Basty bet
25 қызметкер бір күнде екпе алды
Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты Жуалы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің 25 қызметкері бір күнде екпе салдырып, коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға үлестерін қосты.
Мекеме директорының орынбасары Азамат Зияттың айтуынша, еңбек ұжымы аудандық орталық емханаға екпе салдыруға алдын ала өтінім білдірген. Апта басында емхананың екпеге жауапты мамандары келіп, қызметкерлерге вакцинаны жұмыс орнында салған.
– Екпе алғандардың ішінде мекеменің шалғай аймақтардағы тау қорықшылары да бар. Олардың әдетте екпе салдыруға уақыт бөлуіне мүмкіндіктері болмай жатады. Осыны ескеріп, біз емханаға арнайы өтінім жасадық, – дейді мекеме басшысының орынбасары.
Қызметкерлердің барлығы ресейлік «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алған. Ал мекеменің бұған дейін екпе салдырған бес маманы БАӘ-де өндірілген қытайлық «Хаят» вакцинасын таңдаған.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»