Basty bet
Тұрғындарды жер алу мәселесі алаңдатады
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен облыс көлемінде қолға алынып, ауыл тұрғындарының, сонымен қатар, жергілікті жердегі түйінді мәселелерді шешуге атсалысуды көздеген көшпелі қоғамдық бақылау тобы аптаның сейсенбі күні Ақтөбе ауылдық округіне барды. Айта кету керек, қоғамдық қабылдау тобының құрамы аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандарынан, құқық қорғау, прокуратура органдарының өкілдерінен жасақталған.
Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылындағы Т.Тастандиев атындағы орта мектептің ауласында болған қабылдауға келген тұрғындардың қарасы мол болды. Атап айтар болсақ, Жаңаталап ауылының тұрғыны Гүлшат Қалдарбекова мен отағасы ауылда біраз жылдан бері шаруашылықпен айналысып келеді екен. Егістік жеріне негізінен арпа, бидай, жоңышқа егеді. Шаруашылық жұмысын одан әрі кеңейтуді көздеген шаруашылық мүшесі Г.Қалдарбекова төмен пайызбен ауыл шаруашылығына қажетті жаңа техникалар алуға ниетті екенін жеткізді. Аталған тұрғынның сұрағына аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов жауап беріп, ол ауыл шаруашылығы саласында қолға алынып жатқан жаңа бағдарламалар, жеңілдетілген несие алудың талаптары мен шарттарын толықтай түсіндіріп берді.
Ал Бәйтерек ауылының тұрғыны Махамбетжан Исаев есімді зейнеткер азамат егін және бау-бақша дақылдарын егу үшін жер сұрай келіпті.
– 2003 жылы Өзбекстан Республикасының Сырдария облысынан отбасыммен осында қоныс аударған болатынбыз.
Бізден бөлек, басқа да бірнеше отбасы сол жақтан көшіп келді. Бұрыннан диқаншылықты кәсіп етуді үйреніп, сол арқылы отбасымызды асырап келген бізге мұнда жер керек болып отыр. Үйіміздің іргесіндегі азын-аулақ жерімізге бау-бақша егеміз. Бірақ ол аздық етуде. Мал асырайын десек, ауылда жайылымдық жер өте тар. Күндіз түні еңбек етіп, жұмыс істеуден қашпаймыз. Тек егістік жер болса болғаны. Қарап отырсаңыз, қазір негізгі күнкөріс жер мен малға тығыз байланысты болып отыр. Сол себептен де осы мәселені ертерек шешіп берулеріңізді сұраймын,- дейді Махамбетжан ақсақал.
Зейнеткердің сұрағына аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев жауап берді.
-Иә, жер алу, мал жайылымы мәселесі дәл қазіргі таңда еліміздің қай өңірінде де күн тәртібінде тұрған өзекті сұрақ болып отыр. Сіз бұл сұрақты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың біздің ауданға келген жұмыс сапары барысында да көтерген болатынсыз. Біз одан кейін іле-шала ауылдық округтің әкімімен байланысып, жеріңіздің бар-жоқтығын анықтадық. Қазір де сіздің осы сұрағыңызға байланысты жұмыс жасап жатырмыз. Бұл ауылдан жер алуға өтініш білдірген жалғыз сіз ғана емессіз. Жер алуға ниеттеніп отырған тұрғындардың қарасы жылдан-жылға артып отыр. Адамның, малдың саны көбейеді. Бұл заңды құбылыс. Ал жердің көлемі ұлғаймайды. Сол себептен жерді тиімді пайдаланатын уақыт жетті. Қазір ауыл шаруашылығы саласында ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстары жүріп жатыр. Облыс басшысының да біздің алдымызға қойып отырған жұмыстарының бірі осы болатын. Шаруашылықтар біріксе ғана нәтиже болады. Бекерге аттандай бергеннен ештеңе шықпайды. Әр мәселеге байыппен қарауымыз қажет,- деді Әбдікерім Құлтайұлы.
Қоғамдық бақылау шарасы барысында жауапты тұлғаларға Бәйтерек ауылының тұрғыны Берекет Райқұлов та мал жайылымы мәселесін айта келіпті. Ол облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бағытындағы «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасы аясында екі жарым пайызбен 2 миллион 200 мың теңге алып, оған тиісінше, төрт бас сауынды сиыр, жылқы сатып алған. Оның айтып отырған ендігі уәжі, мал жайылымы мәселесін шешіп беру. Б.Райқұловтың бұл сұрағына аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мақсат Мәтен зерделей отырып жауап берді.
Қоғамдық қабылдауға ауызсудың мәселесін айтып келген азаматтардың да болғанын айтуға тиіспіз. Мәселен, округ орталығының тұрғыны Мухая Әшірбаева, Несібелі Ходжабаеваның ауызсу туралы қойған сұрағына аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков жауап берді.
-Биыл аудан бойынша 12 елді мекенге ауызсу құбыры тартылып жатыр. Оның ішінде сіздердің аймақтан Алатау және Сұрым ауылының теміржолдың төменгі бөлігіне ауызсудың құбырлары тартылуда. Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған ауылдарына ауызсу тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Жоспарға сәйкес бұл округтің тұрғындары 2022 жылы таза ауызсуға қол жеткізетін болады,- деді Ерболат Оразбақұлы.
Одан бөлек, ауыл тұрғындары Қайболла Ерназаров жұмыс іздей келсе, Жақсылық Лесов есімді жас азамат жеке кәсіп ашудың қыр-сырын сұрауға келген екен. Аталған азаматтардың сұрақтарын тиісінше, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов зерделеп көрді.
нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»