Basty bet
Шәкірттері – мақтанышы
Білім жолында тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Сондай жандардың бірі – Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Гүлбүбі Ергебекова.
Сүйікті ісіне жан-тәнімен беріліп, жүрек жылылығын, мерейлі шуағын, адамгершілік ұлылығын шәкірттерінің бойына дарыта білген Гүлбүбі Жарылқасынқызы 1981 жылы аталған мектепке математика пәнінің мұғалімі болып қабылданған. Одан кейін 1985-2005 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін, 2005-2019 жылдары мекеме басшысы қызметін абыройлы атқарған. Оның жауапкершілікті жете сезінетін ерекше еңбекқор жан екендігі әріптестеріне аян, ұстаздық қызметте мол тәжірибе жинақтап, шығармашылық жұмыстарды қатар алып жүретін ұлағатты ұстаз. Оның бірнеше шығармашылық, педагогикалық бағыттағы іс-тәжірибелері, облыстық, республикалық баспасөздерде тұрақты түрде жарияланып тұрады.
«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген ұлы ақын Абай даналығын шәкірттерінің санасына сіңіре білген Гүлбүбі Жарылқасынқызының бір топ шәкірттері бірнеше рет аудандық, облыстық байқаулар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары атанған.
«Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» деп Абай атамыз айтпақшы, Гүлбүбі Жарылқасынқызының әрбір шәкіртіне ерекше қарауының арқасында тасы өрге домалағаны үшін бірнеше рет аудандық және облыстық білім басқармасының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Алғысхаттарымен марапатталған.
Шынында да бар саналы ғұмырын, жастық жолы мен күш-қайратын, терең де телегей білімдерін шәкірттеріне арнаған ұстаздар қауымына берілген бұдан артық баға болмас. Осы орайда, аталған мектеп ұжымындағы өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін Гүлбүбі Жарылқасынқызының әрдайым орны ерекше. Өзі зейнет демалысына шықса да, шәкірт тәрбиесінен қол үзбеген ардагер ұстазға мықты денсаулық, талмас қайрат, шығармашылық табыс тілейміз!
Руслан Сайлаубаев,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры