Basty bet
Жақсы қартая білу де – өнер
Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Қайыпбековке құрмет көрсетілді
Алдыңғы толқын аға буынның ел болып ұйысуда, ел дамуы мен ұрпақ болашағының жарқын болуында сіңірген еңбектері мен атқарар қызметі қашанда маңызды. «Жақсы қартая білу де өнер» демекші, кезінде ел мен қоғам дамуына қомақты үлес қосып, жақсы қартайған азаматтар әлі де қоғам дамуына, жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына еңбек сіңіріп келеді.
Қасиетті Жуалы ауданында Кеңес Одағы тұсында туып, сол кезеңде туған өлкеге қызмет еткен азаматтар аз емес. Еңбегімен еленіп, абырой мен беделге ие болып жүрген аға буын азаматтардың қатарында Бақалы ауылының қадірменді қариясы, ардагер ұстаз Болатбек Қайыпбекұлының да есімі құрметпен аталады.
Болатбек Қайыпбеков 1941 жылы Бақалы ауылында дүниеге келген. Әкеден ерте айырылған ол анасы Тындықздың тәрбиесінде болған. Анасы қатардағы қарапайым колхозшы болған. Иә, сұрапыл соғыс жылдарында туған балалардың балалық балғын шағы да аса бір қызықты бола қойған жоқ. Сол жылдардағы тұрмыстың тауқыметі бір бөлек. Ал оқып, білім алудағы қиыншылықтар өз алдына. Болатбек те анасына қолғабыс ете жүріп, қиын жағдайда оқыды. Кейіннен Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны да жақсы үлгеріммен бітірді. Дана Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тағылымына сәйкес, кейіннен бірнеше ауыл мектебінде шәкірт тәрбиелеп, бала оқытты. Ауданның оқу-ағарту саласына елеулі еңбек сіңірген азамат емес пе? Ұстаз Болатбек Қайыпбекұлы бірқатар жылдар аудан мектептерінде директорлық қызметті де атқарды. Абыройлы болды. Сөйтіп білім саласынан зейнет демалысына шықты.
Ауылдағы ағайын-туыс арасындағы береке-бірлікті, ынтымақты арттыру аға буынға жүктелген міндет екені белгілі. 21 жыл Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, сонымен қатар, 25 жылдай Бақалы ауылының ағасы болып абыроймен қызмет еткен Болатбек Қайыпбекұлы 2018 жылы ауыл ағасы қызметін өзінің шәкірті Ермек Шымырбайұлына тапсырды. Осы жылдар ішінде аталған өңірде халықтың ынтымақ-бірлігі артып, округтке қарасты елдімекендерде, атап айтқанда, Көктөбе, Қосбөлтек, Теріс, Бақалы ауылдарында екі бірдей имандылық үйі мешіт бой көтерді. Оның бірі ретінде Теріс және Бақалы ауылдарына ортақ еңселі мешіт жақында ғана жамағаттың игілігіне пайдалануға берілді. Бұл игілікті істер әрине, жергілікті тұрғындардың имандылыққа бет бұруына ұйытқы болары түсінікті.
2001 жылдан бастап Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін мүлтіксіз атқарып, ел құрметіне бөленген Б.Қайыпбекұлы өз кезегінде Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері атақтарына ие болды.
20 жылдан аса ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Болатбек Қайыпбеков жақында денсаулығына байланысты Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінен өз өтінішімен кететінін жеткізген болатын. Осыған байланысты аптаның сейсенбі күні ауылдық округтің ардагерлер кеңесінде жиын өтіп, аудандық ардагерлер кеңесі төраға Б.Қайыпбековты құрметпен шығарып салды. Сөйтіп оның орнына жаңа төраға сайлады. Жиынға ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің мүшелері, т.б. белсенді қариялар шақырылды.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, күн тәртібімен таныстыра келе, осында аудандық ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымы жұмысының жандануына, ауылдың береке-бірлігіне ұзақ жыл елеулі еңбек сіңірген қадірлі қария Болатбек Қайыпбековтың өнегелі өмір жолына тоқталды. Ауданның білім саласының дамуына, сонымен қатар, қоғамдық қызметтегі еңбектерін атап өтіп, аудан көлемінде өзіндік орны бар ардагер қарияның қандай құрметке де лайықты азамат екенін атап өтті.
Көкбастау ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесін ұзақ жылдар басқарған Болатбек Қайыпбекұлының өзі де сөз алып, осында жергілікті тұрғындармен тіл табысып атқарған қызметтерімен қоса, өмірден көрген-түйген, сезінген жақсы ой-тұжырымдарын да ортаға салды. Сонымен қатар, ата-бабалардың сан ғасырлық салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жастарды еңбексүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталып, бұл жұмыстарды ары қарай да жалғастыра берудің қажеттілігін айтты.
Бауыржан Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренов Болатбек Қайыпбекұлына жақсы тілегін білдірсе, одан бөлек, Теріс және Қосбөлтек, Көктөбе ауылдарынан Жексенбай Мүсірепбеков, Ербол Помашев, Жапар Қасаболатов сөз сөйлеп, ардагер, қазыналы қария, ауыл-аймақтың ағасы Б.Қайыпбековке ізгі тілектерін арнады. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ауыл азаматтары Б.Қайыпбековке қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Көкбастау ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағалығына екі кандидат, атап айтқанда, Теріс ауылынан Аташбек Әмірқұл, Көктөбе ауылынан Жапар Қасаболатов ұсынылды. Ардагерлер кеңесі мүшелерінің дауыс беруінің нәтижесінде, басым дауыспен төрағалыққа Аташбек Әмірқұл сайланды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев өз сөзінде, басым дауыспен ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланған Аташбек Әмірқұлды құттықтап, жұмысына табыс тілей келе, ендігі кезекте өңір тұрғындарымен тіл табысып, ауылдық округтің әкімімен бірлесе, қоян-қолтық жұмыс жасау қажеттігін еске салды.
Айта кету керек, жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, Әкелер және Аналар алқаларыны төрағалары Әбуғали Ералиев, Айгүл Омарова сөз сөйлеп, ауылдық округте аталған қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыру қажеттігін, өңірлерде халықтың ауызбіршілігін арттыра отырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы ата-ананың қоғамдағы рөлін күшейту, ұрпақтар сабақтастығына байланысты т.б. жұмыстарды қайтадан жүйелеп, қолға алудың маңыздылығына тоқталды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»