Basty bet
Майдангер Сартай атаның сағыныш хаты
Ұлы Отан соғысының ауыр күндері алыстаған сайын елдің жады жаныла түсуде. Майданнан келген әрбір студент, жауынгер ағалардың жазған хаттары ең бір аяулы дүние болып киелі төрден орын алуда. Соның бірі қошқараталық Тілеу Сартаевтың (иманды болғыр, майдангердің жалғыз ұлы еді, осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болып кетті – авт.) үйінде сақтаулы. Ол – азаматтың артында қалдырған жақұты. Қан майданнан ауылдағы жақын жұрағаттарына, ағайын-туыстарына, жора-жолдастарына жіберген сәлемі еді, бір кездері. Енді ұрпақтан-ұрпаққа ұластыратын, «Сартай атамыздың сұрапыл соғыста жүріп жазған хаты еді» деп, әкеден-балаға, баласы арқылы немере-шөберелеріне табыстайтын қасиетті асыл мұрасы болыпты. Сол өлең-хатты журналист-жазушы Алпысбай Шымырбайұлы көшіріп алып, бас-аяғына өз ойларын қосып, бір жолына да нұқсан келтірмей 1989 жылдың 22-маусымы күні «Қазақстан пионері» газетінде жариялады. Өткен уақыттың ащы дәмі сезілетін, алыстағы жауынгері жүрегінің лүпілін айқын аңғартатын тарихи дүниені, қане, сіз де оқыңызшы. Көп нүктемен толтырылған жолдар өшіп қалған деп біліңіз.
«… Қызтоған, тұрсың ба аман, Талдыбұлақ?
Мен жүрмін амандықты сырттан сұрап.
Көзіме күндіз-түні елестейсің,
Қайтейін, менен тұрсың алысырақ…
Аман ба, елде қалған кәрі-жастар,
Інішек, жасы кіші қарындастар?
Сіздерге біз де бір күн қосылармыз
Тілектес болып тұрғын, замандастар!
Польшаның келіп тұрмыз қаласына
Күніне оны менен мұны көріп,
Екі қол жас өмірдің жағасында.
Қасымда қаза тапты екі бала…
Айрылдым Құралбек пен Досалыдан,
Өзіммен азаматтар қоса алынған…
Мен барып госпитальда үш ай жаттым,
Бұйырған азын-аулақ дәмін таттым.
Атадан екеуі де жалғыз екен,
Тағдырдың мұнша неге мейірі қатты?!
Айрылдым бірге келген екі достан,
Жазықсыз қаза тапты бекер-бостан.
Жарыңа хабарлармын құдай қосқан.
Екінші жараландым аяғымнан,
Тигенін білмей қалдым қай жағынан.
Санбатқа сүйретіліп өзім бардым,
Жеңілдеу жараландым саусағымнан.
Неміс-ит қамалап жүр жан-жағымнан,
Түсімде Қаратауға шығып жүрмін.
Қаратау, айналайын аруағыңнан!
Төртінші жараландым білегімнен,
Қан ағып тиылмады күрегімнен…
Әлдеқалай, апырмау, болады деп,
Жарылып жалын шықты жүрегімнен…
Сәлем де үлкен -кіші баршасына,
Жерім тар хат жазуға жан басына…
Ағайын, бәріңді де салдым хатқа,
Оқимын тарыққанда көңіл шатқа…
Аршындап сөз сөйлейін тілім барда,
Белде күш, бес саусақта ілім барда.
Жалған -ай, Алтынымды бала қылмай,
Рысқал, кемпірді бақ нала қылмай.
Далада қалдырмастан еліме қос,
Дариға-ай, дұшпаныма таба қылмай.
Әй, апа, мені ойлап жыламағын,
Жасытар сүйегімді жылағаның…
Бестерек, жүрсің бе аман, қайран көкем,
Халқым -ай, сағындым ғой, қайтіп жетем?
