Basty bet

Төркіндеу кәдесінен алатын тағылым мол

Салт-дәстүр ешбір заңда көрсетілмеген, атадан балаға жалғасып келе жатқан тұрмыстық ұстаным. Қазақ ықылым заманнан оны бұлжытпай сақтап, кәдеге асырып отырған. Дәстүр адамның іс-әрекеттерін, өмірге деген көзқарасын тәртіптеп, тәрбие негізін қалауына көмек етеді. Салт-дәстүрге әдет-ғұрыптың бұрыннан келе жатқан ең озық үлгілері, ырым-жоралары, кәде-рәсімдері кіреді.

Өмірден жастай озған, артында өлмес мұра қалдырған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
«Абайдың кезі қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны.
Ақпейіл, мейірбандық қалып кетіп,
Желбуаз, сұрқия боп қызынғаны.

Кіріп ап партияға қызып алған,
Даланың табиғатын бұзып алған.
Елдігіне һәм жеріне құрылды
Талай тұзақ, талай қақпан» деп жазғанындай, ХІХ ғасырдың орта шенінен қарашекпенді отарлаушы жабайы, озбырлар салт-сана, әдет-ғұрпымызға орасан залал келтірді. Жетпіс жылдық құдайсыз, коммунистік идеология қазақтың сан ғасырлық әлем үлгі тұтарлық әдет-ғұрып пен салт-санасын мүлдем жою харакетіне дейін барды. Өмір сүру қалпын «ескіліктің сарқыншағы» деп қазақты тура ата-баба салған сара жолдан тайдырып үлгерді.
Отбасылық дәстүрге баланың дүниеге келуінен бастап, ержетіп, тәрбие алуы, келін түсіру, қыз ұзату, төркіндеу, өлім-жітім мәселелері жатқан. Бұдан басқа қауымдық-әлеуметтік деген келесі түрі – Наурыз мерекесі, діни мейрам, ас беру, бәйге ұйымдастыру т.с.с. Бұл екеуі көп жағдайда араласып, астасып кетіп жатады.
«Ата салтың – халықтық қалпың» дейді дана халқымыз. Ұлтымыздың осынау бір ғасырлар қойнауынан бізге мұра боп жеткен төркіндеу салтын жаңғыртып, өскелең ұрпаққа өнеге етіп ұсынған түп нағашы әкпеміз Өзипа Рахманқызының төркіндеп келіп, игі істің аяғы тойға ұласқанының куәсі болып, мол тағылым алғанымызды, мұндай кәденің қазіргі заманда көп қазақтың жадынан өшіп бара жатқанына өкініп қалғанымыз бар-ды.
Сонау бір дәуірде қоғамдық өмір осы біз жоғарыда айтып өткендей, қоғамдық өмір бұзылған, қасиетті тәртіптер, қоғамдық қағидалар тұралаған тұста Хазіреті Мұхаммед (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) жаңа бір дін мен тәртіп әкелген еді. Ислам дінінде әйелдің орны ардақты болып есептеледі. Ата-бабамыздан «Әйелі бұзылған елде болашақ жоқ» деген нақыл сөз содан қалған.
Әйелге қажетті басты қасиет – қайырымдылық пен құрмет. Тұрмыс құру, ұрпақ өсіру, ұл мен қызға тәлім-тәрбие беру ісінде әйел баласының өмірде орны ерекше. Ал еркек үшін өмірдегі ең бастысы – өзіне ғана лайық жан жарын табу мен бар ынтамен сүйіп істейтін кәсібінен адаспау.
Кейде жарыңды табу бәрінен маңызды болады. Әйел арқылы еркектің болмысы ашылады. Басыңа бақ боп қонатын әйелді табу өте маңызды. Тапсаң, жасына, түріне, мінезіне қарамайсың. Бұл тек саған керек адам. Еркек мұндай әйелді жан жүрегімен бірден таниды. Бір көргеннен сүйіп қалады.
Өзипа әкпеміз Айша бибі ауылындағы (Жамбыл ауданы) орта мектепті, одан кейін педагогикалық жоғары оқу орнын тамамдаған. Өзипа Рахман есімді Байдәулет батыр (қаңлы) ұрпағы, кешегі бес жыл сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысқан соғыс ардагерінің қызы. Анасы Әсемкүл Әбутәліпқызы қараманас қаңлының қызы еді. «Құдай» деген тағылымды отбасынан түлеп ұшқан айтулы перзенті боп бойжеткен еді.
