Basty bet

«Талпынғанның тоқпағы тасқа шеге қақтырар…»

екі бірдей спортшымыз әлемдік деңгейдегі жарыста олжа салды

Қазақ халқының маңдайына біткен дарабоз ұлы, даңқты қолбасшы, қасиетті Жуалы жерінің қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлынан кейін де осында туып-өскен рухы биік азаматтар ауданның жұлдызын биікте жарқыратып келеді. Былайғы жұртшылық біздің ауданды «Батырлардың елі, генералдардың ауылы» деп танитыны анық. Өйткені, Жуалы топырағында туып, халық батыры Бауыржан Момышұлының, осында түлеп, қияға қанат қаққан басқа да сұңқар тектес ұлдардың ерлік істеріне еліктемеу, олардың жас ұрпаққа өсиет етіп қалдырған нақыл сөздерін көкірегіне түйіп өспеу – жуалылықтарға тән қасиет емес.
Біздің ауданның халқы тек көркем табиғатымен, батырларымен, генералдарымен, ақын-жазушыларымен ғана мақтанбайды, даңқты спортшыларының да есімін ардақ тұтады. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда, байрақты бәсекелерде жуалылық спортшылар бізді жерге қаратқан емес. Бойдағы күш-жігер, намыс оты қашанда оларды қия шыңға жетелеп келе жатқаны анық.
Жақында ғана ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округінің қос бірдей ұланы әлем елдері ат қосқан аламанға қатысып, жүлдемен оралды. Атап айтсақ, 2004 жылы Бәйтерек ауылында туған Әбдінұр Нұрланбек Венгрия Республикасының Будапешт қаласында өткен Бүкіләлемдік оқушылар арасындағы жекпе-жек ойындарының чемпионы атанды. Қазіргі таңда облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білікті бапкерлерден тәлім теретін жас балуан Әбдінұр бұған дейін жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, 2018 жылы еркін күрестен кіші жасөспірімдер арасында Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізгенін мақтанышпен айтуымыз керек.
Осы орайда биік жетістікке жеткен балғын балуанның анасы Рахима Зәуірбековамен аз-кем әңгімелескен болатынбыз. – Отбасымызда төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Кіші балам Әбдінұрдың күреске келуіне үлкен ағасы Досымжан түрткі болып, көп еңбек сіңірді. Жастайынан спортқа баулыды, жаттықтырды. Үлкенім Досымжаннан бастап кейінгі ұлдарым Ұлан, Бағлан да спортқа жақын. Олар бүгінде әскери қызметте. Қазақтың ұлттық ойыны – көкпарға да қызығушылығы өте жоғары. Әбдінұр тоғыз жасынан бастап күреспен шындап айналыса бастады. 7 сыныптан бастап Тараз қаласындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. Осы күнге дейін жеткен жетістіктері, бағындырған белестері көп. Алда оны биік-биік асулар, шыңдар күтіп тұрғанын жақсы білемін. Тек шаршамай-талмай еңбектене беруі керек. Әбдінұрдан тек жарқын жеңістер мен биік жетістіктер күтемін,- дейді Рахима апай.
Әбдінұр бізге өзі туралы, алдағы арман-мақсаттары туралы айтып берді.
– Спортпен кез келген адам айналыса алмайды. Ең алдымен спортшының ішкі рухы мықты болуы керек деп білемін. Үлкен спортта тек қара күш маңызға ие емес. Керісінше айла-тәсіл, іштей дайындық спортшыға көп күш береді деп ойлаймын. Мен де бала кезімнен бастап күреспен айналысып, алдыма чемпион болсам деген арман мен мақсат қойып отырмын. Алға қойған мақсатыма ақырындап жетіп жатырмын. Өткен жылы Иранда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдені қанағат тұттым. Чемпион болуыма сәттілік пен аз ғана дайындық жетіспеді. Боз кілемде осындай қателіктерге жол бермес үшін Будапешттегі Бүкіләлемдік оқушылар арасындағы жекпе-жек ойындарына бір жыл бойы тыңғылықты дайындық жасап, чемпион атандым. Алдағы қазан айында Тайпейде өтетін Азия чемпионатына іріктеу турнирі болады деп күтілуде. Алла қаласа сол турнирде жеңіске жетсем, Азия чемпионатына қатысамын. Үлкен спортта үлкен жетістіктерге жеткен ағаларымыздың даңғыл жолын жалғастырсам деймін. Осы ретте даңқты балуан, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровты үлгі тұтамын. Балуан ағаның өзі де маған ақыл-кеңестерін айтып, үнемі көмек көрсетіп отырады,- дейді жас балуан.
Әбдінұр Нұрланбектің алғашқы жаттықтырушылары Саламат Айдаралиев пен Абай Жанысбаев болса, қазіргі таңда мектеп-интернатта білікті бапкер Руслан Сексенбаевтың қол астында жаттығады екен. Спорт шеберлігіне үміткер.
Ақтөбе ауылдық округінен қанат қаққан тағы бір жас балуанның бірі – Ғасыр Тұрғынбай. Ол еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы ел чемпионаттары мен спартакиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 2018 жылы Ресей Федерациясының Владимир қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатының, сондай-ақ Ирандағы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ғасыр Мадиярұлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерназар Қонысбаевтың қол астында жаттығып жүр.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп хакім Абай өсиет еткендей, жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков бәсі жоғары әлемдік жарыстарда олжа салған спортшылар Ғасыр Тұрғынбай мен Әбдінұр Нұрланбекті жарқын жеңістерімен құттықтап, Алғысхатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен бірге спортшыларға ауданымыздың даңқын асқақтатып, жарқын жеңістерге жете беруіне тілектестігін білдірді.

Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close