Мұратай, қадірлі аға, жүрсің бе аман?
Жасымнан көп қызмет еттің маған.
Сәлем де Түймебекке, Жапар менен,
Рәшкүл тағы сәлем Ақан менен.
Тілепбай, күйлімісің, Рысбала?
Сәлем де Жұмағызға тағы және…
Сәлем де Жығауыл мен Қаракөзге,
Кісінің қадірі жоқ көрер көзге.
Ауылда жүре тыңдап кетуші едім,
Бір ауыз сөзің қымбат осы кезде.
Әтіркүл, күйлімісің, шешем Зереп,
Кетеді ел дегенде еңсек еріп…
Күйлі ме Жолшай аға, Қалжан, Талжан?
Иыққа погон тағып болдық сержант…
Аман ба, Ажар апай, Мамықпенен,
Бұл күнде кісі бар ма тарықпаған?
Көңіліне қарт кемпірдің қаяу салма,
Рысқал, жолдас болсаң анық маған.
Ағайын жалпы аман ба Шаңлақтағы,
Тілектес мен бір ұлың аулақтағы.
Аман ба Әбіш ағай, жеңгей Тойған?
Төрт рет жараланып шықтым «бойдан».
Етіп ем көп жақсылық, Ыбырайым,
Жанбөбек, айтқан сөзің шықпас ойдан.
Болып жүр қарақтарым қандай халде,
Ап жүрмін хабарыңды анда-санда,
Еркінбек, жас емессің, әй, қарағым,
Айтып жүр ақылыңды кемпір-шалға.
Назарбек, күйлімісің, Үрпіш жеңгей,
Сен едің бұрынғыдан қалған шөңге-ей..
Аман ба, Елеш ағай, Жамау інім?
Ал, сөйле, аманында қызыл тілім…
Сәлем де Бәйділдә мен Қожақ қартқа,
Бәріңді сағынған соң салдым хатқа…
Көп сәлем Махамбет пен Демесінге..
Ер Маха, кетерімде тапсырып ем,
Алғын деп біздің үйді көп есіңе..
Сәлем де Мырзалы мен Қалдаманға,
Үш жылға аяқ басты бармағанға.
Бұл күнде бұрынғыдан ұста болдым,
Жұбатып, өзімді-өзім алдағанға.
Омарбек, күйлімісің, ақын аға?
Амандық білдіремін, мақұл аға…
Сәлем де Ажар менен Өлмесекке,
Қосамыз сырттан тілек көрмесек те.
Ажар-ай, жақсы жолдас болып жүрдік,
Ешнәрсе алып, ешнәрсе бермесек те.
Сәлем де Алтынбектей біздің досқа,
Нышана осындайда достан-досқа,
Қасқырмен жолдас болған түлкідей боп,
Кетпесін шырындығым бекер-босқа.
Сәлем де Тасқаным мен Үсіп қартқа,
Таппайды ақыл сабыр тасқаныңда.
Жетпейді уақытым, жазар едім,
Ойланып осы хатқа басқаны да…
Өлеңім осыменен болды тәмам,
Ағайын, барлығың да болғын аман.
Апажан, мені ойлап жыламағын,
Хат жазған сізге арнап Сартай балаң».
Бүгінде Қошқарата ауылының төрінде Отан соғысы құрбандарына арналған үлкен ескерткіш бар. Онда аядай ауылдан аттанып, кіндік қаны тамған топырағына оралмаған 147 ер-азаматтың аты-жөні жазылған. Сартай атамыздың өлең-хатында есімдері аталғандардың бәрі де бақилық болып кетті. Бүгінгі ұрпақ олар үшін де қарыздар. Жеңісте олардың да үлесі бар екенін ұмытуға бола ма?..
Сартай атамыздың бұл сағыныш хатының мәтіні «Жері, суы дуалы – Жуалы» кітабынан алынды. «Тоғанай Т» баспасы, 1998 жыл. 57-60 беттер.