Өмірде бірін-бірі таңдап, ұнатып қосылған серігі – Халел Мұхитұлы есімді жоғары білімді он екі Ата Байұлының алаша бұтағынан. Оның да әкесі бес жылға созылған сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, мүгедек болып оралған қазақтың біртуар перзенттері Шерхан Мұртаза мен Қаратай Тұрысовтар алдынан дәріс алып шыққан тарихшы мұғалім еді. Анасы Несіп беріш руынан, Исатай-Махамбет көтерілісінің қолбасы Исатаймен рулас. Ғұмырын бала оқыту мен тәрбиелеуге арнаған, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен дәріс алған, үлгі-өнеге алған абзал Ана.
Өзипа әпкеміз тағдыр қалауымен 1976 жылы Халел жездемізге тұрмысқа шыққан. Өзипа әпкеміз мектепте 42 жыл шәкірттерге білім берсе, Халел жездеміз баспаханада бас есепші боп ұзақ жыл абыроймен қызмет атқарды. Бертін келе 1986 жылғы Чернобыль атом электр станциясының апатына қатысқан, ардагер-полковник. Орталық Азия «Чернобыль апаты» ардагерлерінің төрағасы лауазымын ұзақ жылдар мүлтіксіз, аса зор жауапкершілікпен атқарған. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, онымен сұхбаттас болған.
Халел, Өзипа әпке-жездеміздің шаңырақ көтергеніне 44 жыл болыпты. Ұл өсірді, қыз өсірді, немере сүйген Халел жездем әдемі қартайып, ақсақалдық жасқа иек артып тұр. Өзипа әпкем де кейінгі ұрпаққа үлгі тұтарлық әже болып, ұрпаққа, кейінгі толқын өскіндер үлгі алатындай жөн-жосықты апа-әже боп бұ күнге келгені қуантады.
Өзипа әпке өмірлік серігі Халелмен, ұл-қыздарымен ой-өрісті әңгімелесу барысында былай дейді:
– Сонау 1966 жылы Сары (Тындықыз) апамыз 59 жасында төркіндеп келгенде, мен 13 жастағы жасөспірім қыз едім. Ері кешегі 1941-45 жылғы алапат соғыстан оралмаған. Өзі тоғыз құрсақ көтеріп, қу шешек сол перзенттердің сегізін «жалмап», бір ұлы Болатбекті немере келіні (қайнысы Үсіпбайдың ұлы Рақманбектің жұбайы) Құрманкүл төртеуі келген және өзінің тұңғыш немересі Айдарды ала келген-ді.
Сол Тындықыз әпке иманды, ибалы, тәрбиелі жан еді. Былай дегені есімде қалыпты:
– Ғұмыры таусылып, кісі о дүниеге аттанып бара жатқанда, жаназасын шығаратын молда: «Бұ кісі ғұмырында төркіндеп пе еді?!» деп сұрайды екен» деп.
«Мекке менен Медине – жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді екен барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші» деген ғибрат сөзді жалғыз ұлым жадында ұстап, мені, міне, төркіндетіп әкеп тұр» деп, аға-іні, әкпе-сіңлі, бауыр, келіндеріне сый-сияпат алып келгені күні бүгінгідей есімде, – дегені.
– Ал енді өмірлік серігім Халел, ұл-қыздарым, немерелерім бұған не дейсіңдер?! – дейді ғой.
Халекең де құр алақан емес, өмір көрген, түйгені мен көпшілдігі бар кісі, Шал ақынның сөзін жауап ретінде ұсына қойғаны:
Тобылғыдан қатты жоқ ырғайдан соң,
Ата менен енеңнен үлкен жоқ құдайдан соң.
Сонымен ұл-қыздарымен мәмілеге кеп, Өзипа әпкені төркіндетіп, ризашылығын алуға келіседі.
Төркіндеу үстіміздегі жылдың 24 қазанына белгіленді. Өзипа мен Халел Алматы шаһарында. Төркін жұрты Жамбыл ауданына қарасты қасиетті Айша бибі ауылында.
Қазақ салты бойынша қыз төркініне бір жыл толмай баруға рұқсат жоқ. Төркіндеу – қазақта үлкен кәде. Мұның жүгі де өте ауыр. Төркіндеп баратындар: ұзатылған қыз, күйеу жігіт, жиен. Апаратындары әке-шешеге жағалы киім (олар бақилық боп кеткен болса) бауырларына, яғни, сіңлілері – Күлзипа, Нүрипа, Нәзипа, келіндері Нұргүл, Әсел, нағашы жеңгесі Шолпан, жиендері Болатбек-Күлайна, Айлина, үйдегі келіні Аягөз, Нұрдәулет, Әділет, басқа жақындарына орамал-шаршы, білезік-сырға, қалауындағы көйлек-көншек және т.б. да кәделі бұйымдар.
Төркіндеп келген қыздың төркінінде кемі бір ай аунап-қунап, өз жұртын аралап, мауқын, сағынышын басуы керек. Төркін жұрты мал сойып, жақын-жуығын шақырды. Қыз бен күйеуді жақындары, жекжаттары үйлеріне шақырып, қыз бен күйеу, жиендер ең жақсы демалысты бастан өткереді.
Дастарқан көл-көсір, шәй, қымыз және т.б. сусын түрлері, қой, жылқы сойылған. Ет аста-төк, Арқаның үлкен ағаш табағы тартылды. Айлина Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» мен Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әндерін нақышына келтіре орындап, жұрттың ризашылығына бөленді.
Межелі уақыт жетіп, кері қайтқанда, Қанатбек пен Қайрат бұзаулы сиыр мен құлынды бие жетектетеді. Жиенге тай мінгізіп, шамасынша алдына серкеш салып береді (бұрын 40 серкеш айдататын болған). Малды өзге ағайындары да береді. Қазақ қыз бен жиеннен барын аямаған. Жиеннің қолын ешқашан қақпаған. «Пайғамбар да күйеуін сыйлапты» деп Халел жездем зор қошеметке бөленді-ай, келіп!
«Қыздан туғанның қиығы жоқ», «Жиенді ұруға болмайды, қол қалтырайды», «Нағашым бай, қайным бай, қайтіп кедей қыласың, Құдайым-ай?» деген нақылды қазақ атам бекер айтпаса керек-ті. Осы айтылғандардың бәрінде батпандай мән бар-ау!
2017 жылғы 12 сәуірде тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ұсынды. Онда сананы түбегейлі жаңғырту, жерді түлету, ел мен жерді көгерту мәселелерін көтере келе, «Ұлттық тірек, құт-береке: бірінші тіліміз, діліміз, дініміз, атамекен, шағын Отан, ұлттық тәрбие, ұлттық мектеп, әдебиет, мәдениет, тарих, әдет-ғұрып, салт-санамызға қайта оралуымыз керек. Қазақты қазақ етіп келген батырлары мен билері емес, әдет-ғұрпы мен салт-санасы» деген еді.
Өз ұлтымыздың қадір-қасиетін, ой-өрісін, танытатын салт-дәстүрімізге мейлінше құрметпен қарап, оларды қастерлеу барша қазақтың елдігіне сын. Қазақ Елін өзге жұрт сыйлап, бағалай білсін десек, ата дәстүрімізді ардақтап, асқақтата білейік. Ертеңгі өскелең ұрпағымыз, ұлтжанды, отаншыл болып өссін десек, ата дәстүрімізді ардақтай білуді үйретейік. Кейін өкінбеу үшін жеткіншектеріміздің бойына ұлттық тәрбие нәрін ертең емес, бүгін сіңірейік!
Осылайша, Өзипа әпкеміз қалың қазақтың жадынан өшіп бара жатқан мәдени салт-дәстүрді сол той есебінде өткен, 30-дан астам адам қатынасқан төркіндеу кәдесі үлгі аларлық жағдайда өтті.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, осы жаңаша түрленген төркіндеу салтынан Өзипа әпкеміздің бір жасап қалғаны бар! Қазіргі қоғамда қолданылып жүрген қазақтың әдет-ғұрыптары мәңгіге жалғасса ғой, шіркін!

Найманкүл БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.
Бақалы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close