн жылысымен жер жыртып, егін егіп, жаз бойы шөп, арпа-бидай орып, күзде күзгі дала жұмыстарымен айналысып, бір тынбайтын механизаторлар – құрметке лайық жандар.
Таңертеңнен кеш батқанша, кейде тіпті, түннің бір уағына дейін бел жазбай тарактор рулінде отыру әрине, оңай емес. Әсіресе, жаздыгүнгі күннің аптап ыстығында, шаңда жұмыс істеудің қиындығы айтпаса да түсінікті.
Бұл мамандыққа қазіргі таңда жастар көп бара бермейді. Сондықтан әлі күнге дейін Әбдіқадір ағайдай аға буын өкілдері трактор рулінде еңбек етіп келеді.
Әбдіқадір Бейсенбаев 1962 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. 1985 жылы 8 сыныпты тамамдаған соң, Жуантөбедегі Шопанбай Түлеубердиев атындағы СПТУ-13 училищесінде механизаторлықты оқиды.
1981-1983 жылдары Прибалтикада әскери борышын өтейді.
Әскер қатарынан келген соң Көксай колхозында механизатор болып еңбек етеді.
Ал, «Жаңаталап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1994 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Әбдіқадір жұбайы Алтынай Оразбаева екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген.
Тұңғыштары Гүлнұр тұрмыста. Бес ұл-қыздың анасы. Екіншісі Ұлбала да тұрмыс құрған, оның да төрт бала-шағасы бар. Қайраты 91678 әскери бөлімінде қызмет етеді. Отбасылы. Үш ұл-қыздың әкесі. Талғаты Тараз қаласында күзетші болып еңбек етеді. Оның да бір кішкентайы бар.
Әбдірайым аға жұбайы екеуі ұрпақтарынан 13 немере сүйіп отыр. Ал кенжелері Рақат Чехияда білім алуда. Мамандығы – аудармашы.
Алтынай Диқанбайқызы Бәйтерек ауылдық амбулаториясында лаборант болып еңбек еткен. Қазіргі таңда зейнет демалысында.
-Әбдіқадірдің механизатор болып жұмыс істегеніне 30 жылдан асты. Ол өз ісін жақсы біледі, жақсы көреді. Сыртта да, үйде де жұмысына өте ұқыпты.
Отбасымызда шағын шаруа қожалығымыз бар. Аздап мал бордақылаймыз. Жолдасымның еңбекқорлығының арқасында балаларды қатарларынан қалдырмай, аяқтандырдық. Балалар жұмыстарына байланысты бөлек тұрады. Қолымызда Қарақат есімді немереміз бар,- дейді жұбайы.
Еңбек қиындығымен бірге өз қуанышын да әкеледі. Ол қуанышты еңбекқор адам ғана сезіне алады.
Еңбек адамының әрдайым еңбегі жанып, мерейі өсіп, жас ұрпақ үлгі алсын!
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»